Стратегиялық бастамалары мен тарихи сөздері

ҚР Тұңғыш Президентінің қазақстандықтарға арналған Жолдаулары және сөйлеген сөздері – елімізді дамытудың, халықтың әл-ауқатын арттырудың айқын бағыт-бағдары.   

«Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050» стратегиялары, «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» даму бағдарламасы, «Мәңгілік ел» патриоттық актісі, «Әлем. XXI ғасыр» манифесі және Қазақстан тәуелсіздігін жариялауға, еліміздің бас қаласын Ақмолаға (қазір - Нұр-Сұлтан) көшіруге, Президентті ұлықтау рәсіміндегі, әлемдік деңгейдегі форумдар мен конференцияларда сөйлеген сөздері елімізді жарқын келешекке жетелейді.

Бұл бөлімде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет тарихы үшін маңызды мәселелер бойынша сөйлеген сөздерімен танысуға болады. 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ Н. НАЗАРБАЕВТЫҢ "БІРЛЕСЕ БІЛГЕН ЕЛ БӘРІН ЖЕҢЕДІ" АТТЫ МАҚАЛАСЫ. 2020 ЖЫЛҒЫ 8 СӘУІР

"Бірлесе білген ел бәрін жеңеді"

Тәуелсіздік жылдары ел өмірінің ең қиын да күрделі кезеңдерінде, мен кез келген  мәселені қадірменді отандастарыммен бірге бүкпесіз, ашық талқыға салып, туған халқыммен үнемі ой бөлісіп келемін. Бүгінгідей бүкіл әлем алаң күй кешіп, ұлт саулығы сынға түскен қазіргі сәтте де баршаны сабырға, байсалдылыққа шақырып, тағы да жұртыма ақ тілеулі сөзімді арнағалы отырмын.                                              
Тұтқиылдан келген жаман індет – коронавирус дерті барша адамзатқа қауіп-қатер төндіруде. Қазірдің өзінде дүние жүзі бойынша 1,4 миллионнан астам жан осы сырқатқа шалдығып, ондаған мың адамның өмірі қиылды. Сондықтан әлем мемлекеттері қатерлі дертке бірлесе дауа іздеп, бүгінгі заманның бар күш-қуатын, ақыл-ойы мен ғылым-білімінің жетістігін ортақ мақсат жолына бірлесе жұмылдырып, ынтымақтаса әрекет етуде.                                    
Қазақстан қауіпті дерттің алдын алуға әлем елдерінің ең алғашқыларының бірі болып кірісті. Тиісті сақтандыру шаралары жасалды. Мемлекеттік органдар арнаулы дайындықтан өткізілді. Өзге елдерде вирус қалай пайда болып, пандемия қалай өрбіп, өршігені бақыланды. Соның нәтижесінде індеттің етек алып кетуіне мүмкіндігінше жол берілмей, ахуал күн сайын тұрақты назарда ұсталып отыр. Жағдайды оңалту үшін көп жұмыс істелді, әлі де талай шаруа атқарылатын болады.  Игі мақсаттағы іс-шаралардың бәріне жер-жерлерде бүкіл халық болып қолдау көрсеткеніміз жөн.  Тәуелсіздіктің ең алғашқы күндерінен бастап мен ұлы Абай атамыздың «Кімге достығың болса, достық достық шақырады» деген дана қағидасын басшылыққа алып, әлемнің барлық мемлекетімен арадағы келісім мен достыққа, өзара сенім мен ықпалдастыққа негізделген саясат ұстандым. Егемендіктің бастапқы жылдарында іргелес елдердің бәрімен тату қарым-қатынас орнатып, шекара мәселесін түбегейлі шешкеннен кейін түрлі деңгейдегі ынтымақтастық ұйымдарын құруға бастамашы болғанымның басты себебі де сол еді.                                                          
Еуразия экономикалық одағын, Шанхай ынтымақтастық ұйымын, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құрып, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тарихи саммитін, Астана экономикалық форумы мен бүкіләлемдік ЕХРО көрмесін өткізу шараларының бәрі – Қазақстан мен дүние жүзі мемлекеттері арасындағы өзара достық пен сенімге негізделген байланысты, экономикалық ынтымақтастықты нығайту үшін жасалды. Өмірдің өзі, дәл бүгінгі қалыптасқан жағдай біз ұстанған бірігу мен бірлесуге негізделген саясаттың бірден-бір дұрыс жол екендігіне көзімізді жеткізіп отыр. Жаһан жұртшылығын әбігерге салған пандемия жаңа бүкіл әлемде экономикалық дағдарыс туғызды. Алып кәсіпорындардың жұмысы тоқтады, көлік атаулының қозғалысы шектелді. Мұнайдың бағасы құлдырады. Ел мен ел арасындағы шекаралар жабылып, алыс-беріс тиылды. Мұның бәрі бұрын-соңды болмаған аса ауқымды рецессияға әкеліп соқтырып, жұмыссыздықты көбейтіп отыр.                                    
Біздің Отанымыз Қазақстан – қазба байлықтарға, оның ішінде мұнайға бай ел. Мен «Бізде мұнай мен газ бар екен деп, үнемі соған тәуелді болған дұрыс емес» деп талай мәрте айтқанмын. Сондықтан егемендік жылдары біз ел экономикасын әртараптандырумен болдық. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін «Қазақстан – 2050» стратегиясын жасап, «Үдемелі индустриялық- инновациялық даму» бағдарламасы аясында 1000-нан астам жаңа кәсіпорын аштық. Соның арқасында әлемдік бәсекеге қабілетті өнімдер шығарылып, елімізге жаңа технологиялар келді. Бұл еліміздің үшінші технологиялық жаңғыруына жол ашты.          
Ел аумағында бұрын-соңды болмаған теміржол, автокөлік жолдары салынды.          
Жүйелі жүргізілген реформалар нәтижесінде ауыл шаруашылығы да айтарлықтай дамып, Қазақстан өзін ет, сүт және тағы басқа да азық-түлік өнімдерімен емін-еркін қамтамасыз етіп қана қоймай, әлемдегі астық экспорттаушы алғашқы алты мемлекеттің қатарына қосылды.                                                                                
