Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті кітапханасында «Жаңа Қазақстан: бірлігіміз – әралуандылықта» қоғамдық дискурс өтті.
Іс-шараның мақсаты – жаңа тарихи көзқарасты қалыптастыру және демократияға, әділеттілікке және гуманизмге негізделген қоғамдық келісімнің қазақстандық моделінің даму болашағын көрсету.
Іс-шараны ашқан ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап-ақ адамдардың ұлттық және діни сезімдеріне құрметпен қарауын насихаттаған «Бірлігіміз – әралуандылықта» қағидатын берік ұстанғанын атап өтті.
«Қазақстанда тұратын барлық этностардың мәдениетін, тілдерін, дәстүрлерін дамытуға мол мүмкіндіктер жасалған. Олардың саны 130-дан асады. Біз елдегі конфессияаралық татулықты да қамтамасыз еттік. Қазақстанда 40-тан астам түрлі конфессияның өкілдері іргелес тұрып, оқып, жұмыс істеп, балаларын тәрбиелеп жатыр. Бірақ біздің әртүрлілігіміз тек этникалық және діни айырмашылықтармен шектелмейді. Біздің қоғамымыз алуан түрлі. Дегенмен, айырмашылықтарды құрметтей отырып, шын мәнінде біздің бірегей қазақстандық мәдениетімізді қалыптастыратын ортақ құндылықтарды ұмытпағанымыз жөн. Кең және ашық пікірталас негізінде әртүрлі, кейде полярлық пікірлерді ортақ түйінге жеткізуге мүмкіндік беретін институционалдық тетіктер мен арналардың тиімді жұмыс істеуі де өте маңызды. Оның үстіне, одан кейін консенсус негізінде қабылданған шешімдерді жүзеге асыру қажет. Бүгінгі таңда халқымыз Жаңа Қазақстанның ғимаратын бой көтеріп жатқанда мұндай тетіктер ерекше өзекті болып отыр», - деді Б.Темірболат.
ҚР Парламент Сенатының депутаты Геннадий Шиповских өз сөзінде ұлтаралық келісім – біздің ортақ құндылығымыз екенін және жаһандық қауіп-қатер жағдайында ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтудың ел үшін маңызы зор екенін атап өтті. Осы мақсатта республикада Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, табысты жұмыс істеуде, оның жанынан ҚХА жастар қанаты белсенді жұмыс атқаруда.
ҚР АҚДМ Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин де Қазақстан халқы Ассамблеясының топтастырушы рөліне тоқталды: «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің бастамасымен құрылған бұл бірегей ұйым этномәдени бірлестіктердің күш-жігерін біріктіруді қамтамасыз етеді, Қазақстан халқының ұлттық мәдениеттерін, тілдері мен дәстүрлерін жаңғыртуға, сақтауға және дамытуға көмектеседі. Бұл ұлтына қарамастан еліміздің барлық азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ықпал етеді. ҚХА «заман көшіне ілесуге» тырысады және өз қызметін үнемі жетілдіріп отырады. Өткен жылдың күзінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудың барлық өзекті мәселелерін қамтитын Қазақстан халқы Ассамблеясын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасы қабылданды».
Қоғамды біріктіруші рөлге ие қазақ халқы туралы айта келе, «Қоғамдық келiсiм» РМУ директоры Элина Паули Қазақстан аумағында тұратын түрлі этностардың мәдениет элементтерiнiң бiр-бiрiне қалай енiп жатқаны, нәтижесінде бұдан да көбірек жақындасуға және өзара байытуға жол ашылатыны жөнінде өз ойымен бөлісті.
Кездесу барысында ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтың, ҚХА, «Қоғамдық келісім» РМУ, этномәдени бірлестіктер мен жастардың өкілдері бірлік ұғымдарын қалыптастыру мен насихаттаудың өзекті мәселелерін жан-жақты талқылап, этносаралық қатынастардың қазіргі заманғы процестеріне өз көзқарастарын білдірді.