Еліміздің тарихындағы есте қаларлық күндер күнтізбесінде мамыр айы – Отанымыздың қауіпсіздігі мен өркендеуі үшін батылдық пен жанқиярлықты бейнелейтін маңызды оқиғаларға толы ай. Қазақстанда мазмұны мен маңызы жағынан ұқсас екі мерекенің арасы небәрі екі күнге созылғаны кездейсоқ емес.
Қазақстанда 9 мамыр – Жеңіс күні кеңес кезеңінен аталып өтуде. 1941-1945 жылдар аралығында Қазақстаннан Қызыл Армия қатарына 1 миллион 200 мың адам шақырылды. Олардың жартысы сол Ұлы Отан үшін болған сұрапыл соғыста қаза тапты.
1941 жылдың қысында Мәскеу түбінде шайқасқан генерал И.В.Панфилов басқарған 316-шы атқыштар дивизиясының даңқы әлі де шарықтап тұр. Мәскеу үшін шайқаста Бауыржан Момышұлының әскери даңқты жұлдызы жанды. Қазақтың ержүрек қыздары – Кеңес Одағының Батырлары мерген Әлия Молдағұлова мен пулеметші Мәншүк Мәметова да ер азаматтармен тең дәрежеде қан майданда шайқасты. 1945 жылы 30 сәуірде лейтенант Рахымжан Қошқарбаев қызыл әскер жауынгері Григорий Булатовпен бірге бірінші болып Берлиндегі Рейхстаг ғимаратына Жеңістің туын тіккен болатын.
Соғыс жылдарында жүз мыңнан астам қазақстандық жауынгерлік ордендермен және медальдармен марапатталды, 500-ден астамы Кеңес Одағының батырлары атанды. Осы кезеңде Қазақстан майданның қуатты арсеналына айналды. Біздің еліміз майданды азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз етті, кен өндіру мен түрлі металдар өндірісінде жетекші орынға ие болды. Соғыста атылған әр 10 оқтың 9-ы қазақстандық қорғасыннан құйылғандығы еліміздің Жеңіске жету жолында қосқан өлшеусіз үлесінің дәлелі.
1992 жылғы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. Бірінші Қорғаныс министрі болып майдангер, Кеңес Одағының Батыры, генерал-полковник Сағадат Нұрмағамбетовтың тағайындалғаны есте қаларлық. 2012 жылғы 4 қазанда Қазақстан Республикасының Парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтыру енгізу туралы» ережені қарап, қабылдады, оған сәйкес 7 мамыр – мемлекеттік мереке – Отан қорғаушылар күні болып жарияланды.
Қазақстан армиясы Ұлы Отан соғысында соғысқан әкелер мен аталардың жауынгерлік және әскери дәстүрлерін құрметтеп, абыроймен жалғастыруда. Десек те, олар да өз кезегінде әскери дәстүрлердің мұрагерлері болды. Бұл сабақтастық сайын даламызда қуатты көшпелі империялардың негізін қалаған жауынгер көшпелі халықтар өмір сүрген ғасырлар тереңінен бастау алады. Олардың тікелей мұрагері Қазақ хандығы болды. Абылай хан, Әбілқайыр хан, Қабанбай, Бөгенбай батырлар, Кенесары хан және басқа да көптеген танымал және беймәлім тұлғалар әскери қолбасшылар, батырлар мен ел қорғаушылары болды.
Қазіргі қазақстандық жауынгерлер еліміздің қорғаныс қабілетін, мемлекеттік шекаралардың мызғымастығын сенімді қамтамасыз етіп отыр, сыртқы сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге жедел ден қоя алады. Ұлы даланың әскери дәстүрлерінің мұрасы жетекші жұлдыздай жарқырап, көмескіленбей, Қазақстан армиясына жол көрсете берсін.
Экскурсия жұмысы қызметінің басшысы
Шоткина Ә.Қ.