Болашақ үшін, алда күтіп тұрған осындай алмағайып замандар сынағын еркін еңсеру үшін көп қаржы-қаражат салып, зор жауапкершілікпен атқарылған бұл реформалардың дұрыс болғанын өмірдің өзі дәлелдеді.
Біздің Ата заңымыздың бірінші бабында: «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі», – деп нақты жазылған. Сондықтан елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінді. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын қабылдап, барлық өңірде бұрын болмаған жүздеген заманауи ауруханалар мен емханалар салдық. Елордада әлемдік деңгейдегі ең озық техникалармен жарақталған аса ірі ғылыми-медициналық орталықтар ашып, оның мамандарын әлемнің ең дамыған елдерінде тәжірибеден өткіздік және «Болашақ» бағдарламасы аясында оқыттық. Осылай алдын ала қамданудың нәтижесінде ұлт денсаулығына қатер төндірген бүгінгідей қиыншылық заманда жұқпалы дерттің дәл диагностикасын жасау, оның алдын алу, науқасты емдеу сияқты тиісті шараларды біздің дәрігерлеріміз жоғары кәсіби деңгейде атқаруда.                                                                    Әрине, қалыптасып отырған жағдай оңай емес. Бұл – бүкіл әлем мемлекеттеріне түскен зор ауыртпашылық. Біз оны осындай сын сағатта септігін тигізетін халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз. Ол үшін бізге қажеттінің – қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік – барлығы бар. Алаңдайтын, абыржитын еш негіз жоқ.                                                                
Әдетте жұрт көңілі алаң осындай кезді ел ішіне үрей таратып, байбалам салушылар өз мүддесіне пайдалануға тырысады. Мен халықты әртүрлі сондай азғырынды, арзан әңгімелерге еруден сақ болуға шақырамын. Шынымен көптің қамын көздейтін адам айқайдың күшімен емес, игілікті ісімен қызмет еткені дұрыс. Ғайбат пен байбалам орнына ғылым-біліммен шұғылданған абзал.                                                                  
Бүгінгі күрес даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпсіз – ел болмайды, тәртіпке бас иген ел құл болмайды» деген қанатты сөзін еске салады және соны бекем ұстануды талап етеді. Өздеріңіз білесіздер, бұл пандемияны көршіміз Қытай елі ұйымшылдығы мен темірдей берік тәртібінің арқасында ауыздықтай алды.                    
Қазіргі Қазақстанды Кеңес Одағы ыдыраған өткен ғасырдың 90-жылдарындағы Қазақстанмен салыстыруға болмайды. Бізде осындай қиындық туғанда ешкімге алақан жаймау үшін, ұрпақ қамы, ел болашағы үшін жинақталған Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ доллары бар. Ретімен, үнемді пайдаланар болсақ, ол бүгін басымызға түскен тағдыр мен тарих сынынан еңсемізді тік ұстап өтуімізге мол мүмкіндік береді. Ел Президенті  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған таяудағы үндеуінде барлық әлеуметтік топтарға, кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін алуан түрлі көмек туралы жан-жақты мағлұмат берді. Егер Қазақстанның ұлттық экономикадағы қол жеткізген табыстары мен жоғарыда аталған қор құрылмаса, мұның бірі де болмас еді. Кезінде соның бәрін таратып берейік дегендер де болған, бірақ өмір біз қабылдаған шешімнің дұрыс болғанын көрсетті.  Енді Үкімет пен жергілікті атқару органдары соны үнемді түрде, рет-ретімен орындауға кірісуі керек. Әр министр, әрбір облыс, қала және аудан басшылары жүйемен, тәртіппен, үйлесіммен, нақты жоспармен, нық сеніммен әрекет етіп, уақытша қиындықтан шығуға барлық күш-қуатты жұмылдыруы қажет. «Nur Otan» партиясының мүшелері де осы бір сауапты істің алдыңғы қатарынан табылуға тиіс.                      
Еліміздің ең үлкен байлығы – адам мен адам өмірі болғандықтан, әрбір адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені, ұлт денсаулығы – мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі.                                                                            
Дәл осы тұста бәрімізге халқымыздың әрдайым үлкенге – құрмет көрсетіп, кішіге – қамқор болатын абзал қасиеттері септігін тигізеді деп сенемін.                                
Адамның өзіне деген сенімі – үлкен күш. Бұл бойымызға – қажыр, денемізге – қуат, жүрегімізге сенім ұялатады. Біз қазір көмекке аса мұқтаж қарияларды, ардагерлерімізді, көпбалалы аналарды, әл-ауқаты төмендерді, жұмысқа жарамсыз жандарды ерекше қамқорлыққа алуымыз керек. Халқымыздың бойындағы ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жеткен ең ізгі қасиеттер бізді осыған үндейді.                                            
Дәл қазір бүкіл адамзат жолайрықта тұр. Әлемдік геосаясатты, экономиканы, экологияны, қоғам өмірінің сан алуан саласын қамтып, тізбектеле келген, бұрын-соңды болмаған проблемалар әлем мемлекеттерінің қарым-қатынасын да өзгерте бастады. Үнді халқының ұлы гуманист қайраткері Махатма Ганди: «Әлемді өзгерту үшін әуелі өзіміз өзгеруіміз керек», – деген екен. Кеше ғана бір-бірін аяқтан шалып, жағадан алып, «санкциялық соғыстарға» жол ашқан мемлекеттер енді өзара көмек қолын созысуда. Бұл – жаһандық деңгейдегі үлкен өзгерістердің бастауы.                                  
