«QAZAQSTAN» ОКЗ ТӨРІНДЕ «ТАРИХИ ТАҢДАУ» АТТЫ ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ АРХИВІ МЕН ҚОРЫНАН ЖАСАҚТАЛҒАН КӨРМЕ АШЫЛМАҚ

27 қараша күні, сағат 16.00-да Тұңғыш Президент күніне арналған Елбасы кітапханасы іс-шараларының онкүндігі аясында «Qazaqstan» орталық концерт залында (Мәңгілік ел к-сі, 10/1) «Тарихи таңдау» көрмесі ашылады.

Елбасы кітапханасы музей жинағының архив материалдары мен бірегей жәдігерлері 1991 жылдың негізгі оқиғаларынан сыр шертеді. Олар Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің сайлау сәті мен мемлекет егемендігінің қалыптасу тарихын бейнелейді.

Бұл жерде көпшілік назарына ұсынылатын ақ киіз – Елбасыны таңдаған халық қолдауының нышаны. Келушілер Қазақстан Республикасының дамуына мемлекеттік еңбегін сіңірген азаматтарға берілетін «Алтын қыран» орденін көре алады.

40-тан астам елдің Н.Ә. Назарбаевқа тарту еткен жоғарғы мемлекеттік марапаттар топтамасы да көрме жәдігерлерінің арасындағы ең ерекшесі. Бұл топтама әлемді ядролық қарудан азат ету мен жасампаздықтың, жаһандық қауіпсіздік пен интеграциялық үдерістер бастамаларының идеясын ілгерітудегі Елбасының еңбегін жүйелеп келтіреді.

Көрме аясында қалың жұрт Елбасы жеке кітапханасынан алынған 145 кітаппен таныса алады. Кітап қоры жеке кітапхана иесінің өмірбаяны мен қызмет жолын кезеңдерге бөліп қарастырады. Олар Елбасының рухани болмысын суреттеп, өмірлік көзқарастарын, ұстанымдарын ашады.

Аталмыш көрмеде 220-дан астам жәдігер ұсынылмақ.