АЗИЯДАҒЫ ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ ЖӘНЕ СЕНІМ ШАРАЛАРЫ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕС – АЗИЯ ҚҰРЛЫҒЫ ТАРИХЫНДАҒЫ ЖАҢА КЕЗЕҢ

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) шақыру идеясы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –Елбасы Н.Ә. Назарбаевқа тиесілі.

1992 жылы 5 қазанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 47 сессиясында сөйлеген сөзінде Н.Ә.Назарбаев Азиядағы қауіпсіздік пен өзара байланысты нығайту үшін диалог алаңын құру туралы бастама көтерді. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан 1992 жылы 2 наурызда мүше болған БҰҰ-дағы алғашқы сөзі болды.

Жалпыазиялық диалог форумын құру туралы Елбасының бастамасы Азия және Еуропа мемлекеттері тарапынан кең қолдау тапты. Біздің ел өзін әлемдік қоғамдастықтың лайықты мүшесі ретінде көрсете білді және ірі сыртқы саяси бастамалар деңгейіне жетті.

Кеңесті шақырудың қозғаушы күші Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тиімді және қолайлы құрылым құруға ұмтылыс еді, осы орайда Тұңғыш Президенттің ұсынысы заманымыздың жаһандық сын-қатерлеріне төтеп берудің айқын жауабы ретінде анықталды.

АӨСШК – Азия континентіндегі аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін беделді құрылым. Кеңестің жұмысына 27 мемлекет қатысады. Сегіз мемлекет, оның ішінде Жапония, Америка Құрама Штаттары АӨСШК бақылаушы-мемлекеті саналады. Отырысқа Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Араб мемлекеттері лигасы, Түркі елдерінің Парламенттік Ассамблеясы және Халықаралық көші-қон ұйымы сияқты халықаралық ұйымдар қатысады.

Атап өтерлігі, 2007 жылдан бастап АӨСШК Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында бақылаушы.

Тәжірибе көрсеткендей, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі Кеңесті өткізу Азия құрлығы тарихында жаңа кезеңге жол ашты. Осылайша, 2004 жылы Азияның саяси тарихында бұрын-соңды болмаған құжат – Азия елдері арасындағы тұрақтылық пен қауіпсіздік мәселелерін қоса алғанда, көптеген міндеттер бойынша көпжақты ынтымақтастықты қамтамасыз ететін «АӨСШК сенім шаралары каталогы» қабылданды.

Азия континентіндегі қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың бірегей көпжақты құралы ретінде АӨСШК өркениеттер арасындағы қатынастарда өзара сыйластықты, түсіністік пен төзімділікті нығайтуға ықпал етеді; мүше мемлекеттер арасындағы сенімді нығайту шараларын жүзеге асыру; терроризммен, заңсыз өндіріспен және есірткі бизнесімен күрес; қоршаған ортаны қорғауға байланысты барлық мәселелер бойынша ынтымақтастық; сауданы кеңейту және т.б. мәселелерге ықпал етеді.

Бүгінгі күні АӨСШК басқа аймақтық қауымдастықтармен (ШЫҰ, ЕАЭО) бірге аймақтағы тұрақтылық пен өзара әрекеттесу үшін берік негіз жасайтын халықаралық қатынастардың нақты факторы ретінде анықталды.

Кеңес аясында өткізілген кездесулер Елбасының Азиядағы қауіпсіздіктің тиімді механизмін құрудағы стратегиялық ойластырылған қадамдарына нақ дәлел бола алады. АӨСШК әлемдегі қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосуға деген ниетімізді растайтын Қазақстанның тағы бір «визит картасы» болды.

АӨСШК Азия елдері арасындағы достыққа, ынтымақтастыққа және өзара тиімділікке негізделген қатынастарды құруға үлес қосады, халықаралық және аймақтық істердегі стратегиялық өзара әрекеттестікті тереңдетеді, Орталық Азия аймағын дамыту үшін қолайлы халықаралық ортаны құруға үлес қосады, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ХКҰ (Халықаралық көші-қон ұйымы), ЭЫҰ (Экономикалық ынтымақтастық ұйымы), ШЫҰ-мен үнемі өзара әрекеттеседі және т.б.

ХХІ ғасырдағы АӨСШК-нің табысты дамуы мемлекеттердің өзара әріптестік процесінде туындайтын жедел мәселелерді шешуге деген сенім негізінде құрылған мемлекеттердің сындарлы өзара іс-қимылын айқын көрсетеді. Тәжікстан Республикасының Душанбе қаласында (15.06.2019) өткен АӨСШК-нің V саммитінде сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаев Кеңесті аймақтық ұйымға айналдыруды, сондай-ақ АӨСШК білгірлер кеңесін құру мәселесін зерттеуді ұсынды.

2019 жылдың қыркүйегінде БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясының шеңберінде АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі өтті, онда Қазақстанның 2020-2022 жылдарға арналған кездесуге төрағалық ету туралы өтініші бірауыздан қолдау тапты. 2020 жылғы 24 қыркүйекте АӨСШК-ге төрағалықтың Тәжікстаннан Қазақстанға ауысуына байланысты Кеңестің Сыртқы істер министрлерінің арнайы отырысы өтті.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін шақыру туралы идеясының стратегиялық маңызы зор болды және Азия континентінің жаңа тарихының қалыптасуының бастамасы болды.

Анықтама:

АӨСШК – Азия континентіндегі қауіпсіздікке байланысты проблемалар бойынша консенсус негізінде диалог, кеңес беру, шешімдер қабылдау және шараларды жүзеге асыру үшін мемлекетаралық форум, Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ынтымақтастықты нығайту форумы.

Әкімшілік орган Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан.

АӨСШК-нің шешім қабылдаушы жоғарғы органы – мемлекет және үкімет басшыларының саммиті (Алматы, 2002; Алматы, 2006; Стамбул, 2010; Шанхай, 2014; Душанбе, 2019).

Қазіргі төрағасы – Тәжікстан Республикасы (2018-2020), бұрынғы Қазақстан Республикасы (2002-2010), Түркия Республикасы (2010-2014), Қытай Халық Республикасы (2014-2018).

Министрлердің бес кездесуі өтті (Алматы, 1999; Алматы, 2004; Алматы, 2008; Астана, 2012; Пекин, 2016).

Ресми мереке: 5 қазан (АӨСШК күні)

Ресми тілі: ағылшын; жұмыс тілдері: ағылшын және орыс.

 

Дереккөздер:

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің сайты – http://www.akorda.kz/upload/hronika/hronika_swf/1992-1993/index.html

АӨСШК ресми сайты – http://www.s-cica.org/page_ol/summit/

АӨСШК бесінші саммиті – http://akorda.ru/ru/events/international_community/foreign_visits/prezident-kazahstana-prinyal-uchastie-v-v-sammite-svmda