ЖАС ҰРПАҚТЫ ОТАНСҮЙГІШТІККЕ БАУЛАЙТЫН КӨШПЕЛІ ЭКСКУРСИЯЛЫҚ ЖОБА

2023 жылдың 4 мамырында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде Отан қорғаушылар күні және Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне арналған «Ұлы Дала ұландары» көшпелі экскурсиялық жобасы мен көрмесінің ашылуы өтті. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Кітапханасы мен Ұлттық қорғаныс университеті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылған игі іс-шараны сенімді серіктестіктің нәтижесі деп айтуға болады.

 «Ұлы дала ұландары» атты көрмеде еліміздің батырлық институтынан бастау алған ерлік тарихы, Ұлы Отан соғысындағы батыр бабаларымыздың жауынгерлік ерлігі, тәуелсіз еліміздің айбынды әскерінің құрылуы мен даму тарихы туралы мәліметтер көрініс тапқан.

«Қазақ мемлекеттілігі тарихындағы батырлардың рөлі мен орны» атты бірінші бөлімде аты аңызға айналған қазақ батырларының тағылымды ерлігі тарихи жәдігерлер арқылы көпшілік назарына ұсынылды.

Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің қалыптасуы мен дамуы еліміздің тәуелсіздік алуымен тікелей байланысты. 

Тәуелсіздіктің бағасын таразылағанда қазақ батырлары жасаған тарихи ерліктің құнын терең қадірлеуіміз қажет. Батыр бабаларымыздың білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалған қасиетті, кең байтақ жері – бізге, бүгінгі ұрпаққа мұра болып қалған басты игілік. 

Отанды қорғаудағы батырлықтың, ерліктің нышаны ретінде әскери сауыт-сайманның міндетті бір бөлігі – қару-жарақтар. Көрме бөлімінің экспозициясы ертедегі сауыт-саймандар мен заманауи шеберлердің дайындаған қару-жарақтарының ерекшеліктері мен қасиеттерін салыстыруға мүмкіндік береді.

«Ұлы Отан соғысының батырлары» атты бөлімде Кеңес Одағының барлық халқы үшін орасан зор сын болған тауқыметті жылдардың тарихы туралы баяндалған. 

 Ұлы Отан соғысы екінші дүниежүзілік соғыс ретінде тарихқа мәңгі енді. Бұл соғыстың алғашқы күндерінен бастап қазақстандықтар барлық майданда шайқасты. 

Қазақстаннан майданға аттанған 1 миллион 200 мың жауынгердің 600 мыңы соғыстан қайтып оралмады. Отан қорғау үшін елімізден аттанған 500-ден астам жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын иеленіп, 142 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері атанды. 

Қазақстан Республикасының Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы 
Қ:К: Тоқаев 2020 жылы 6 мамырда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған құттықтау сөзінде: «Бұл мерейлі мереке қанқұйлы жауды күйрете жеңіп, туған жерін қорғап қалған әкелеріміз бен аталарымыздың өшпес ерлігін дәріптейді.

Қазақстандықтар қиын-қыстау кезеңде батырлық пен жанқиярлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Майданға аттанған 1 миллион 200 мың азаматымыздың жартысы елге оралған жоқ. 

Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Леонид Беда, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Иван Павлов, Бауыржан Момышұлы, Сағадат Нұрмағамбетов, Мәлік Ғабдуллин, Хиуаз Доспанова, Рақымжан Қошқарбаев және басқа даңқты батырларымыздың есімдері мәңгі есте сақталады. 

Біз ержүрек аға буынның алдында мәңгі қарыздармыз. Олардың қайсарлығы мен төзімділігінің, табандылығы мен  патриоттығының арқасында бейбіт заманда өмір сүріп, жарқын болашағымызға жол аштық. 

Ардагерлерімізге мықты денсаулық және бақ-береке тілеймін! Елімізде әрдайым бейбітшілік пен тыныштық болсын!» деп, соғыс және еңбек майданы ардагерлеріне ақжарма тілегін арнаған болатын. 

Егеменді елдің қауіпсіздігін, саяси-аумақтық мүдделерін қамтамасыз ететін Қарулы күштер мемлекет тәуелсіздігінің аса маңызды факторларының бірі болып табылады. 

