Екі мерекенің елімізде бір мезгілде аталып өтуі кездейсоқ емес. Бұл Отан қорғаушылар ұрпақтары арасындағы ажырамас байланыс пен сабақтастықтың көрінісі десек те болады.
Батыр бабаларымыз ғасырлар бойы байтақ жерімізді найзаның ұшымен, бiлектiң күшiмен қорғап бізге қалдырған. Еліміздің ерлік шежіресінің жарқын беттерінің бірі – Ұлы Отан соғысындағы әкелеріміз бен аталарымыздың батылдығы. Біз және біздің болашақ ұрпақтары үшін олардың қайсарлығы туған елге деген қалтқысыз сүйіспеншіліктің үлгісі екені сөзсіз.
Ардагерлермен бірге Жеңіс күндерін тойлап, олардың естеліктерін тыңдап, қол алысып амандасып жатқан кездерге куә болған бақытты жанмын. Қашанда соғыс болмасын деген олардың әрдайым айтып жүрген басты тілегі әлі күнге дейін есімде. Бала болғандықтан бейбiт өмірді әлбеттегі нәрсе ретінде санап, бұл сөздерге аса мән бермеппiз. Алайда, дәл маңайымызда болып жатқан мемлекетаралық текетірес пен келіспеушілікке толы бүгінгідей күрделі кезеңде бұл тілектің мәні тіпті ерекше сезіледі.
Осы орайда, ардагерлердің сөзіне қосыла отырып, баршамызға Отанымыздың аспаны ашық болсын деп тілеймін! Ал біздің бейбітшілігіміз бен тәуелсіздігімізді қорғайтын ержүрек қорғаушыларымызға алдыңғы ұрпақтардың даңқты әскери дәстүрлерін лайықты жалғастыруға тілектеспін!
Құрметпен,
Қазақстан Республикасы
Тұңғыш Президенті
кітапханасының директоры
Бақытжан ТЕМІРБОЛАТ