22 қарашада Елбасы кітапханасының музейінде Тұңғыш Президент күніне арналған іс-шаралар онкүндігінің аясында «Елбасының өмірбаяны және жасампаз идеялары» тақырыбында Нұрсұлтан қаласы оқушыларының ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Елбасы кітапханасы елорда оқушыларының арасында мұндай конференцияларды ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған.
Музей қызметкерлерінің қолдауымен елордалық бес мектептің қатысушылары Елбасы өмірбаяны бойынша ғылыми зерттеулердің нәтижелерін дәстүрлі емес форматта ұсынды. Қазақстанның жаңа тарихының ең жарқын беттері осы жобаларда көрініс тапты. Өскелең ұрпақ ұлттық тарихты білуі әрі бағалауы тиіс. Осы ретте жастарға патриоттық тәрбие беру – бұл бүкіл қоғамның: ата-аналардың, мұғалімдердің және мәдени-ағартушылық бағытындағы мекемелердің алдыңғы кезектегі міндеттерінің бірі екенін естен шығармаған жөн.
Кітапхана директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова Елбасы кітапханасының ұйымдастырушылары мен бұрыннан бергі серіктестері – Нұр-Сұлтан қаласындағы Білім басқармасына, елордалық № 8, № 40, № 56, № 58, № 80 мектептерінің директорлары мен педагогикалық ұжымына көп жылдық және жемісті ынтымақтастығы үшін алғысын білдірді.
«Көптен күткен қуаныш», «Мектеп жылдары», «Еңбегі ерен Елбасы», «Кемеңгеліктің 30 жылы», «Рухани жаңғыру жасампаздықтың негізі», «Елбасы – Мәңгілік Ел көшбасшысы» тақырыбындағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің өмірбаяны мен еңбек жолы бойынша зерттеу жұмыстарын оқушылар театрланған көріністер түрінде көрсетті.
Іс-шара барлық қатысушылардың қызығушылығын оятып, ерекше әсер қалдырды.
–Бүгінгі іс-шараны маңызды әрі өзекті болды деп есептеймін. Тура 1 желтоқсанда еліміздің одан әрі саяси және экономикалық дамуын айқындайтын егеменді Қазақстан тарихындағы алғашқы сайлау өтті. Біздің халқымыз дұрыс таңдау жасады. Мемлекет басшысы болып халқына жан-жүрегімен жаны ашитын көшбасшы сайланды. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жетістіктері – Елбасының халқымыздың игілігі жолындағы қажырлы еңбегінің нәтижесі. Біздің балалар Тәуелсіздіктің іргетасы қандай жағдайда қалыптасқанын біліп, есте сақтауы тиіс, - деді № 56 МЛ директоры Жұмағазы Алпышев.
Жаннұр Ескермеш, № 8 ОМ 9 сынып оқушысы:
– Бүгінгі жобамызды ұсынар алдында біз ұзақ дайындалдық, көп қосымша материал таптық. Әрине, әрбір қазақстандық Елбасының қызметі туралы біліп қана қоймай, оның бастамаларының нәтижелерін көре алады. Біз Тұңғыш Президент тек әлемдік деңгейдегі көшбасшы ғана емес, сонымен қатар жаны жайсаң жан мен нағыз патриот екеніне тағы да көз жеткіздік.
Мадияр Дүйсен, № 56 МЛ 5 сынып оқушысы:
– Мұндай іс-шаралар жыл сайын өткізілуі тиіс деп есептеймін. Біз көшбасшымыздың идеялары мен жетістіктері туралы тың әрі жаңа мағлұмат аламыз. Ол ұшқыш болуды армандады, бірақ оның биік арманы бүкіл елдің президенті етті. Оның арқасында біздің мемлекетіміз өркендеп, биік белестерге ұмтылуда.