Әлем тарихында ондаған жылдарға, тіпті жүз жылдан да астам уақытқа созылған талай соғыстар, шиеленісті жағдайлар мен кикілжіңдер орын алған. Миллиондаған адамдарды баудай түсірген індеттер де аз болмаған. Адамзат соның бәрін жеңген. Жан алқымнан алып тұрған бұл шырғалаңнан да шығамыз. Әлемнің ең алпауыт мемлекеттері осы қиындықтан сабақ алуы керек.                                                    
Кезінде Әйтеке би бабамыз: «Ел мұраты – көрешек, ер мұраты – келешек. Осыларды ойлаған – қоймас түбі сүйінбей», – деген екен. Қандай керемет айтылған сөз! Дәл қазір бізге бүкіл адамзат өркениетін сүріндіретін емес, барша әлем халқын сүйіндіретін жаңашыл саясат керек.                                                      Кез келген қиындық адамды тығырықтан шығуға, өзгеше ойлауға, қалыптасқан жұмыс тәсілдерін жетілдіруге бастайды. Ал бұл ғылым мен технологияны дамытуға, сергек өмір салтын қалыптастыруға алып келеді. Бүгінде еңбекті ұйымдастырудың креативті әдістері, тіпті жаңа кәсіп түрлері шыға бастады. Қазір адамдар біртіндеп қағазбастылықтан арылып, қашықтан жұмыс істеу режиміне көшті. Осының бәрі бір кезде алдын ала жоспарланып, кеңінен ойластырылған шаралардың арқасында ғана мүмкін болып жатыр.
Рухы мықты, өзіне сенімді адамды қиындықтар шынықтырады. Сондықтан біз бойкүйездіктен, сары уайымнан, енжарлықтан арылып, тығырықтан шығудың жолын іздеген бүкіл әлем халқымен бірге ширыға, шыңдала түсуіміз керек.                        
«Бірлік жоқ жерде – тірлік жоқ», – деген екен әйгілі данышпан Төле би. Береке-бірліктің алмайтын қамалы, бағындырмайтын биігі болмайды. Біз үшін ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап күткен, 30 жылға жуық уақыт бұрын қолымыз жеткен азаттықты мәңгі баянды етуден асқан мұрат жоқ. Қазақстан – халқымыз тату-тәтті және келісімде өмір сүріп жатқан ортақ шаңырағымыз. Алуандығымыз – бәсекелі және жаһандық әлемдегі біздің баға жетпес байлығымыз бен артықшылығымыз. Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген барлық табысымыздың қайнары – ең алдымен халқымыздың береке-бірлігі. Алла Тағала бізді осы бірлігімізден де, тірлігімізден де айырмасын.          
Мен сөзімді алдымен аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдеріне арнаймын: халықты ынтымаққа шақырып, жақсылыққа, ізгі амалдар жасауға, саламатты өмір салтын ұстануға үндеңіздер. «Ырыс алды – ынтымақ» екенін ұмытпаңыздар. Жастарды еңбекке, білім алуға, қатарының алды болуға тәрбиелеңіздер. Ұрпақ алдындағы жауапкершілік бізді осыған міндеттейді.        
Жаңа өскін – жас ұрпаққа айтарым: тәуелсіздік жылдары дүниеге келген сендер келер жылы орда бұзар отызға толасыңдар. Еліміздегі ең қуатты күш – өздеріңсіңдер. Аға ұрпақ сендер үшін қолдан келгеннің бәрін жасады, енді сендердің де күш-қайрат жұмсайтын кездерің келді. Жамандықтан, жат әдеттен сақтанып, игі істер жасауға ұмтылыңдар. Үлкенге – ізетті,  кішіге  – қамқор, бір-біріңе дос болыңдар. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деген Абай аталарыңның өсиетін ешқашан естен шығармаңдар. Кәсіпкерлерге де арнайы айтарым бар: сіздер тәуелсіздіктің арқасында өз істеріңізді қалыптастырып, аяқтарыңызға нық тұрдыңыздар, мол дәулетке кенелдіңіздер. Енді «Мен еліме не беремін?» дейтін кездеріңіз де келді.                                               
Осы орайда, менің өтінішім бойынша өз отандастарына қол ұшын беріп, қаржылай, заттай көмектесіп жатқан кәсіпкер азаматтар баршылық. Осы бір жарасымды үрдіс, игі іс одан әрі жалғасын табады деп сенемін.                                                                      
Ұрпақ пен дәстүр сабақтастығы болған жерде ғана игілік пен ізгілік қатар өркен жаяды. Осы қасиетті қағида әрбір қазақстандықтың жадынан, жүрегінен орын алуы керек.    
Маған небір қиын-қыстау күндерде ешқашан намысын бермеген, қашанда бірлігі бекем, пейілі кең, құшағы ашық, бауырмал халыққа басшылық ету бақыты бұйырды. Сондықтан қазіргідей алабұртпа көңіл жағдайында дана да дархан халқыма – баршаңызға зор ризашылыққа толы осы сөздерімді жолдадым.                                        
Біз тәуелсіздік жылдары сан алуан қиындық пен дағдарысты бастан өткердік. Соның бәрінде мен анық жағдайды, түйткілді проблемаларды ашық түрде алдарыңызға жайып салып отырдым. Сіздер маған үнемі сенім арттыңыздар, мен туған халқымның сол сенімінен ұдайы күш-қуат алдым. Сол үшін Сіздерге тағы мың да бір алғысымды білдіремін.                                                                                                            
Ұлт денсаулығы мен мемлекет қауіпсіздігі – бір-бірімен етене, егіз ұғымдар. Мемлекет бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды және тиісті шараның барлығын атқарады. Бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды.                                                                                    Біз – біртұтас ел, бірлігі берік жұртпыз. Мен әрқашан халқыммен бірге болғанмын, бұл жолы да сіздермен біргемін. Біз біргеміз. Қиындыққа қайыспай, белімізді бекем буып, береке-бірлігімізден айрылмайық. Сонда ғана біз қастерлі тәуелсіздігімізді сақтап, Қазақстанды «Мәңгілік ел» болуға лайықты ете аламыз.

