Осы оқу жылы ішінде, қыркүйек-мамыр аралығында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент кітапханасы апта сайын Қазақстанның барлық облыстарынан келген жоғары сынып оқушылары мен студенттеріне арналған екі күндік семинар-тренингтер өткізіп келеді. 2023 жылғы білім беру бағдарламасы «Жаңа Қазақстан: әділетті қоғам» тақырыбында болды.
12 сәуірден 4 мамырға дейін онлайн-форматта өткен семинар-тренингтерге М. Х. Дулати атындағы Тараз университетінің, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің және Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің студенттері, Батыс Қазақстан мен Түркістан облыстарының, сондай-ақ жаңадан құрылған Ұлытау және Жетісу облыстарының оқушылары қатысты.
Дәріс барысында тыңдаушылар «әділеттілік» ұғымының тұжырымдамалық қағидаттарымен танысты, қазақстандық қоғамның әлеуметтік-мәдени мұраттары және «Жаңа Қазақстан» үшін жаңа құндылықтарды қалыптастыру туралы түсінікті мағлұмат алды. Тренингтер түрінде өткізілген практикалық сабақтар бірлескен жобалар жасау және оларды қорғау үшін топтық жұмыс дағдыларын дамытуға ықпал етті.
Дәстүр бойынша Тұңғыш Президент кітапханасының семинар-тренингтері қатысушылардың ешқайсысын бей-жай қалдырмайды және көптеген оң көзқарастар қалыптастырады.
«Маған материалды түсіндіру форматы мен тақырыптардың өзектілігі өте ұнады. Оқыту барысында біз стратегиялық ойлауды үйрендік, экологиялық, экономикалық, әлеуметтік, саяси мәселелерді қалай шешуге болатындығы туралы ойландық. Менің ойымша, біз ұсынылған тақырыптарды бірнеше сағат бойы талқылап, пікір таласа алатын едік, бірақ өкінішке орай, вебинар тек төрт сағатқа созылды. Уақыт зымырап өтті, біз жан-тәнімізбен беріліп кеткен едік», – деп жазды Орал қаласының №17 ЖОБМ 10 сынып оқушысы Әрсен Мырзағалиев.