«ИНКЛЮЗИВТІ МУЗЕЙ. ІЗГІЛІККЕ ҚАДАМ» АТТЫ КӨШПЕЛІ КӨРМЕНІҢ АШЫЛУЫ

Астана қаласы әкімдігінің № 2 арнайы мектебінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің кітапханасы ұйымдастырған «Инклюзивті музей. Ізгілікке қадам» атты көшпелі тактилді көрменің ашылуы өтті.

Бүгінде елімізде ерекше мүмкіндіктері бар азаматтарға көп көңіл бөлініп, өмір сүрудің барлық салаларында қолжетімді, кедергісіз орта қалыптастыруға бағытталған шаралар жүзеге асырылуда.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті кітапханасының мұражай жиналысының инклюзивтілігін дамыту мақсатында іс-шараларды ұйымдастыру қоғамның қажеттіліктеріне қарай маңызды қадам болып табылатынын атап өтіп, кітапхана директоры Бақытжан Темірболат: "Біздің көрменің бірегейлігі көрермендердің мұражай заттарын көріп қана қоймай, оларды қолмен ұстап болуында. Бүгінгі күні ұсынылған барлық экспонаттар түпнұсқа болып табылады", - деді.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұрторе Жүсіп өз сөзінде қазіргі уақытта парламентшілер Әлеуметтік кодексті қарастырып жатқанын, онда денсаулық сақтау мен білім беру сияқты ірі бағыттардың қатарында инклюзивтілік мәселесі де көтерілетінін атап өтті. Онда ерекше балаларды мемлекеттік қолдаудың қаржылық және өзге де шаралары көзделетін болады. Аталмыш құжатты жақын арада қабылдау жоспарланып отыр.

«Қоғамға ерекше қажеттілігі бар балаларды бейімдеу, оларға қолайлы жағдай жасау – Жаңа Әділетті Қазақстанды құрудағы маңызды аспект. Бүгінгі көрме балалар үшін қуанышты әрі танымдық оқиға болатынына сенімдімін», - деді «Қанаттылар»инклюзивті театрының жетекшісі Искаков Арнұр.

Сонымен қатар, көрменің ашылу салтанатында оқу ордасының оқушылары өнерлерін ортаға салды. 

Көрмесінде балалардың назарына Кітапхана қорындағы 60-тан астам музейлік маңызы бар жәдігерлер қойылды. Оның арасында Халық қаҺарманы, ұшқыш-ғарышкер Т. Әубәкіровтің қолғабы, Олимпиадасының чемпионы С.Сәпиевтің былғары қолғабы, кәсіби боксшы Г. Головкиннің чемпиондық белбеуі, Мысыр музейінің директоры Вафаа әл Садықтан тарту етілген «Тутанхамонның маскасы» кәдесыйы, т.б. бар.

 Көрме екі бөлімнен тұрады:

1. «Тартулар тарихы» атты бөлімде Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевқа республика тұрғындарынан, қоғам өкілдерінен тарту етілген сыйлықтар, сонымен қатар, Қазақстан мәдениетінің әлемдік мұрадағы алар орны және тарту жасау дәстүрінің тарихы жайлы баяндайтын материалдар ұсынылады.

2. «Сыйластық пен құрмет белгісі» атты бөлімде еліміздің шет елдермен жан-жақты әрі көпвекторлы ынтымақтастығының айғағы болып табылатын дипломатиялық сыйлықтар ұсынылады. Көрме бойынша экскурсиялар жүргізіледі.

 Аталмыш іс-шара барысында мектеп сыныптарында бастауыш, орта және жоғары сынып оқушыларына «Әлем халықтарының музыкалық аспаптары», «Қазақстанның спорттық даңқы», «Теңге тарихы» атты музей жәдігерлері қамтылған интерактивті тақырыптық экскурсиялар өткізілді.

 

Анықтама: Бүгінгі уақытта елімізде 700 мыңнан астам ерекше қажеттіліктері бар адам тіркелген. Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар жүзеге асырылуда. 

«№ 2 арнайы мектебінде» ақыл-ой дамуы жеңіл және орташа тежелу бар елордалық 302 оқушы оқып, тәрбиеленеді. Олар кәсіптік және еңбекке баулу даярлығынан өтіп, әлеуметтік бейімделеді. 

Кітапхана ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау жөніндегі дәстүрлі көркемдік және білім беру жобаларынан басқа, оларды әлеуметтік-мәдени инклюзиялау үшін жағдай жасауға, барлық адамдардың мәдени өмірге тең құқылы қатысу маңыздылығына қалың жұртшылықтын назарын аударуға бағытталған идеяларды жүзеге асыратын болады.