www.elbasy.kz

ЕЛБАСЫ Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ «ЯДРОЛЫҚ ҚАРУСЫЗ ӘЛЕМ ЖӘНЕ ЖАҺАНДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ҮШІН» СЫЙЛЫҒЫН ТАПСЫРУ РӘСІМІНДЕ СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ. 2019 ЖЫЛҒЫ 29 ТАМЫЗ

Құрметті рәсімге қатысушылар!
Қадірлі қонақтар!

Баршаңызды «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін» сыйлығын тапсыру рәсімінде көргеніме қуаныштымын. Осы іс-шараға қатысып отырған белгілі сарапшыларға, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, әлемнің түкпіртүкпірінен келген достарымызға ризашылығымды білдіремін.
Бүгін тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемнің антиядролық қозғалысы үшін тарихи күн. 1991 жылғы дәл осы 29 тамызда менің жарлығыммен әлемдегі ең ірі Семей ядролық полигоны жабылғанын білесіздер. Бұл бүкіл халқымыз 40 жыл бойы күткен тарихи шешім болды.
1949 жылғы 29 тамызда Қазақстанда Кеңес Одағының бірінші атом бомбасы жарылып, орасан зор экологиялық және адами трагедияға әкеп соқтырды. 40 жыл ішінде полигонда 456 ядролық сынақ өткізілді. Кем дегенде 500 мың адам радиацияның зардабын тартты.
2009 жылғы 2 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 64-ші сессиясы Қазақстанның бастамасы бойынша 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-әрекет күні ретінде жариялады. Бұл күн 2010 жылдан берi бүкіл әлемде атап өтіле бастады.

