АСТАНАДА «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМ» СЕМИНАР-ТРЕНИНГТЕРІ ӨТТІ

24-25 мамырда Тұңғыш Президент кітапханасының қызметкерлері жазғы демалыс алдындағы соңғы «Жаңа Қазақстан: әділетті қоғам» семинар-тренингін өткізді. Оған елордадағы Менеджмент, бизнес және білім колледжі мен Басқару колледжінің студенттері қатысты.

10-18 мамыр аралығында семинар-тренингтерге Алматы және Шымкент мектептерінің жоғары сынып оқушылары, сондай-ақ Астана Халықаралық университетінің Педагогикалық колледжі мен Сервис және туризм колледжінің студенттері қатысқан болатын.

Екі күндік семинар-тренингтер ұйымдастыру жобасын кітапхана 2015 жылдың қазан айынан бастап сәтті жүзеге асырып келеді. Семинарлар тақырыбы қоғамдық-саяси және бағдарламалық күн тәртібіне байланысты жаңартылып отырады. Осы жылдың ақпан айынан бастап «Жаңа Қазақстан: әділетті қоғам» тақырыбында жаңа оқу бағдарламасы бойынша онлайн және офлайн сабақтар өткізіліп келеді. 

Оқу барысында тек теориялық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар сыни және жобалық ойлауды, көшбасшылық қасиеттерді дамытуға арналған тренингтер өткізіледі.

Семинар-тренинг аяқталғаннан кейін тыңдаушыларға сертификаттар, ал ең қызықты жобалар ұсынып, белсенділік танытқан қатысушыларға Алғыс хаттар беріледі.

2023 жылдың ақпан-мамыр айлары аралығында «Жаңа Қазақстан: әділетті қоғам» семинар-тренингтеріне барлығы 771 адам қатысқан. Оның ішінде 259 – ЖОО студенттері, 108 – колледж студенттері және 404 – мектеп оқушылары.