ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА «КӨШБАСШЫЛЫҚ. ТҰРАҚТЫЛЫҚ. ӨРЛЕУ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

Бүгін Елбасы кітапханасында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30-жылдығына арналған «Көшбасшылық. Тұрақтылық. Өрлеу» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Конференцияны Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты мен Нұрсұлтан Назарбаев қорымен бірлесіп ұйымдастырды. 
Іс-шара Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.  

Конференция – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған бағдарламадағы негізгі іс-шаралардың бірі. Оған танымал халықаралық саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үзеңгілестері қатысты.

Конференция аясында өткен «Тәуелсіздіктің бағдары мен белестері» пленарлық отырысында ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин құттықтау сөз сөйлеп, Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығы тәуелсіздік таңында әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз еткенін, Қазақстанның бүгінгі күнге дейінгі өрлеуі мен серпінді дамуының негізі болғанын атап өтті. 
«Тұтастай алғанда, тұрақты жұмыс істейтін мемлекеттік институттар, ішкі және сыртқы саясатты тиімді жүзеге асыру-осының бәрі бүгінгі Қазақстанның табысты дамуы үшін берік іргетасқа айналды... Бұл үшін біз ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған саяси-экономикалық реформаларды және қоғамдық сананы жаңғырту процесін жүргізуді жалғастырамыз, уақыт сын-қатерлеріне бейімделген сапалы жаңа ұлттық бірегейлікті қалыптастырамыз», - деді Парламент Мәжілісінің спикері. 

Өз кезегінде, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасы төрағасының бірінші орынбасары Александр Жуков Н.Ә.Назарбаевтың Ресей Федерациясымен көпжақты достық байланыстар мен стратегиялық серіктестікті нығайтудағы рөлі мен маңыздылығына тоқталды.     «Қазақстандық достарымыздың жетістіктерін құптайтынымызды атап өткім келеді. Одақтастық қатынастарды нығайту мен дамыту, стратегиялық әріптестік пен Қазақстанмен интеграциялық байланыстарды тереңдету бағытын берік ұстануды жалғастырамыз», - деп атап өтті спикер. 
ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев өз сөзінде үздіксіз дамудың отыз жылдығының басты қорытындысы ұлт құрудағы жетістік болып табылатынын ерекше атап өтті. 

«Біз аяғымызда нық тұрмыз. Өзімізді екінші рөлде көруді доғардық, көптеген қорқыныш пен алаңдаушылық сезімнен арылдық. Өзімізді жеріміздің, тағдырымыздың, бүгініміз бен болашағымыздың толық иесі ретінде сезінеміз. Табыстар бізге сенімділік берді. Сенімділік амбиция тудырды. Ал амбициялар батыл ұмтылысқа итерді», - деді Д.Абаев.

Бейнебайланыс арқылы пленарлық отырысқа сонымен қатар БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы, Жаһандық жасыл өсім институтының президенті Пан Ги Мун, Түркияның бұрынғы президенті Абдулла Гүл, Германияның бұрынғы федерал канцлері Герхард Шредер, АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничий қатысты.
«Тарих тағылымы» панельдік сессиясы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболаттың модераторлығымен өтті.

«Тәуелсіздіктің 30 жылдық жолында Қазақстан біраз эмпирикалық және теориялық тәжірибе жинады. Оның еліміз үшін ғана емес, бүкіл халықаралық қоғамдастық үшін үлкен практикалық маңызы бар. Бұл тәжірибе адамзатқа төніп тұрған негізгі сын-қатерлер мен қауіптерді дұрыс шешудің нақты алгоритмдерін ұсынады. Қазақстан жолының оң болуын болуын қамтамасыз еткен бұл алгоритмдерге бүгінде әлем «Назарбаев моделі» деген атау қойған», - деді Б.Темірболат.
Қырғызстан Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының халықаралық қатынастарды талдау орталығының директоры, бұрынғы сыртқы істер министрі, ШЫҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Мұратбек Иманалиев Қазақстанның халықаралық кеңістікпен жылдам үндескенін айтып, бұл жетістіктің Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еңбегі екенін белгіледі.

«Ресеймен достық қарым-қатынасты сақтай отырып Қазақстан жаһандық деңгейдегі маңызды халықаралық жобалардың бірқатарын дайындап, жүзеге асыра алды. Бүгінде олар өміршеңдікке қол жеткізіп, мемлекеттің нышанына айналды».
Ресей Федерациясы федералдық жиналысының федерация кеңесі төрағасының кеңесшісі Александр Дегтярёв өз сөзінде:
«Қазақстан мемлекетінің құрылуы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ізі тарихта қалған үлкен еңбегі. Нұрсұлтан Назарбаев оқиғалардың ұзақ мерзімді барысын дәл болжай білу қабілетімен ойшыл ретінде ерекшеленеді. Бүгінде олар Еуразиядағы интеграциялық процестермен байланысты болып отыр».
INALCO Шығыс тілдері мен өркениеттері ұлттық институтының Орталық Азия тарихы мен өркениеті профессоры Катрин Пужөл:
«30 жыл бұрын Қазақстан жаһандануға үміт пен бейбіт ниетпен қадам басты. Осы сәттен бастап ол көшпенділіктен кейінгі болашағын Нұр-Сұлтан мен Алматы, Ақтау, Шымкент және Семей арасында дала шабандозындай жылдам қарқынмен құрды. Қазақстанның жаңғыруын өз көзімен көрген тарихшы ретінде мен қазақ көшбасшыларының геосаяси сеніміне, жас ұрпақтың ұмтылысына тәнтімін. Осы орайда жаһандану үдерісінің қатал шарттарына қарамастан Қазақстанның әлі талай табыстарға жететіні анық», - деді ол.

Конференция аясында отандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылар баяндама жасаған «Тарих тағылымы», «Қоғам және құндылықтар», «Ілгері даму басымдықтары» панельдік сессиялары өтті.