«ПРЕЗИДЕНТТІК ИНСТИТУТ ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН ЖАҒДАЙЫНДА» АТТЫ КӨРМЕ

2023 жылғы 19 сәуірінде сағат 15.00-де Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің кітапханасында (Астана қ., Ә.Бөкейхан к-сі, 1а) «Президенттік институт Жаңа Қазақстан жағдайында» атты көрменің ашылуы өтеді.

Қазақстан Республикасындағы президенттік институт құрылған күнге орайластырылған көрмеде фотосуреттер мен құжаттар, музей қорының экспонаттары арқылы 1990 жылғы 24 сәуірде ел Президенті лауазымының қалыптасу тарихы бейнеленген. Экспозиция жаңа Қазақстанды құрудағы президенттік институттың рөлі және маңызымен жүйелі танысуға мүмкіндік береді. 

Көрме 2 бөлімнен тұрады: 

І. «Қазақстан Республикасындағы президенттік институтының қалыптасуы» бөлімінде президенттік институттың негізінің қалануы туралы материалдар: Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» ҚР Конституциялық заңы, «Қазақ ССР Президенті қызметін тағайындау және Қазақ ССР Конституциясына (Негізгі заңына) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң және т.б. маңызды құжаттар ұсынылған.

ІІ. «Президенттік институт: Жаңа Қазақстан» атты бөлімде президенттік институтының соңғы жылдардағы эволюциялық дамуы туралы мәліметтер, ҚР Президентінің сайлаулары, 2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдум туралы ақпараттар мен деректер ұсынылды. Бөлім мазмұны Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2019-2023 жылдар аралығындағы қызметінің призмасы арқылы ашылып көрсетіледі.