ЕЛОРДА СТУДЕНТТЕРІНЕ ДӘРІС ӨТКІЗІЛДІ

Елбасы кітапханасының қызметкерлері «Қаржы академиясы» колледжінің студенттеріне «Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың мемлекеттің қалыптасуындағы тарихи рөлі» көшпелі дәрісін ұйымдастырды. 
Іс-шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне және алдағы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орайластырылды.
Дәріс барысында тыңдаушылар тәуелсіз Қазақстанның құрылу тарихымен және негізгі кезеңдерімен танысып, сондай-ақ Елбасының мемлекеттің қалыптасуы мен нығаюындағы  рөлі туралы мол мағлұмат алды.  

«1991 жылғы 1 желтоқсанда бірінші жалпыхалықтық сайлауда сайланған Қазақстанның Тұңғыш Президенті ел өміріндегі тұтас дәуірді көрсетеді. Тәуелсіздік таңы атқан кезде  халық оған жаңа Қазақстанның негізін қалап, қалыптастыруды сеніп тапсырды. Оның шынайы егемендіктің негізін қалауға, тиімді экономиканы қалыптастыруға, үйлесімді қоғам құруға және ұлт тарихының жаңа кезеңіндегі ел дамуының басымдықтарын анықтауға бағытталған көпқырлы қызметінің мазмұны мен мәні Қазақстанның Тұңғыш Президентін қазіргі мемлекеттігіміздің негізін қалаушы әрі ұлттың нағыз көшбасшысы ретінде мойындау үшін айқын дәлел болады», – деп атап өтті дәріскер, кітапхананың жетекші ғылыми қызметкері Арман Ешмұратов. 
Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясатын жүргізу мәселелеріне және «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту мемлекеттік бағдарламасының аспектілеріне баса назар аударылды.
Дәріске 70 студент қатысты.