ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛАДЫ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы Нұр-Сұлтан қаласындағы Білім беруді жаңғырту орталығымен бірлесіп, жалпы білім беретін астаналық 14 мектептің оқушылары мен мұғалімдеріне арналған «Елімнің еркіндігі – тәуелсіздік» іс-шарасын өткізді. Шара жылдың негізгі мерекесі – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру мен дамытуға бағытталған шара №63 мектеп-гимназиясында өтті.
«Елімнің еркіндігі – тәуелсіздік» тарихи оқиғалар фестивалінің негізіне Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы алынды. Қатысушылар Тұңғыш Президенттің мақаласында белгіленген тарихи оқиғаларды сахналады.
Шара соңында мерекелік шараны ұйымдастыруға және өткізуге атсалысқан барлық ұстаздар мен мектеп оқушыларына Елбасы кітапханасының алғыс хаттары мен естелік сыйлықтары табысталды.
Мереке қарсаңында Елбасы кітапханасының Әлеуметтік-гуманитарлық және білім беру жобалары қызметінің мамандар №44 «Үркер» балабақшасы дайындық тобының тәрбиеленушілеріне «Тұғыры биік Тәуелсіздік!» сабағын өткізді. 
Сабақ барысында балаларға тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан жетістіктерінен сыр шертетін слайдтар көрсетіліп, еліміздің тарихы, мемлекеттік рәміздері туралы деректер берілді. Сондай-ақ балалардың шығармашылық қабілеті мен қарым-қатынас құру дағдысын дамытуға бағытталған ойындар да өткізілді.
Өз кезегінде балабақша тәрбиеленушілері «Шашу», «Ту» би нөмірлері мен «Тәуелсіз ел ұланы», «Отан» әндерін орындап, тақпақтар оқыды.
«Үркер» балабақшасының ұжымы тақырыптық іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан Елбасы кітапханасының ұжымына алғысын білдірді.