«Ұлы дала тарландары» ақпараттық жобасы аясында Елбасы кітапханасының сайтында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» ұлттық жобасының финалистері туралы жиі жарияланып тұрады.
Екатерина Вибе – «Экология» номинациясының 2021 жылғы жеңімпазы, жас ғалым, орманпатологы, Ә.Н. Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институтының бөлім менгерушісі.
Екатерина Щучье-Бурабай курорттық аймағының ең үлкен елдімекені– Щучье қаласында туып өседі. 2001 жылы сол жерде Экология және орман шаруашылығы колледжіне оқуға түседі.
«Шынымды айтсам, болашағы жарқын мамандықты таңдамадым. Алайда біздің облыста орманшыларға сұраныс әрдайым жоғары. Олардың жалақысы аз, мансаптық биікт деген жоқ. Ал жұмысы өте көп. Жаз кезінде демалыс пен мереке күндері жұмыс қызады. Мұның бәрі маған бұл мамандықты таңдауыма кедергі болған жоқ. Өйткені, мен жаным қалайтын мамандықты таңдадым. Бұл үшін ешқашан өкінген емеспін», – дейді Екатерина.
Колледжді тәмамдағаннан соң бойжеткен Көкшетау орман селекциясы орталығында жұмыс істеп, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне түседі. Екатерина жоғары білім алып, экология мамандығын меңгергеннен кейін Ә.Н. Бөкейхан атындағы қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институтына келіп, бүгінге дейін сол жерде қызмет етеді.
«ҒЗИ ұжымына қосылып, мен мұнда орман ғылымын дамыту жолында қызмет етіп жүрген майталман мамандардың ортасына түскенімді бірден сездім.
Орман шаруашылығы институты – осы саладағы іргелі және қолданбалы зерттеулерді жүзеге асыратын Қазақстандағы жетекші ғылыми-зерттеу институты болып саналды. Ол орман экожүйелерін сақтау және орман ресурстарын көбейту мақсатында орманды қорғау және биоалуантүрлілікті сақтауды көздейді. Білім ордасында жүріп мен орман шаруашылығы ғылымының бастауында тұрған, оның дамуына елеулі үлес қосқан адамдармен жұмыс істеу бақытына ие болдым. Ғылыми ортаға келіп оның үнемі өзін-өзі дамытуға мүмкіндік беретінін, ғалымдар жұмысының маңызды ғана емес, өте қызықты екенін түсіндім», – деп ой бөлісті ол.
Е.Вибе жұмыстан қол үзбей, Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінің магистратурасын, одан кейін Орал мемлекеттік университетінің аспирантурасын тәмамдады. 2018 жылдың мамыр айында ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаттығын қорғаса, бір жылдан кейін «Орман ресурстары және орманшылық» мамандығы бойынша PhD докторы атанды.
Екатерина ормандарды зиянкестер мен аурулардан қорғау және төзімділігін арттыру үшін қолданылатын әдістер мен технологияларды зерттеумен әрі әзірлеумен айналысады. Ол еліміздің орман шаруашылығы үшін маңызды бірқатар жобаларды жүзеге асыруға атсалысады. Жетекшісі Ольга Телегинамен Солтүстік Қазақстанның қарағайлы және қайыңды ормандарды зиянкестерден қорғау бойынша жұмыс істеп, сондай-ақ қарағай екпелерінің аурулардан төзімділігін сақтау ұсыныстарын әзірлеуге қатысады. Шығыс Қазақстанда самырсынның шірік және қатерлі ісік ауруларының таралуы мен экологиялық ерекшеліктерін зерттейді. Нұр-Сұлтан қаласының жасыл белдеу екпелеріне орман патологиялық зерттеулер жүргізді. Бүгінде ол Азия орман шаруашылығы ынтымақтастығы ұйымымен халықаралық жобаның қатысушысы. Жоба сексеуіл формаларының жәндік-галлотүзушілер төзімділігіне зерттеу ғылыми жұмыстарын жүргізуге бағытталған. Ғалымның айтуынша, зерттеу жұмыстары орманды қорғау, селекция, генетика, өсімдіктердің физиологиясы мен биохимиясы сынды бірнеше тақырыпты қамтиды.
Екатерина еліміздің ормандарын сақтау мәселелерін шешуге қатысып қана қоймай, осы мәселені республикалық деңгейде көтеріп, оған мемлекеттің, қоғамның, волонтерлердің назарын аудара білді.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жеңімпазы жаңа жобаға қатысу ол үшін өте қызықты тәжірибе болғанын атап өтті. Соның арқасында ол қоғамның назарын орман ғылымына аударып қана қоймай, жастарға кез келген салада жетістікке жетуге болатындығын дәлелдей білді. Бастысы – өзіңе және кәсібіңе сену.
«Мен өзімді көпке үлгі болдым дей алмаймын. Өйткені әріптестерімнің арасында жетістіктері, патенттері, халықаралық деңгейдегі басылымдары бар ғалымдар баршылық. Олардың барлығы осындай жолмен жүріп, тамаша нәтижелерге қол жеткізді. Ал жас ғалымдар үшін қайда да жол ашық: жетекші әлемдік ғылыми-зерттеу институттарында тағылымдамадан өтуге, халықаралық жобаларда жұмыс істеуге, іргелі және қолданбалы зерттеулерге гранттық қаржыландыру алуға мүмкіндік мол. Қазақстандық жастарға болашаққа сеніммен қарап, шешім қабылдаудан тайсалмай, қиындықтарға мойынсұнбай, үздіксіз дамуға ұмтылуын тілеймін! Өйткені әр адам бағындырған белес, оның жеке басының ғана емес, бүкіл мемлекеттің жетістігі болмақ», – дейді Екатерина Вибе.
Фотогалерея