ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ТАҚЫРЫПТЫҚ ЭКСКУРСИЯЛАРЫНА МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ҚАТЫСТЫ

Елбасы кітапханасында Тұңғыш Президент күніне және Тәуелсіздік мерекесіне  арналған іс-шаралар аясында елордалық мектеп оқушыларына, колледж студенттеріне, балабақшалардың тәрбиеленушілеріне, ұжымдарға және қала қонақтарына тақырыптық экскурсиялар өткізілді. Бірегей экспозицияларды мыңнан астам адам тамашалады. 
Тұңғыш Президент күні қарсаңында кітапханада «Елбасыға бастар жол», «Ұлы дала перзенті», «Стратег жолы», «Президент жолы» және «Тұлғаның тылсым сыры» экскурсиялары өткізілді. Экскурсия барысында келушілер Елбасы өмірбаянымен, егемен елдің  негізгі оқиғаларымен танысты. «Стратег жолы» тақырыптық экскурсиясы кезінде экскурсанттарға еліміздің бас қаласының  қалыптасу кезеңдері баяндалды. 
Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың портреттері қойылған «Тұлғаның тылсым сыры» қор көрмесі келушілердің қызығушылығын оятты. Көрмеге түрлі материалдардан: тас, әйнек, балық терісі, тас үгінділері, табиғи теңіз құмы, шілтер сым, күріш, тары, фарфордан жасалған туындылар қойылған.
«Ұлы дала перзенті» тақырыптық экскурсиясы қонақтарды танымал суретші Нұржан Қарымсақовтың шығармашылығымен таныстырды. Ел аумағындағы мемлекеттіліктің даму кезеңдерінің сабақтастығы туралы толғаулар Н.Қарымсақовтың көркем шығармаларында көрініс тапқан.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Елбасы кітапханасының қонақтарына осы маңызды датаға арналған тақырыптық экскурсиялар топтамасы өткізілді. «Жаһандық көшбасшы жолы» тақырыптық экскурсиясында оқушылар Қазақстанның жаһандық қарусыздану және жаппай қырып-жоятын қарудан азат әлем құру жөніндегі негізгі бастамаларымен танысты. 
«Әлем таныған Елбасы» фотогалереясында экскурсанттарға Елбасының шетел басшыларымен кездесулерінен әртүрлі  суреттер ұсынылды. Қару-жарақ коллекциясына, дипломатиялық сыйлықтар және шет елдердің ең жоғары мемлекеттік наградаларына қонақтар қызыға қарады. 
«Тарихи таңдау. Тәуелсіздік дәуірі» экскурсиялары мемлекеттіліктің қалыптасу кезеңінен сыр шертсе,  «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» тақырыптық экскурсиясы Алматы қаласы архивтері мен музейлерінің, Елбасы кітапханасының қорларынан жинақталған құжат, сурет, жәдігерлер арқылы егемен ел тағдырындағы Алматы қаласының орны мен рөлін көрсете білді. 
Елордалық мектептердің орта жастағы оқушыларына «Ер қаруы – бес қару» тақырыптық экскурсиясы өткізілді. Экскурсия барысында оқушылар қару-жарақтармен танысты.