Құрметті қонақтар!
Ханымдар мен мырзалар!

1945 жылғы 6 тамызда сағат 8-ден 15 минут өткен шамада Хиросима үстіндегі алты жүз метр биіктікте салмағы төрт жарым тонналық уран бомбасы жарылды.
«Оның эпицентріне ең таяудағылар бірден өліп, денелері әп сәтте көмірге айналды. Жақын жерде ұшып жүрген құстар әуеде жалынға оранды, ал жарылыс эпицентрінен екі шақырым қашықтықтағы материалдар сол заматта балқып кетті», — делінген есепте.
Өкінішке қарай, алдын алудың сәті түспеген Хиросимо мен Нагасаки қасіреті туралы біз бәріміз білеміз...
Әлем бүгінде тағы да терең құздың жиегінде тұр. Екеуіне жаһандық ядролық арсеналдың 90%-ынан астамы тиесілі АҚШ пен Ресей арасындағы қарым-қатынас-тың геосаяси дағдарысы елеулі дүмпуге ұласты. Аталған тараптардың жанталаса, соның ішінде ғарышта да технологиялық қарулануының нәтижесі зор алаңдаушылық тудырып отыр. Қазақстан да қатысушы тараптың бірі ретінде қол қойған Орташа және жақын қашықтықтағы ракеталарды жою туралы келісімшарт толығымен күшін жойды. Стратегиялық шабуыл қаруын азайту туралы келісімшарттың да қолданысын тоқтату қаупі барған сайын айқындалып келеді.
Ядролық шиеленістің анық күшейіп келе жатқаны тек Америка-Ресей арасында ғана емес, әлемнің басқа да бірқатар стратегиялық маңызы бар өңірінде байқалады. Санкция саясаты мен «өзара жұдырық түйісу» онша нәтиже бермей, әзірше Корей түбегіндегі қатерді тек өршіте түсті.
Мұндай ұстанымдар әзірлену тарихының бір парасы Қазақстан астанасында да жазылған Иранға қатысты «ядролық мәміледе» қол жеткен жетістіктің бәрін іс жүзінде құрдымға кетіруге бет алып келеді.
Үндістан мен Пәкістан тарапы баса көңіл бөліп отырған Кашмир төңірегіндегі ахуалдың да күн өткен сайын ушығып бара жатқанына куәміз. Құрама Штаттардың орташа қашықтық ракеталарының құрлықтағы базасын Азия және Тынық мұхит өңіріне орналастыру жоспары және оған ҚХР тарапынан қарымта шаралар қабылдануының ықтималдығы туралы пікірталастар туа бастады.
Ядролық қарудың террорлық ұйымдар қолына түсу қаупі де жойылған жоқ. Қатерлі ядролық материалдар әлемнің 20-дан астам елінде сақтаулы, олардың кез келгені деструктивті күштердің нысанасына ілінуі әбден мүмкін.
Жасанды интеллектінің өзінен де күрделірек түйткілдерді шешуге қабілетті, жалпылық сипат алмақ жасанды интеллект дәуірі жақындап келеді. Ондай жасанды жүйелерге ядролық қаруды басқару ісін тапсырудың мүмкіндіктерімен қатар ықтимал қатерлері де бар. Іс жүзінде барлық жүйені де бұзуға болатынын, оның бақылаудан шығып кету қаупінің туындауы әбден мүмкін екенін біз білеміз.
Ядролық қаруы бар 9 елдің ешқайсысы да әскери бағдарламаны тоқтату мәселесін қарастырып отырмағаны іш жиғызып, тіксінтеді. Әлемде 2019 жылдың басында 13856 ядролық оқтұмсық болды. Бұл ретте оның 3750-інің тез қолданылуына мүмкіндік бар, ал 2000-дайы тіпті батырманы бір басумен-ақ іске қосылады.
Басқаша айтқанда, адамзат өз дамуының бұрын-соңды болып көрмеген аса күрделі кезеңін бастан өткеруде. Агрессияның күшеюі мен жаһандық деңгейде өзара сенімнің азаюы жағдайында жоғарыда айтылған түйткілдердің кез келгені әлем қоғамдастығын бақылаусыз аласапыран-хаосқа ұрындыруы мүмкін. Тек саясаткерлер ғана емес, әлемнің түрлі елдеріндегі қарапайым жұрт та бұған қатты алаңдаулы. Олар ертеңгі күн үшін уайымдайды және оның атар таңмен бірге аманесен келеріне күмәнданбауды қалар еді.

