2014 жылғы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында Н.Ә.Назарбаевтың қазақ тілінде басылып шыққан таңдамалы сөздері жинағы көптомдығының тұсаукесері болып өтті.
Жинақ Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мемлекеттік-саяси дамуының негізгі кезеңдеріне сәйкес, құрамына 9 кітап кіретін 7 томнан тұрады. Оған Мемлекет басшысының 1989-2013 жылдар кезеңіндегі ең елеулі деген тұғырнамалық және бағдарламалық сипаты бар көпшілік алдында сөйлеген сөздері енгізілген.
Н.Ә.Назарбаевтың жұртшылық алдында сөйлеген сөздері Президенттің ұлт көшбасшысы, саяси қайраткер, мемлекеттік құрылыстың ірі теоретигі және практигі ретіндегі саяси-философиялық көзқарастарының эволюциясы арқылы берілген Қазақстанның ең жаңа саяси тарихы бойынша құнды құжаттық дереккөз болып табылады. Оларда нақты тарихи оқиғалар бойынша да, мемлекеттік құрылыстың, әлеуметтік-экономикалық модернизациялаудың, ұлттық қауіпсіздіктің, халықаралық қатынастардың, мемлекетіміздің даму жолдары мен келешегінің проблемалары бойынша да, оның көзқарастары, пайымдаулары мен бағалаулары көрініс тапқан.
Жинақты Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұд Қасымбеков басшылық жасаған редакциялық топ әзірлеген. Жұмыс барысында аталған топ Президент Мұрағатының, Тұңғыш Президент Музейінің, Президент Әкімшілігінің қорларында бар елеулі архивтік құжаттардың ауқымын, стенограммалар мен басқа да материалдарды, сондай-ақ бұрын жарық көрген кітаптарды, республикалық және шетелдік баспасөздегі жарияланымдарды зерттеді.
Бұдан басқа, сөйленген сөздер мәтіндердің үлкен көлемін орыс тілінен қазақ тіліне аудару, сондай-ақ нақтылау және мемлекеттік тілдегі терминологиялық аппаратты айналымға енгізу жөнінде үлкен жұмыс атқарылды.
Материалдардың жиналуына қарай жинақты шығаруды бұдан былай жалғастыру жоспарланып отыр.
Тұсаукесерге ел Парламентінің депутаттары, ғылыми және шығармашылық зиялылардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, журналистер қатысты.
Тұсаукесердің аясында оқырман билетін табыстау рәсімі өтті.
Бүгінде Кітапханада ауқымды кітапхана қоры қалыптастырылған, оның негізін электрондық-сандық басылымдар құрайды. Сонымен бірге, оқырмандардың Кітапхананың өз электрондық қорларымен қатар, әлемнің аса ірі электрондық кітапханаларына қол жеткізу мүмкіндіктері де бар. Олардың қатарында АҚШ Конгресінің кітапханасы, Оксфорд және Кембридж университеттерінің кітапханалары, Ресей мемлекеттік кітапханасы (Мәскеу қаласындағы бұрынғы В.И.Ленин атындағы кітапхана), т.б. білім қазыналары бар.
Барлығын қосқанда Кітапхана оқырмандары 13,5 миллионнан астам басылымдармен таныса алады.
Өз кезегінде, оқырман билеті қажетті әдебиетке тапсырыс беруді әрі ең қазіргі заманғы технологиялар, соның ішінде ұялы телефон арқылы да, тапсырыс беруді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары Нұрлан Оразалин, Қуаныш Сұлтанов, Алдан Смайыл, Ерсұлтан Бектұрғанов; «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов; Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академиктері Кенжеғали Сағадиев, Болат Көмеков; Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов; Қазақ ұлттық өнер университетінің жанындағы Қорқыт ата мұрасын зерттеуге арналған ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Мырзатай Жолдасбеков; жазушылар Әкім Тарази, Сұлтан Оразалинов, ақын Несіпбек Айтұлы; Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов, «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АО директоры Абай Байгенжин, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Ғарифолла Есім, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Сарыарқа» баспасының директоры Қайрат Әлиев және т.б. Елбасы Кітапханасының алғашқы оқырмандары атанды.