Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік Күні халқына арнаған «Тәуелсіздік толғауы» қазақстандықтарға қайрат-жігер берді. Н.Ә. Назарбаевтың сарқылмас идеяларына және бастамаларына толы толғауды қолдау мақсатымен Елбасының Кітапханасы Қазақстан бойынша тұңғыш рет алқалы жиын ұйымдастырды.
Осыған орай 22 желтоқсанда Елбасы Кітапханасының бастамасымен «Тәуелсіздік толғауы – жарқын болашақтың толғауы» тақырыбында Қазақстандағы іргелі жоғары оқу орны – «Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінде» онлайн түрінде конференция өткізілді. Онлайн-конференция – заманауи технологиялық жетістіктерді қолдану арқылы алып кеңістікте дистанттық санатта мол аудиторияны қамту және мақсатты ақпараттар тасқынын тиімді жеткізудің инновациялық тәсілі болып табылады.
Шараға Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті, Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты қолдау білдірді.
Конференцияның мақсаты Елбасының жасампаздық саясатына, идеялары мен бастамаларына жан-жақты тиімді қоғамдық қолдау көрсету және кең аудиторияға жеткізу. Сондай-ақ, Тәуелсіздік құндылықтары мен «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясатты насихаттау, ұстаздар қауымын идеологиялық жұмысқа тарту, насихаттаудың жаңа тәсілдері мен ұйымдастыру жұмыстарын қалыптастыруға дағдыландыру, қоғамды Елбасы Кітапханасының мақсат-міндеттерімен таныстыру.
Қазақстандықтар онлайн-конференцияны Елбасы Кітапханасының WWW.PRESIDENTLIBRARY.KZ сайтының интернет-телевидениесі арқылы көріп, сауалдарын қойды.
«Тәуелсіздік толғауы – жарқын болашақ толғауы» онлайн-конференциясына он мыңнан астам мұғалім қатысты. Жиын соңында Елбасының «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатына деген қолдау-хат қабылдады.