Құрметті рәсімге қатысушылар!                                                                         

Тәуелсіздігін алған сәттен бері Қазақстан ядролық қарусыз әлем жолындағы қозғалыстың алдыңғы шебінен өзінің айрықша орнын алды.
Менің жарлығыммен 28 жыл бұрын Жер шарындағы аса ірі ядролық полигонның бірінің жабылуы адамзат тарихында ядролық сынақ жүргізуге салынған тұңғыш заңи тыйым болды. Содан кейін Невададағы полигонның, Қытайдағы Лобнордың «үні өшті».
Жүздеген ядролық жарылыстың барлық сұмдығын басынан өткерген Қазақстан қуаттылығы жөнінен ғаламшардағы 4-ші ядролық әлеуетінен толық бас тарту бағытында өз еркімен таңдау жасады. Семей полигонынан соң әлемнің әр түкпіріндегі басқа да полигондар жабылды немесе жұмысы тоқтатылды. Осылайша, ядролық сынақ жүргізуге тыйым салу жаһандық сипат алды.
Түптеп келгенде, Семей полигонының жұмысын тоқтату туралы менің шешімім 1996 жылы Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы келісімшарттың қабылдануына жол ашты.
Ядролық қаруды сынау мен қолданудан зардап шеккен елдердің мемлекет басшылары ретінде Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэ екеуміз тарихта тұңғыш рет жоғары деңгейде ЯСЖТК құжатының күшіне енуіне қолдайтын бірлескен мәлімдемеге қол қойдық.
Қазақстанның өңірдегі көршілес елдермен бірлескен күш-жігері Орталық Азияда Ядролық қарудан азат аймақ қалыптастыруға жол ашып берді. Сөз арасында айта кету керек, осы күндері біздің астанамызда ядролық қарудан азат барлық аймақ өкілдерінің кездесуі өтіп жатыр. Біз мұндай аймақтар құру тәжірибесін көбейтуді,соның ішінде оны Таяу Шығыста да қалыптастыруды жақтаймыз.
Біздің ел — ядролық қарусыздану, оны таратпау және атом қуатын бейбіт мақсатпен қолдану саласындағы барлық іргелі халықаралық келісімшарттардың қатысушысы. Биыл Қазақстанның Ядролық қаруды таратпау туралы келісімшартқа қосылғанына 25 жыл толды. Екі ай бұрын Қазақстан әлемнің өзге 24 елінің қатарына еніп, Ядролық қаруға тыйым салу туралы келісімшартты ратификациялады.
Осы жылы біз Қазақстанда менің бастамаммен салынған МАГАТЭ банкіне аз байытылған уранның бастапқы партиясының жеткізілуін күтіп отырмыз. Агенттіктің «шатыры астында» барлық мемлекеттерге бейбіт атомды дамытуға деген өздерінің заңды құқығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін болғандықтан, банк аса маңызды рөл атқарады. Бұл ретте әр мемлекет үшін уран байытумен айналысуға қажеттілік жоқ екені маңызды.
2019 жылғы «Бейбітсүйгіштіктің жаһандық индексі» бойынша Қазақстан 163 елдің ішінен жоғары 64-ші және ТМД елдері арасында бірінші орын алды. Бұл ретте ядролық қарудан азат әлем қалыптастыруға деген ұмтылыс қазақстандықтардың жалпыұлттық сана-сезімінде маңызды мәселеге айналғанын да ризашылықпен атап өткім келеді.

