ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КІТАПХАНАСЫНДА МУЗЕЙ САБАҚТАРЫ ӨТТІ.

23 мамырда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің кітапханасында елордалық № 27 мектеп-лицейі мен Тамим бен Хамад Әл-Тани атындағы № 85 мектеп-лицейінің жетінші сынып оқушыларына арналған «Батырлық институты: дәстүрлер, мәртебе және қару-жарақ» тақырыбында музей сабақтары өтті.

«Жәдігерлер сөйлейді» циклінің сабақтары кітапхана қорларынан қару-жарақ пен әскери техниканың бірегей коллекциясы қойылған «Даңқ галереясы» залында өткізілді.

Сабақтың бірінші бөлімі қару беру дәстүрінің тарихы мен ерекшеліктеріне арналды.

«Қару-жарақ беру дипломатиялық этикетке еніп, бүгінгі күнге дейін сақталып келеді. Қару түріндегі сыйлық, ең алдымен, дарынды адамның ержүректілігі мен көшбасшылық қасиеттерін мойындау болып табылады, сондықтан қару әрқашан мемлекеттің бірінші тұлғаларына ұсынылды», – деп атап өтті дәріскер.

Сонымен қатар мектеп оқушылары «батырлық институты» және «бес қару» – қазақ жауынгер-батырының әскери қарудың бес міндетті түрінен тұратын жабдығы ұғымдарымен танысты.

Балалар музей жәдігерлерін жақыннан қарап қана қоймай, экспозицияларда ұсынылған қару-жарақ коллекциясындағы бірегей артефактілерді өз қолдарымен ұстап көру мүмкіндігіне ие болды.