2021 жылғы 5 қарашада сағат 15.00 Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы Елбасы Академиясымен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігінің және Түркия Республикасы Президенті Әкімшілігінің қолдауымен Анкарадағы Түркия Президенті Әкімшілігі жанындағы Ұлттық кітапханада «Қазақстан жолы. Түркі бірлігі» көрмесінің салтанатты ашылуын өткізеді.
«Ұлы дала елі: кешегі мен бүгінгінің арасы»; «Қазақстан жолы»; «Түркі бірлігі» бөлімдерінен тұратын көрменің негізгі мақсаты – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қазіргі қазақстандық мемлекеттілік тұжырымдамасын жүзеге асыру нәтижесі негізіндегі Қазақстан Республикасы дамуының маңызды кезеңдерін көрсету.
Көрермендер назарына Елбасы кітапханасының архив, кітап, музей қорындағы 400-ден астам сақтау бірлігі, оның ішінде киім, қару, әскери және ат әбзелдері топтамасындағы заттар, азаттық үшін күрестің түрлі кезеңдеріндегі Қазақстан тарихы бойынша артефактілер ұсынылады. Мәселен, оны арасында XIX ғасырдағы қазақ қылышы, білезіктер мен сақиналар бар.
Осы күні сағат 16.00-де «Түркі әлемі: тарих, қазіргі заман, болашақ» халықаралық конференциясы өз жұмысын бастайды. Бұл басқосуға көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Б.Темірболат, Түркия Президенті Әкімшілігі жанындағы Ұлттық кітапхананың директоры А. Туглу, «Елбасы академиясы» корпоративтік қорының меңгеруші директоры А. Жанғозин, Қазақстанның Түркиядағы Елшісі А.Сапарбекұлы, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бас хатшысы Б.Әміреев, ТҮРКСОЙ бас хатшысы Д. Қасейінов, ТүркПА бас хатшысы M. Сурейя Эр, Халықаралық Түркі академиясының вице-президенті Ф. Межидли, Халықаралық Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Г. Эфендиева және тағы басқалар қатысады.
Іс-шаралар аясында Елбасы кітапханасы Түркия Президенті Әкімшілігі жанындағы Ұлттық кітапханамен және Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесімен меморандумдарға қол қойылады.