Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев өзінің сайлауалды сөзінде атап өткендей «Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанда әділеттілік орнату. Ол үшін өткеннен сабақ алып, өткеннің қателігін түзетіп, қордаланған мәселелерді шешу керек». Ел өзара байланысты үш қағидатқа негізделетін жаңа мемлекеттік саясатқа көшеді: ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ – ӘДІЛЕТТІ ЭКОНОМИКА – ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМ.
Бағдарламаға сәйкес «әділ мемлекет» қағидаты «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына сүйене отырып, саяси жаңғыртуды жалғастыруды көздейді. Осыған байланысты Үкіметтің, әкімдіктердің, соттардың, прокуратура мен полицияның іс-әрекеттері азаматтардың әл-ауқаты мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі міндетін шешуге бағытталатын болады.
«Әділетті Қазақстан, ең алдымен, адал сот төрелігін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді күресті және құқық қорғау органдарының тиімді жұмысын білдіреді. Осы салалардағы реформалар құқықтың шынайы үстемдігін қамтамасыз етеді, барлық азаматтың құқығы сақталуына кепілдік береді», – делінген бағдарламада.
Мемлекет әлеуметтік-экономикалық реформалар үшін қажетті қоғамдық қауіпсіздіктің негізі ретінде заң мен тәртіпті қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, еліміздің егемендігін, аумақтық тұтастығын және ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге маңызды рөл берілген.
Сайлауалды бағдарламаға сәйкес, алдағы жеті жылдағы мемлекеттің маңызды міндеті әскерді жаңғырту болмақ. Әскеріміз заманауи қару-жарақпен қамтамасыз етіледі, әскери білім беру жүйесі, әскери басқару әдістемесі жетілдіріледі және жемісті халықаралық өзара іс-қимыл жолға қойылады.
Сайлауалды бағдарламада Қазақстан Республикасының Президенті
Қ.К.Тоқаев олигополиямен күреске ерекше мән берді: «Қазақстандағы олигополиялық капитализм әлеуметтік теңсіздік пен ішкі нарықтың теңгерімсіздігін тудырды. Компаниялардың кейбірі тіпті ауыр дағдарыста да көп табыс тапты. Монополистер қызметін адал атқармай, азаматтардың нақты табысының өсуіне кедергі келтіріп, оларға «кедейлік қамытын» кигізді және орта таптың нығаюына жол бермеді. Біз экономиканың даму моделін түбегейлі өзгертеміз. Экономика монополиясызданады, ал мемлекет бизнес саласына араласуын айтарлықтай азайтады».
Азаматтардың, бизнестің, мемлекеттің мүдделері мен әл-ауқатының тепе-теңдігіне, сондай-ақ ел ресурстарын тиімді пайдалануға негізделген экономиканы құруды білдіретін «ӘДІЛЕТТІ ЭКОНОМИКА» екінші қағидаты да маңызды мәнге ие. Ол үшін жоғары жұмыспен қамтуды және адамдардың әлеуметтік бірлігін, теңгерімді аумақтық дамуды қамтамасыз ететін заманауи өнімді еңбек нарығын құру ұсынылады.
Мемлекет теңгерімді, ашық салық, бюджет, ақша-несие және тарифтік саясатты жалғастыратын болады. Мысалы, Ұлттық қор активтерін 100 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту, көлеңкелі экономика деңгейін ЖІӨ-ге 15%-ға дейін төмендету және мемлекеттің экономикада болуын 2025 жылға қарай 14%-ға дейін қысқарту қажеттігі атап өтілді.
Қазақстан тәуелсіз энергия жүйесін құруды, өмірдің барлық салаларына цифрлық технологияларды енгізуді жалғастырады, ал ауыл шаруашылығы отандық экономиканың жаңа қозғалтқышы болады, ғылым өндірістің жаңа технологияларына бағдарланатын болады.
Әділ өңірлік саясат – бұл үлкен қалаларда да, шағын ауылдарда да адамдардың жайлы өмірі. Әрбір отбасы таза ауыз суға, сапалы жолдарға, тұрақты ұялы байланысқа және жылдам Интернетке қол жеткізе алады. Мемлекет жаңа тұрғын үй салады, барлық өңірлерде тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртады.
Бағдарламаның үшінші бөлімінде қолжетімді және сапалы білім беруге ерекше рөл беріледі, ол үшін: шағын қала, аудан орталығы мен ауылдарда кемінде мыңнан астам мектепті заман талабына сай жаңғырту; роботтехника, химия, биология, физика пәндеріне арналған кемінде 7 мың замануи кабинет ашу; балаларға арналған 50 сауықтыру лагерін ашу, балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін оқушылар сарайы, жас техник бекеттері, балалар технопаркі, музыка және өнер мектептері секілді кемінде 100 жаңа ірі нысан салу; балаларға спорт секцияларына немесе шығармашылық үйірмелерге тегін қатысу мүмкіндігін беру; студенттердің шәкіртақы мөлшерін 2 есеге ұлғайту; студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін шешу.
Сондай-ақ, бағдарламаға сәйкес, денсаулық сақтау саласында ауылдық медицинаны дамытуға, азаматтардың денсаулығын жақсартуға және өмір сүру ұзақтығын арттыруға аса назар аударылатын болады.
Халықтың әлеуметтік қорғалуы үшін Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаев мынадай шараларды ұсынады: «2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын 18 жасқа толғанға дейін баланың жинақтаушы шотына аудара отырып, «Ұлттық қор – балаларға» жалпыхалықтық бастамасын іске қосу; «Самұрық-Қазына» қоры таза табысының кемінде 7%-ын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына жыл сайын аудару; 2023 жылдан бастап жұмысынан айрылғаны үшін берілетін әлеуметтік төлем мөлшерін табыстың 45%-на дейін ұлғайту; ерекше қажеттілігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету; бірінші топтағы мүгедек адамды күтетін отбасы мүшелеріне жалақы, әлеуметтік аударым төлеп, еңбек өтіліне қоса отырып, оларды жеке көмекші ретінде ресімдеу; халықтың әлеуметтік осал топтары үшін коммуналдық қызметке жұмсалатын шығынның кемінде 30%-ының өтемақы тетігін іске қосу.
«Жастар – қоғамдағы өзгерістердің негізгі қозғаушы күші» деп есептейді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондықтан билік институттары мен жастардың сындарлы өзара іс-қимылы үшін барлық жағдай жасау қажет. Осы мақсатта жастар саясаты туралы жаңа тұжырымдама мен заң қабылданады, қоғамдық кеңестерде жастар квотасы енгізіледі және конкурстық негізде жас кәсіпкерлерге жылдық 2,5% жеңілдікпен несие беріледі.
Азаматтарда ортақ құндылықтар мен мәдениетті қалыптастыру үшін мемлекеттік тілдің одан әрі дамуы мен практикалық қолданылуын ынталандыру ұсынылады, бұл ретте тілдік негізде кемсітушіліктің кез келген нысандарына қарсы тұру ұсынылады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Сайлауалды бағдарламасына сәйкес осы бағыттарға басымдық берілген және осының бәрін іске асыру қажет. Мен Қазақстанның барлық азаматтарын ел жаңғыруынан тысқары қалмай, Президентпен бірге қойылған барлық міндеттерді іске асыру үшін бар күш-жігерін салуға шақырамын. Өйткені, барлық міндеттерді іске асыру Сіз бен біздің өміріміздің әл-ауқаты мен сапасын арттыруға бағытталған.
Баспа және редакциялау қызметінің басшысы
Тоғызбаев Н.С.