Құрметті достар!
Мен 1991 жылы бірден-бір дұрыс қадам болатын тарихи шешім қабылдап, жас мемлекеттің күш-қуаты ядролық қаруда еместігін нықтадым. Өзіміз нақты үлгі көрсету арқылы біз прогресс пен өсіп-өркендеу бағытына қарай бейбіт жолмен-ақ табысты ілгерілеуге болатынын дәлелдедік.
Қазіргі таңда Қазақстан халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықтың мойындалған жақтаушысы ретінде танымал. Менің ойымша, бұл жайт маған қазір жаһан қоғамдастығын бізден үлгі алуға, бүкіл әлемде Қазақстанның тәжірибесін қолдануға шақыруға моральдық құқық береді. Осы орайда, мен өз сөзімде ядролық қарусыздану және оны таратпау мәселелері бойынша бірқатар нақты тезистер ұсынғым келеді.
Бірінші. Қазіргі барлық сын-қатерлер алдында жаһан қоғамдастығы даналық көрсетіп, бәрімізге ортақ ғаламшардың болашағы туралы диалог жолында батыл қадамдар жасауға тиіс. Келісім жасалатын үстел басына ең алдымен ядролық державалардың басшылары жиналса, сонда ғана бұл диалог нәтижелі болады. Мен осы істің басы-қасындағы негізгі ойыншыларға — АҚШ, Ресей, Қытай және басқа да ядролық державалар басшыларына біздің астанамызда кездесу туралы ресми ұсыныс білдірдім.
Тарихта бұған дейін әлденеше рет болғандай, адамзаттың ертеңі үшін жауапкершілікті өз мойнына әрдайым әлемнің ірі мемлекеттерінің басшылары алатын.
Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін де, Екінші дүниежүзілік соғыстан соң да солай болған еді. Нәтижесінде БҰҰ құрылды. Қазір де, меніңше, сондай уақыт туып отыр.
Екінші. Стратегиялық тұрақтылықтың архаикалық тұжырымдамасын ядролық қару негізінде қайта қарастыру қажет. Сонымен қатар ядролық қарулануды бақылаудың жаңа жүйесін құрған жөн. Нәтижеде Ядролық қарулануды азайту туралы жалпыға ортақ келісімшарт әзірлеу жөнінде келіссөз өткізу керек-ақ.
Үшінші. Ядролық державалар тарапынан заңи тұрғыдан міндетті негативті қауіпсіздік кепілдігінің тиімді жүйесін енгізу мәселесі өте өзекті. Қауіпсіздік кепілдігі ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан, сондай-ақ ядролық қарусыз ел мәртебесі бар мемлекеттерге берілуге тиіс. Мұндай шара қабылданбайынша, ядролық қаруға ие болу «табалдырығы алдында тұрған елдердің» оған тырысудан бас тартуынан үміттену әрі аңғалдық, әрі тым күмәнді мәселе дер едім.
Төртінші. «Ядролық клуб» мүшелері жаппай қырып-жою қаруына қатысты өз саясаттарын өзгерту бағытында міндеттемелер мен шектеулердің топтамасын қабылдауы керек тәрізді. Ең алдымен, олардың бұл тұста ядролық кешендерді қолдау мен жаңғыртудың дәстүрге айналған бұрынғы тәжірибесінен бас тартқандары абзал. Аумақтарында сынақ полигондары орналасқан мемлекеттерге ол полигондар инфрақұрылымын жоюды ұсынамын. Қазақстанның бұл салады тәжірибесі бар және біз оны бөлісуге әзірміз.
Бесінші. Соңғы жиырма жыл ішінде ЯСЖТК-ні әмбебаптандыру және оның сақталуын Халықаралық мониторинг жүйесі көмегімен бақылау ісінде елеулі ілгерілеуге қол жеткізілді. Сонымен қатар, Келісімшарттың күшіне енуі үшін біз оны әлі ратификацияламаған бірқатар мемлекеттердің мұны іске асыруы жолында табандырақ болуымыз керек.
Алтыншы. ЯҚТК режимі мен тетіктерін толығымен әмбебаптандыру және мейлінше нығайту қажет. Әлемге ядролық қаруды иелену мен таратуға қарсы қатаң шаралардың нақты қолданылатын тетігі керек. Ол қатаң тетік БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тиісті қарарларымен бекітілген болуға тиіс.

Құрметті рәсімге қатысушылар!
Адамдардың, халықтар мен мемлекеттердің тату-тәтті өмір сүруі мұратына ұмтылатын біздер сияқты жандарды Қазақстанда жоғары бағалайды. Жаппай қырып-жою қаруынан Жер шарын арылту арқылы жаһандық ауқымдағы бейбітшілікті қамтамасыз ету ниетінде бізбен бірлескендерді құрмет тұтады.
Мен сондай саяси қайраткерлер мен қоғам көшбасшыларының және ұйымдардың еңбегін таныту, бағалау, марапаттау мақсатымен 2016 жылы «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін» сыйлығын тағайындадым.
Биыл сыйлықты МАГАТЭ-ның бұрынғы бас директоры Юкия Аманоға және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы келісімшарт жөніндегі ұйымның атқарушы хатшысы Лассина Зербоға беру туралы Іріктеу комитетінің шешімін мен толық қолдаймын.
Зор өкінішке қарай, Юкия Аманоның өткен айда өмірден озғаны белгілі. Біз оны жүрегі кең адам, МАГАТЭ-ның негізгі мақсаттарына қол жеткізілуіне және Агенттіктің Қазақстанмен ынтымақтастығының жоғары деңгейге көтерілуіне айрықша үлес қосқан жан ретінде жадымызда сақтаймыз. Ол Қазақстанда Аз байытылған уран банкін құру ісіне белсене атсалысты. Мен Юкия Аманоның осы залда отырған зайыбы мен бауырына шын ниетіммен көңіл айтамын.
Сонымен қатар мен сыйлықтың екінші лауреаты — ЯСЖТКҰ басшысы Лассина Зербоға ыстық ілтипатымды білдіремін. Оның верификациялық режимді нығайту және Келісімшарт мониторингінің халықаралық желісін құру жолындағы күшжігерін лайықты бағалаған жөн.

