«ІІ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БҰҰ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МОДЕЛІ» КОНФЕРЕНЦИЯСЫ АШЫЛДЫ

27 қыркүйек күні Назарбаев орталығында Жастар жылына арналған «ІІ Орталық Азия БҰҰ Халықаралық Моделі» жастар конференциясының ашылуы өтті. Жобаны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мен Қорының қолдауымен Орталық Азия БҰҰ Моделінің Үйлестіру орталығы жүзеге асыруда.

Конференция жұмысына 250-ден астам делегат қатысуда. Олар –Қазақстанның, Әзірбайжанның, Қытайдың, Үндістанның, Қырғызстанның, Ресейдің, Пәкістанның, Ауғанстанның және Өзбекстанның белсенді жастары. Екі күндік пікірталас алаңының мақсаты – өскелең ұрпақты әлемдік қауымдастықтың жаһандық мәселелерін шешуге қатыстыру.  

Конференция ғаламдық идеяларды ашық талқылау режимінде өткізіледі, онда студенттер мен жоғары сынып оқушылары БҰҰ органдарының жұмысын жүргізеді. Конференция қатысушылары екі күн ішінде БҰҰ мүше мемлекеттердің өкілетті делегаттарының рөлін орындап, сенім білдіруші елдің мүддесін қорғайтын болады. Талқылау пікірталастарына БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі Норимаса Шимомура, Қазақстан Республикасының БҰҰ бұрыңғы Тұрақты өкілі Мәдина Жарбосынова, сондай-ақ Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық корпустың өкілдері қатысады.

- Жастардың «БҰҰ Моделіне» қатысуы өздерін танытуға, шет тілдерін меңгеруді жетілдіруге, көшбасшылық және шешендік дағдыны бойына сіңіруге мүмкіндік береді. Билік басына өршіл жастар ұмтылулары керек. БҰҰ органдарының жұмысын жүргізетін конференция – бұл алуан түрлі жаһандық мәселелер бойынша дербес пікірталас жүргізуге, ымыраға келуге және елдер арасындағы байланыстарды нығайтуды үйренуге мүмкіндік беретін халықаралық деңгейдегі білім беру үлгісі,

- деп атап өтті конференцияның ашылуында сөйлеген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов.  

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов:

- Қазіргі уақытта БҰҰ Моделі бұл диалог алаңы ғана емес, сонымен қатар халықаралық жастар қозғалысы. Бұл қозғалыстың қатысушылары – әлемге деген түрлі көзқарасы бар жас адамдар. Бірақ олардың барлығын біріктіретін – әлемді жақсартуға деген ұмтылыс. Тұңғыш Президент Қорының міндеті - осы конференцияны қолдау арқылы жастарға өз идеяларын жүзеге асыруға көмектесу, - деп атап өтті.

    

Конференция аясында жойылып кету қаупі бар тілдерді сақтап қалу, ғарыш кеңістігінде қару-жарақтың таралу өзектілігі, санкциялардың халықаралық саясатқа әсері және басқа да жаһандық мәселелер талқылануда.

Жоғарыда аталған мәселелердің әрқайсысы бойынша шешімді БҰҰ тиісті органдарының мүшелері қабылдайды (қатысушылардың құзыреті мен біліктілігіне сәйкес Қауіпсіздік Кеңесі, Бас Ассамблея, ЮНИСЕФ, ECOSOC, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және т.б.).

Бүгін конференция қатысушылары шиеленіс шешімдерін одан әрі талқылау үшін берілген мәселеге қатысты өз ұстанымдарын ұсынады. Ал ертең, 28 қыркүйек күні қатысушылар қарар жобаларын дайындап, дауыс беру өткізіледі. Конференция қорытындысы бойынша көпшілік дауысқа ие болған қарарлар қабылданады. Қарарлар қабылданғаннан кейін белсенділік танытып көзге түскен делегаттар мен төрағаларды марапаттау рәсімі өтеді.