«ЖАСТАР – ЕЛДІҢ ТІРЕГІ» КӨРМЕСІНІҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛЕДІ

20 қараша күні, сағат 17.00-де Тұңғыш Президент күніне арналған Елбасы кітапханасы он күндігінің аясында мекеменің музей ғимаратында (Бейбітшілік к-сі, 11) «Жастар – елдің тірегі» көрмесі ашылады.

Жастар жылына арналған көрме – үстіміздегі жылдың ақпан айында Елбасы кітапханасы мен Нұр-сұлтан қ. Суретшілер одағының бейнелеу өнері майталмандары мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің арасында жариялаған республикалық байқауының ІІ-кезең қорытындысы.

Кескіндеме, графика, мүсін, сәнді-қолданбалы өнер, өнертану іспетті бес бағытта өткен байқау екі кезеңге бөлінді. Қазақстандағы мәдениет саласының үздік өкілдерінен құралған қазылар алқасы 21 автордың 35 жұмысын іріктеді.

Үміткерлердің жұмыстары «Жастар – елдің тірегі» көрмесінде көпшілік назарына ұсынылады. Үздік деп танылған жеңімпаздар сыйлықтармен марапатталады. Олардың туындылары Елбасы кітапханасындағы бейнелеу өнерінің жинағына еніп, тұрақты экспозицияның төріне орналасу мүмкіндігіне ие болады.

Көркем өнер байқауы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы Елбасының ойын жалғастырады. Оның аясында тарихқа ізін қалдырған ұлтымыздың дара тұлғалары бейнеленген бейнелеу өнері мен қазіргі өнер саласының бірегей галереясы құрылмақ.