Қазақстан тәуелсіздік жылдарында әрдайым еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға, заманауи және кәсіби армия кұруға ерекше көңіл бөлді және бүгінгі уақытта да басты назар аударуда. 

«Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері» атты бөлімде еліміздің Қарулы күштерінің қалыптасу, даму жолы тарихи құжаттар, мазмұнды мәліметтер арқылы ашып көрсетілген. Қазақстан Республикасының әскери білім беру жүйесіне арналған арнайы бөлімде де маңызды әрі құнды ақпараттар ұсынылған.

Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштері отыз жылдан астам уақыт ішінде үлкен еңбектің нәтижесінде заманауи жабдықталған, оңтайлы, әлеуетті армияға айналды

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері жауынгерлік даярлықтың жоғары қарқынды деңгейімен, сапалы жұмылдыру резервімен, ұлттық әскери оқу орындары жүйесімен және қажетті материалдық-техникалық қамтамасыз етілуімен ерекшеленеді.

Бүгінде Қарулы Күштеріміз үш түрлі құрылымнан тұрады. Олар: Құрлықтағы әскер, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-теңіз күштері.

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев 2021 жылы 7 мамырда Отан қорғаушылар күніне арнаған құттықтау сөзінде: «Қазақстан жер жүзіне қашанда бейбітшілікті жақтайтын және жауапкершілігі жоғары мемлекет ретінде танымал. Сондай-ақ, экономикалық, гуманитарлық мүмкіндіктері ғана емес, әскери әлеуеті де мықты елге айналдық.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың орасан еңбегінің арқасында заманауи қару-жарақпен және жаңа техникамен жабдықталған қуатты армия жасақталды. Қарулы Күштеріміздің барлық құрылымында қызмет ететін сарбаздар мен сардарлардың жауынгерлік рухы, отаншылдығы, әскери дайындығы және кәсіби машығы еліміздің қорғаныс қабілетінің жоғары болуын қамтамасыз етеді.

Мемлекет туған жері үшін аянбай еңбек етіп, әскери қызметке бүкіл ғұмырын арнаған отансүйгіш перзенттерін жан-жақты қолдауға айрықша мән береді. Біздің міндетіміз – жаңа геосаяси ахуалға сай еліміздің қорғаныс қабілетін одан әрі нығайта түсу.

Армия – мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі, Тәуелсіздігіміздің кепілі. Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне халқымыздың қауіпсіздігі мен бейбіт өмірі жолындағы мінсіз қызметі үшін ризашылығымды білдіремін» деп, айбынды әскерімізге айқындама берген болатын.

Дәстүрге айналған көшпелі жоба аясында Ұлттық қорғаныс университетінің магистранттары үшін тақырыптық экскурсиялар өткізілді. «Қару-жарақ әлемі. Кольттан Калашниковқа дейін» атты экскурсия барысында магистранттар адамзат тарихындағы ежелгі дәстүр – қару сыйлау дәстүрімен, белгілі және заманауи қару-жарақ шеберлерінің туындыларымен етене танысты, ал «Знаки высокого признания» атты экскурсия барысында Кітапхана музейі қорындағы Тұңғыш Президентке табыс етілген шетелдік марапаттар және Қазақстанның мемлекеттік наградаларының тарихын терең зерделеуге мүмкіндік жасалды.

«Ұлы дала ұландары» атты көрмеден еліміздің ерлікке толы өткен жолы, Қарулы күштердің тарихы, батыр бабаларымыздың тағылымды өмірлерінен мол мәлімет беретін ақпараттар, жәдігерлер туралы толымды мағлұматтар алуға болады. 

Қорыта келе, даңқты батыр бабаларымыздың ерліктерін өнеге етіп, әлеуетті әскеріміздің тарихын баяндай отырып жас ұрпақты отансүйгіштікке  баулуға бағытталған игі іс-шара өз үдесінен шықты деп толық сеніммен айтуға болады.

 

Экспозицияларды және көрмелерді ұйымдастыру

қызметінің жетекші сарапшысы

 Л.Ә. Омарова