Ел Президенті Қ.Қ. Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан – бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында – әділ мемлекет – әділ экономика – әділ қоғам – атты үш қағидатқа негізделетін жаңа мемлекеттік саясатқа көшу жарияланды.
«Әділ мемлекет» қағидаты елде саяси жаңғыру процесін жалғастыруды көздейді. Ең алдымен, бұл жерде азаматтардың мемлекеттік институттарды қалыптастыруға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту туралы сөз болып отыр. Бұл біздің қоғамымызда салауатты саяси бәсекелестіктің және жетілген сайлау мәдениетінің қалыптасуын ынталандырады.
Сайлау компонентінен басқа, «әділ мемлекет» қағидаты заңның үстемдігін және азаматтардың құқықтарын сақтауды да білдіреді, бұл сот төрелігін адал жүзеге асыру және елдегі сыбайлас жемқорлықты жою арқылы мүмкін болады. Тек осындай жағдайларда ғана барлық қазақстандықтардың заңды мүдделерін қорғаудағы теңдігі және қоғамдық игіліктердің әділ бөлінуі қамтамасыз етілетін болады.
«Әділ экономика» қағидатының іске асырылуы азаматтардың, бизнес пен мемлекеттің мүдделері мен әл-ауқатының теңгеріміне негізделген экономиканы құруды білдіреді. Осы мақсатта билік кірістерді әділ бөлу және қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті азайту үшін шаралар қабылдауға бел бууда. Бұл монополияларды шектеу және кәсіпкерлік қызметті шектейтін барлық кедергілерді жою арқылы жүзеге асырылады.
Мемлекет тек ірі ғана емес, сонымен қатар бүгінде 3,5 млн адам немесе халықтың 40% жұмыс істейтін шағын және орта бизнестің (ШОБ) кез келген заңды қызметіне жағдайларды жасайтын болады. Мұндағы негізгі мақсат ЖІӨ құрылымындағы ШОБ үлесін ұлғайту болады. 2005 жылдан бастап үш есе өскен бұл көрсеткіш бүгінде шамамен 34% құрайды. Бұл соншалықты көп емес. Сондықтан экономиканың осы секторының дамуына серпін беріп, азаматтарымызды одан да үлкен іскерлік белсенділікке ынталандыру керек.
«Әділ қоғам» қағидаты дамыған әлеуметтік инфрақұрылымды және елімізде адами капиталды іске асыру үшін кең мүмкіндіктерді құруды көздейді. Бұл ретте экономикалық саясаттың тиімділігі ЖІӨ-нің өсуі, сапалы жұмыс орындарын құру және азаматтардың нақты табыстарын ұлғайту бойынша ғана емес, сондай-ақ олардың білім деңгейін арттыру, оларды денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау қызметтерімен қамтамасыз ету бойынша да өлшенетін болады.
Сондықтан, бүгінде мемлекет әлеуметтік секторға жұмсалатын шығындар мәжбүрлі шара ретінде қарастырылатын тәсілді өзгертуге ниетті. Бұдан былай әлеуметтік инвестициялар адами капиталға тікелей инвестиция ретінде жұмыс істейді және мемлекет азаматтардың білімі, денсаулығы мен әл-ауқаты үшін тікелей жауапты болады.
Осы мақсатта әлеуметтік төлемдердің мөлшерін ұлғайту, халықтың осал топтарын қолдаудың, азаматтарға базалық қажеттіліктерді қамтамасыз етудің және олардың өмірін жақсартуда көмек көрсетудің жаңа құралдарын енгізу жөнінде шаралар қабылданатын болады. Азаматтардың әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз етудің барлық тетіктері ел Үкіметі жақында әзірлеген және мақұлдаған жаңа Әлеуметтік кодекстің жобасында тіркелген.
Жалпы алғанда, мемлекеттің адами капиталға салатын барлық күш-жігері мен қаражаты тек жай экономикалық өсудің факторы ғана емес, сонымен бірге «Әділетті Қазақстанды» құрудың негізі болады. Еліміздің Президенті бұл үшін бізде мұқият ойластырылған іс-қимыл жоспары, барлық қажетті ресурстар, ең бастысы, жасампаз азаматтық ұстанымға ие жауапты азаматтар бар екеніне сенімді.
Директордың кеңесшісі А.Ж. Шоманов