ҚАЗАҚСТАНДА ҮШІНШІ НОБЕЛЬ ФЕСТИВАЛІ ӨТЕДІ
Бейбітшілік пен дамуға қызмет ететін Дүниежүзілік ғылым күніне орай 2021 жылдың 26-29 қазан аралығында Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының, Инклюзивті даму қоры және G-Global жобасы демеушілігімен III Нобель фестивалі өтеді.
«Болашақ – бүгін» тақырыбында өтетін III Нобель фестивалі негізгі төрт бағытты қамтиды:
● Жасыл өмір;
● Жаңашылдық ғасыры;
● Жаңа дәуір дағдылары;
● Адамдарға арналған экономика.
Фестивальде Нобель сыйлығының лауреаттары, ғылым саласындағы беделді сыйлық лауреаттары, ірі корпорациялар мен халықаралық ұйымдардың басшылары, жетекші отандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен заманымыздың өзекті мәселелеріне арналған 30 панельдік сессия өтеді.
Биылғы фестиваль спикерлерінің қатарында Экономика бойынша Нобель сыйлығының 2020 жылғы лауреаты Пол Милгром, Нобель сыйлығының 2011 жылғы лауреаты Тавакуль Карман, іргелі физика саласында жаңалық ашқан 2012 жылғы сыйлық лауреаты Хуан Малдасена, «Адамзаттың қысқаша тарихы», «Болашақтың қысқаша тарихы» атты әлемдік бестселлерлердің авторы Юваль Ной Харари, «Бақыт формуласы. Қуаныш алгоритмін құраңыз» бестселлерінің авторы, «Google X»-тің бұрынғы коммерциялық директоры Мо Гавдат, Apple Siri құрастырушысы Люк Джулия, криптовалютаның әйгілі сарапшысы Гаррик Хиллеман, т.б. бар.
Фестивальге сонымен қатар Лондон экономика мектебі, Массачусетс технологиялық институты, Калифорния университеті, Лондон империялық колледжі профессорлары және т.б. қатысады.
Нобель фестиваліне келесі сілтеме арқылы тіркелуге болады: https://nobel-fest.inpolicy.net
БАҚ өкілдері аккредитациядан өтуі тиіс.
Оған қажетті мәліметті Нобель фестивалі баспасөз қызметінің өкілі Батихан Қалибековке kalibekov@inpolicy.net электрондық поштасы арқылы жіберген жөн. Байланыс нөмірі: 8-747148-43-82, Instagram: @nobel_fest.