2021 жылдың 30 қыркүйегінде, сағат 15.00-де Елбасы кітапханасының жаңа музейінде (Ә.Бөкейхан к-сі, 1А) қазақтың ұлы ақыны, дана ойшылы, сазгер, ағартушы, қоғам қайраткері, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы және тұңғыш классигі Абай Құнанбайұлының мұрасын дәріптеу мақсатында әлеуметтік желілерде жарияланған «V Абай оқулары» әдебиет сайысының жеңімпаздары марапатталады. Абай шығармашылығы – отандық мәдениетіміздің мақтанышы, ұлттық кодтың ажырамас бөлігі. Ұлы ақынның есімі күллі дүниежүзінің оқырман қауымына кеңінен танымал.
Жобаның мақсаты – Елбасының жаһандық бастамаларының бірі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына ақпараттық-имидждік қолдау көрсету, Абай Құнанбайұлының әдеби мұрасын жастар арасында насихаттау, қазақстандық жастардың оқу мәдениетін, әдеби талғамын қалыптастыру.
Әлеуметтік желілер мол тәжірибесі бар қалың оқырман қауымның және де Абай туындыларымен енді ғана танысқан жас оқырмандардың кеңінен қолданатын белсенді «кездесу орнына» айналған. Жоба, ең алдымен, жастарға бағытталса да еліміздің барлық өңірлерін қамтитын түрлі жастағы тұрғындары мен әр салада еңбек ететін мамандарының басын қосады.
Марапаттау салтанатына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жандос Әубәкір, белгілі абайтанушы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Шәкір Ыбыраев, Астана қаласының педагогикалық қауымдастығының өкілдері қатысады.
БАҚ өкілдері аккредитациядан өтуі тиіс.
Оған қажетті мәліметті 29.09.21 күнгі сағ. 18.00-ге дейін presidentlibrary.pr.kz@gmail.com электрондық поштасына жіберген жөн.
Байланыс нөмірлері: + 7 (7172) 69-30-56, 69-30-57.