2011 жылдың 28 ақпанында ҚР Тұңғыш Президент Музейінде «Мәдениеттер арқылы үнқатысу» халықаралық жобасының аясында Қазақстандағы Венгрия елшілігімен бірге ұйымдастырған «Венгерлік рапсодия» музыкалық кеші өткізілді. Музыкалық кеш Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған мерекелік шаралардың бірі болды.
Музыкалық кештің салтанатты ашылуында құттықтау сөз: Қазақстан Республикасындағы Венгрия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Имре Ласлоцки, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент Музейінің директоры А.Сағынғалиға берілді.
Бұл – Еуродақтағы Венгрияның төрағалығына және Ференц Листің 200 жылдық мерейтойын мерекелеуге арналған Астананың мәдени өміріндегі тұңғыш және дара музыкалық оқиға. Кеш қонақтары венгерлік музыканың көптеген жүзжылдықтар бойы ұлы еуропалық мәдениеттің ажырамас бөлшегі екендігіне көз жеткізуге тамаша мүмкіндіктер алды.
Концерт Ф.Листің фортепианалық шығармалары белгілі венгерлік пианиношы, маэстро Дёрдь Оравецтің (Будапештік симфониялық оркестр) орындауында тыңдалды. Сонымен қатар, қонақтардың назарларына Ф.Листің шығармашылық биографиясы және Венгрия мәдениеті мен тарихы туралы баяндайтын ақпараттық стендтер көрмесі ұсынылды.
|
|
|
|