Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент кітапханасы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Esil University мен Менеджмент және бизнес колледжі студенттерінің Астанадағы «Халықаралық ақыл-ой-ағарту орталығы» (IMEI) филиалының директоры, профессор Со Зин Ук мырзамен кездесуін ұйымдастырды.
«Келешек ұлт: қазіргі әлемдегі әлеуметтік мәселелерді шешу» атты майнд-дәрісі ҚР Тұңғыш Президент кітапханасы мен Оңтүстік Кореяның халықаралық зияткерлікті дамыту институты арасында жасалған өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум аясында өткізілді.
Кездесуді ашқан Кітапхана директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова қазіргі заманғы сын-қатерлерге байланысты дағдарыстық жағдайлардың жағымсыз салдарын еңсеруде ақыл-ой дағдыларын дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Дәріс барысында профессор Со Зин Ук қазіргі жастардың тән денсаулығы мен дене бітіміне көп көңіл бөліп, өздерінің зияттық мен эмоционалдық денсаулығына назар аудармайтындығын айтты. Сонымен қатар, дәріскер аудиторияның назарын коммуникативті дағдылардың қаншалықты маңызды екендігіне, сезімтал тыңдау қабілетіне және сұхбаттасушыға жанашырлық танытуға – «басқа адамдармен жан күйімен алмасу» қабілетіне аударды.
«Секвойя сияқты ерекше ағаштың өсу стратегиясы қызықты. Оның тамырлары қысқа әрі тереңге жайылмайды, бірақ олар басқа ағаштардың тамырларына байланып алады. Осылайша, олар желге және басқа да қолайсыз факторларға мызғымай қарсы тұра алады. Сондықтан бірігіп, бір-бірін қолдай білу, қамқорлық көрсету және жанқиярлыққа бара алу – дамыған тұлғаның қасиеттері», - деп атап өтті профессор.
Студенттер қонаққа өмірге деген құлшынысты арттыратын қызықты кездесу үшін алғыс білдірді. Содан соң оларға Тұңғыш Президент кітапханасының мұражайы бойынша экскурсия өткізілді.