Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің кітапханасында Екібастұз қаласы Білім бөлімінің Балалар көркемсурет мектебі - ЮНЕСКО клубы түлектерінің дипломдық жұмыстарының көрмесінің ашылуы болды.
«Екібастұздың жылы бояулары» көрмесі «Туған өлкем» балалар шығармашылығын қолдау бойынша республикалық бағдарлама аясында өтті. Бағдарламаның мақсаты - жас таланттарды анықтау және республиканың қосымша білім беру ұйымдарының жұмысын насихаттау.
Іс-шара қонақтарын қарсы алған Тұңғыш Президент кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат көркем шығармалардың орындалу деңгейінің жоғары екендігін атап өтті: «Жас қылқалам шеберлері өздерінің жарқын бояулары, ерекше сюжеттері және өзіндік көзқарасы арқасында өміршеңдікпен, позитив пен оптимизммен қуаттандырады. Оқушылар мен педагогикалық ұжымға алдағы уақытта шығармашылық табыстар мен жаңа белестерді бағындыруды тілеймін».
Екібастұз қаласының Балалар көркемсурет мектебі 1984 жылы ашылды. Осы жылдар ішінде мектеп көптеген жас таланттарға жол ашып, балалар шығармашылығының нағыз орталығы ретінде танылды. 2009 жылы мектеп ЮНЕСКО-ның халықаралық клубына кірді. Алған білімінің арқасында Балалар көркемсурет мектебінің түлектері Қазақстанның ғана емес, Ұлыбританияның, Польшаның, Қытайдың жоғары оқу орындарында білім алуда.
«Бүгінгі көрме мектебіміздің осындай жоғары деңгейде өткен екінші шарасы. «Екібастұздың жылы бояулары» деген атауды кездейсоқ таңдаған жоқпыз. Көрмеге келушілер жас дарындарымыздың өз туындыларын қандай ыстық ықыласпен, берілгендікпен дайындағанын сезінгенін қалаймын», - деді өз сөзінде ұйымдастырушылар мен жиналғандарға алғысын білдірген Екібастұз қ. Балалар көркемсурет мектебінің директоры Ғинаят Сыздықов.
Көрмеде 2019-2022 жылдар аралығында орындалған 70-тен астам дипломдық жұмыстар ұсынылады, олардың әрқайсысы бірегей және ерекше. Ұсынылған жұмыстар мектепте оқытылатын бейнелеу әдістерінің алуан түрлілігін көрсетеді.
Көрменің ашылу күні Астана қаласының білім беру мекемелерінің оқушыларына арналған Екібастұз қаласының Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубының педагогы «Шығыс анары» сәндік панносын жасау бойынша арнайы шеберлік сабағын өткізді.