Бүгін, 2019 жылғы 16 сәуірде Елбасы кітапханасында студенттердің, магистранттар мен жас ғалымдардың «ЛОМОНОСОВ–2019» атты XV халықаралық ғылыми конференциясы жұмысын бастады. Іс-шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде жариялаған Еуразиялық одақ құру идеясының 25 жылдығына орайластырылған.

Конференцияның ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы.

Конференцияны ашқан Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов 25 жыл бұрын Мәскеу мемлекеттік университетінің беделді мінберінен ресей ғылыми қоғамдастығының шынайы элитасы алдында Н.Ә.Назарбаев алғаш рет еуразиялық интеграция идеясын жариялағанын атап өтті.
«Елбасы Еуразиялық одаққа бірігу қажеттігін мәлімдеді және Достастықтың зиялы элитасын көпқырлы ынтымақтастыққа тың серпін беруге шақырды. Ол 1994 жылғы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде былай айтқан еді: «Мен ТМД-ның уақыттың объективті талаптарына жауап бермейтінін және мүше мемлекеттердің біздің халықтарымыз аса мұқтаж болып отырған интеграциясын қамтамасыз ете алмайтынын ашық айттым. Сондықтан неғұрлым нақты принциптерде іс-қимылдар жасайтын жаңа мемлекетаралық бірлестік құру қажеттігі пісіп-жетілді». Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың осы дәйексөздерін Елбасы кітапханасының директоры Ә.Рахымжанов келтірді.

«Ломоносов – 2019» атты студенттердің, магистранттардың және жас ғалымдардың халықаралық ғылыми конференциясы Мәскеу мемлекеттік университеті өткізетін «Ломоносов – 2019» халықаралық жастар ғылыми форумының құрамдас бөлімі болып табылады. Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалы 2005 жылдан бастап Қазақстанда Ломоносов оқуларын өткізуге арналған жаңа ірі алаңға айналды.
Конференция қатысушыларына құттықтау сөзін М.В. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалының директоры, ММУ еңбегі сіңген профессоры, Ресей Федерациясы білім саласының құрметті қызметкері, Қазақстан Республикасы білім саласының құрметті қызметкері Александр Сидорович арнады.
«Ломоносов» конференциясының қатысушылары Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан мен Еуразиялық одақтың дамуының күрделі және жауапты міндеттерін шешуге жеке үлесін қосуға ұмтылады. Конференция біздің студенттерді жаңа зерттеулерге, әлемдік ғылым мен білімнің жетістіктерін игеруге, отандық ғылымның дәстүрлерін нығайтуға ынталандырады. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалы Қазақстанның дамуының маңызды кезеңінде құрылды. Ол беделді және серпінді дамып келе жатқан Қазақстан астанасынан екі жасқа кіші. Ресей мен Қазақстан халықтарының достығын нығайту идеясы конференция баяндамаларының басым көпшілігінде айқын байқалады, бұл – өте маңызды!».

Құрметті қонақтар арасында қоғам және мемлекет қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының, ҚР Президентінің Бейбітшілік және рухани татулық сыйлығының, Ш.Уәлиханов атындағы алғашқы сыйлықтың, «Древо жизни», «Звезды содружества» халықаралық сыйлықтарының лауреаты Жабайхан Әбділдин де болды. Тәуелсіздігіміздің қалыптасу жылдарында болған оқиғалардың тікелей куәгері Ж.Әбділдин жас мемлекет пен оның басшысының Кеңес одағы тарағаннан кейінгі күрделі мәселелерді шешуге бағытталған алғашқы батыл шешімдері туралы естеліктерімен бөлісті.

«Ел тұйыққа тірелгендіктен онан шығу жолын табу керек еді. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің тәуелсіздгін сақтау үшін, әрі экономикалық тиімді байланыс түрін табу үшін өз идеясын ұсынды. Ол идея әу бастан бірауыздан қолдауға ие болды деп ойлап қалмаңыздар. Біздің көптеген көршілеріміз бұл идея тәуелсіз мемлекеттердің егемендігі үшін қауіпті деп тікелей жауап берді. Алайда, өмір олардың қателескенін дәлелдеді. 27 жыл бойы тәуелсіз елде өмір сүрудеміз, әрбір ел дербес дамуда, яғни Назарбаевтың идеясы посткеңестік кеңістікке қажет, өміршең идея болып шықты», - деп, Ж.Әбділдин атап өтті.
«Ломоносов – 2019» атты халықаралық ғылыми конференция Ресей мен Қазақстан университеттерінің шәкірттерін және басқаларды Одақты құру, оның даму мәселелерін, сондай-ақ филологиядан қолданбалы математикаға дейінгі түрлі ғылым салаларындағы ғылыми проблемалаларды талқылауға мүмкіндік береді.
Түстен кейін конференция жұмысы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде төмендегідей секциялар бойынша жалғасты:
«Еуразиялық идея: тарихы және заманауилық»;
«Еуразиялық интеграцияның экономикалық мәселелері»;
«Орыс тілі мен әдебиеті заманауи еуразиялық әлемде»;
«Қазақ филологиясы мен лингводидактикасы еуразиялық интеграция тұрғысынан»;
«Көптілді білім еуразиялық мәнмәтінде: дамудың жаңа парадигмалары»;
«Өңірлік экологиялық проблемалар: заманауи әдістер мен тәсілдер»;
«Математиканың қазіргі мәселелері»;
«Математикалық модельдеу және ақпараттық технологиялар».
Аталған секциялар жұмысына М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессорлары мен оқытушылары және аталған жоғарғы оқу орнының Қазақстан фелиалының кафедра меңгерушілері, профессорлары, доценттері және оқытушылары қатысты.