Елбасы кітапханасының қоры «Қазақ күйлері антологиясы» басылымымен толықты. Аталмыш кітапқа бұған дейін еш жерде жарияланбаған қазақтың бес жүз күйі жинақталған.
Ұлтымыздың ұлттық өнерін бүгінгі ұрпаққа Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина және басқа да дәулескер күйшілер жеткізе білді. Атадан мұра болып жеткен ұлттың саф өнері туралы ақындар «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра», «Күй ойнайды қазағымның қанында» деп жырға қосты.
Егеменді ел болған тұста өшпес өнер «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы қайта жаңғырды. 2010 жылы Елбасының тапсырмасымен аталмыш мемлекеттік бағдарлама аясында үздік таңдаулы күйлер топтастырылған «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» антологиясы жарық көрді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев басылымның тұсаукесерінде сөйлеген сөзінде: «Күй – көне замандардан күні бүгінге дейін халқымызбен бірге жасасып келе жатқан ең киелі де қастерлі, сырлы да сұлу өнер», – деген болатын.
«Қазақ күйлері антологиясына» алдында шыққан кітапқа енбеген тың күйлер және бұрын басылымға кірген күйлердің басқа орындаушылар тартқан нұсқалары топтастырылған. Үш тілде жарық көрген басылымның бір ерекшелігі – қазақ күйлерінің аудиожазбалары жазылған флеш-картасы бар. Сондай-ақ кітаптан әрбір күйдің тарихы, оларға қатысты аңыз-әңгімелер, күйшілер жайында ақпараттар алуға болады.
«...Сүйріктей саусақтары бірте-бірте жоғарылап, біресе бәйгеге қосылған аттың шабысы, біресе жорға бүлкілдің жүрісі естілгендей болды. Енді бірде сол қолдың аты жоқ саусағы ортаңғы пернелердің бірінде дірілдеп тұрып алып, екпіндеп келген күй кілт үзіліп еді». Бұл – «Ақжелең» күйінен келтірілген үзінді. Басылымда осы және басқа да күйлерге қатысты аңыздар мен әңгімелер баяндалады.
Құнды басылым тек ел аумағымен шектелмей, шетелдік архивтердегі көне күйлердің жазбалары мен қандастардың күй мұрасымен толыға түскен. Бұл игі іске Айтжан Тоқтаған, Жанғали Жүзбай, Саян Ақмолда, Талғат Мұқышев, Мұрат Әбуғазы секілді зерттеушілер белсене атсалысқан.
Қазақ халқының музыкалық мұрасын одан әрі жаңғыртуға, рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған антология «Сыбызғы күйлері», «Қобыз күйлері» және «Домбыра күйлері» сынды үш бөлімнен тұрады. Бұл тарауларда сыбызғы, қобыз, домбыра аспаптарымен орындалған туындылар тарихы тереңірек баяндалады.