Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті кітапханасында Астана қ. Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубымен бірлесіп ұйымдастырылған «Қызыл кітап балалар көзімен» атты республикалық балалар мен жасөспірімдердің экологиялық сурет байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі және көрмесі өтті.
Көрме Дүниежүзілік қызыл кітап күнінмерекелеуге орайластырылған. Іс-шараның мақсаты - өскелең ұрпақтың табиғатқа жауапкершілікпен және мейірімді қарым-қатынасын қалыптастыру, заманауи экологиялық мәселелерді түсінуге, Қазақстанның қызыл кітабын зерделеуге баулу.
Тұңғыш Президент кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат өзінің құттықтау сөзінде қазіргі уақытта қоғамда қоршаған ортамен үйлесімді дамуымыздың қажеттілігін түсінуге негізделген экологиялық сана құндылықтарын тәрбиелеу бұрынғыдан да маңызды екенін атап өтті: «Табиғатқа ұқыпты қараудың маңыздылығын өскелең ұрпақтың жан-жақты сезінуі қуантады. Бүгінгі көрме соның айғағы. Онда ұсынылған жарқын, талантты өнер туындылары жастардың осынау өзекті тақырыпқа қаншалықты терең бойлағанын көрсетеді».
Өз кезегінде Астана қ. Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубымен директоры Исенова Гүлзия финалистерді құттықтап, іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдіре отырып, қазіргі замандағы экология тақырыбының өзектілігін айқындайтын биылғы байқаудың өте мазмұнды болғанын, оған көптеген жұмыстардың келгенін атап өтті.
Байқауға Қазақстанның түрлі өңірлерінен көркемдік бағыттағы қосымша білім беру ұйымдары қатысты. Қатысушылардың жасы 6-дан 18 жасқа дейін. Байқаудың негізгі тақырыптары: «Мәңгілік жауапкершілік» (ҚР флорасы мен фаунасының жойылып бара жатқан түрлері) және «Біздің көңіліміз бен қамқорлығымыз» (болашақта оларды қызыл кітапқа енгізу мақсатында тұрақты мониторингті, бақылауды қажет ететін флора мен фаунаның түрлері).
Жұмыстарды ҚР суретшілер Одағының мүшелері, өнер қайраткерлері және ҚР еңбек сіңірген суретшілері қатарынан құзыретті қазылар алқасы бағалады.
«Қызыл кітап балалар көзімен» республикалық сурет байқауының Гран-приі Астана (Каминская Карина) және Өскемен (Валерия Каверзина) қалаларының қатысушыларына бұйырды.
Вернисажда іріктелген ең жақсы 50 жұмыс ұсынылды.
Көрме 2023 жылдың 28 наурызына дейін жұмыс істейді.