8 қазан күні Елбасы кітапханасының музейінде «Орталық Азия елдерінің сауда-экономикалық байланыстарын дамыту» атты дөңгелек үстел өтті. Тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл басқосуға Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінің сарапшылары онлайн арқылы қатысып, өзара пікір алмасты.
Елбасы кітапханасы Халықаралық байланыстар қызметінің басшысы Ерлан Өскенбаев модераторлық еткен жиынға көршілес елдердің өкілдері, атап айтсақ, «Орталық Евразияның шекарааралық зерттеу желісі» сараптамалық орталығының басшысы Денис Бердаков (Қырғызстан), Экономика және аймақтық қатынастар жөніндегі сарапшы Нургуль Акимова (Қырғызстан), CABAR.asia сараптамалық материалдардың редакторы Эрмек Байсалов (Қырғызстан), Татарстан Республикасы Кәсіпкерлік және ақпараттық технологиялар институтының бухгалтерлік есеп факультетінің деканы Уктам Джумаев (Тәжікстан), Тәжікстандағы Соғыс және Бейбітшілік туралы Институт Өкілдігінің редакторы (IWPR), бағдарлама менеджері Лола Олимова, Center for Economic Development директоры Юлий Юсупов (Өзбекстан), сонымен қатар қазақстандық Еуразиялық интеграция институты директорының орынбасары Дарханбек Жандильдин, Елбасы Қорының жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының жетекші сарапшысы Жұмабек Сарабеков, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Жасұланбек Майлыбай, тәуелсіз саясаттанушы Мұрат Абулғазин, Еуразиялық халықаралық зерттеулер қауымдастығының атқарушы директоры Қайрат Батырбаев және Елбасы кітапханасы Халықаралық байланыстар қызметінің қызметкерлері қатысты.
Жиын барысында тараптар Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттерінің өкілдерінің онлайн трансляция арқылы жасаған баяндамасын тыңдап, көкейкесті сауалдарына жауап алды. Тараптар тікелей байланыс орнатып, Орталық Азия елдерінде сауда-экономикалық байланыстарды өркендету жөнінде өз ойларын ортаға салды.
Өзбекстан өкілі Юлий Юсупов өз сөзінде былай деді: «Өзбекстан әрі қарай да шекарасын ашып, шет елдермен, оның ішінде Орта Азия елдерімен экономикалық байланыс орнататын болады. Осылайша, Орта Азиялық елдермен ынтымақтастықты арттырып, байланысты бекіту – экономикалық өркендеудің бірден-бір көрінісі деп ойлаймын».
– Бүгін біз өз тарапымыздан ортақ аймағымыздың – Орталық Азияның дамуына өз үлесімізді қосуға тырыстық. Мойындау керек, Орта Азия мемлекеттерінде де, елдеріміздің мемлекетаралық қатынастарында да түйіні шешілмеген мәселелер бар. Біз барлық тараптардың ашық және сындарлы диалогқа дайын екенін көрдік, ал мұндай диалог алаңдарын ұйымдастырудың пайдасы орасан зор. Біздің ортақ сараптамалық жұмысымыз болашақ кездесулерді ұйымдастыруда жақсы қолдау болады деп сенеміз,- деп қорытындылады модератор Е.Өскенбаев.
Аталған іс-шара 2018 жылдың қыркүйегінде Елбасы кітапханасы мен Ортаазиялық талдамалық журналистика бюросы (CABAR.asia) арасында қабылданған ынтымақтастық туралы меморандумға сәйкес өткізілді.