Құрметті достар!
Бұл сыйлық адамзаттың болашағы ядролық қарусыз әлемде екені жөніндегі мән-маңызы аса зор ойды еске салып тұратын кәделі естеліктің тағы да біріне айналады деп кәміл сенемін.
Жаппай қырып-жоятын қарудың аса қатерлі осы түрінен біздің ғаламшар ертелікеш біржола арылатынына және мен жария еткен «Әлем. ХХI ғасыр» манифесінің негізгі мақсаты орындалатынына нық сенімдімін. Бүгінгі іс-шара — прогресс пен баршаның өсіп-өркендеуі жолында бірлесе әрекет ету туралы жаһан қоғамдастығына арнаған біздің жолдауымыз.

Тыңдағандарыңызға рахмет!

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Қызмет хроникасы. 2019 жыл (21.03 – 31.12). — Нұр-Сұлтан: Деловой Мир Астана, 2020. — 178-183 б.

ЕЛБАСЫ Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ "КЕМЕҢГЕРЛІКТІҢ 30 ЖЫЛЫ" АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ. 2019 ЖЫЛҒЫ 21 МАУСЫМ

Құрметті конференцияға қатысушылар!
Қадірлі қауым!

Бүгінгі басқосуда баршаңызды, әсіресе, ескі, таныс достарымды, әріптестерімді көргеніме қуаныштымын.
Естен кетпес 1989 жыл уақыт өткен сайын алыстап барады. Сол кезде сіздер мені Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы лауазымына сайлап едіңіздер. Өздеріңіз көп жыл бойы куә болған ел мүддесі жолындағы қызметім дәл сол күні басталған болатын. Біз тәуелсіз Қазақстанның іргесін бірге қаладық. Егемен еліміздің жаңа тарихын жазуды бірге бастадық.
Мен осы жиында жастарды да көріп отырғаныма қуаныштымын. Біз 30 жыл бойы жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін жұмыс істеп, халқымызға қызмет еттік.

Құрметті конференцияға қатысушылар!
Мен бүгін сіздермен бірге біздің тәуелсіз Қазақстанды тұрғызуды неден бастағанымызды еске алғым келеді.
Құрамында Қазақстан да болған бір кездегі ұлы держава өмір сүруін тоқтатты. Сол кезде, осыдан 30 жыл бұрын Қазақстан неге тап болғанын сіздердің естеріңізге салғым келеді.
Бірінші — күйрей бастаған экономика. Экономикалық байланыстардың драмалық үзілуі, жаңа тәуелсіз мемлекеттердің іс-әрекеттерінде үйлесімнің болмауы қатаң экономикалық апатқа алып келді. Шарықтаған инфляция, ІЖӨ-нің құлдырауы, тұрақты бюджет дефициті, халық табысының күрт төмендеуі, жаппай жұмыссыздықтың өсуі. Осының бәрі шешілуі қажет проблемалардың бір ғана бөлігі еді!
1990-шы жылдардың басында Қазақстанның қандай сындарлы жағдайда қалғанын көрсету үшін мен сіздерге бірер деректер мен цифрларды ғана келтірейін. Ел ІЖӨ-нің — 61% күрт құлдырағанын бастан өткерді! Өнеркәсіптің құлдырауы 1994 жылға қарай 28% жетті. Өткізу нарығынсыз, шикізатсыз және айналмалы қаражатсыз қалған 130 қазақстандық ірі кәсіпорын өз жұмысын тоқтатты. Жуырда ғана одақтық нарық біздің өніміміздің 90%-на дейін пайдаланып келгеннің өзінде осылай болды.
Нәтижесінде 1991 жылдан басынан 1995 жыл бойынша жұмыссыз адамдар саны 2 млн-ға жетті. Ақшаның құнсыздануы мен тауар дефициті жағдайында бартерлік қатынастардың қанат жаюы өріс алды. Кәсіпорындар бір-бірімен ақшалай емес, тауармен есептесті. Бұл дағдарысты тек асқындыра түсті.
Өндірістің құлдырауының, еңбекақылар мен зейнетақылардың уақытылы берілмеуінің әлеуметтік зардаптары өте ауыр болды. Бағалар айына 50%-ға өсті. Жылдық инфляция 2000%-дан асып түсті. Сонымен бірге, өмір сүру деңгейі бойынша сол кездегі Қазақстан одақтас республикалар арасында 12-13 орында болды. Осы жерде қатысып отырғандардың көпшілігі еңбекақыны өз өндірісінің өнімімен берген кезеңді ұмыта қоймаған болар деп ойлаймын. Оның үстіне, электр қуатын, жылу мен газ беруде іркілістер жиі болып тұрды.
Екінші. Этносаралық жанжалдар пайда болуының қатері. 1989 жылы 15 одақтас республиканың аумағында 100-ден астам өкілдері тұрып жатты.
Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңы мен 90-шы жылдардың басында ұлт мәселесінің қандай өткір сипат алғаны біздің жақсы есімізде. Одақтың түрлі шалғайларында этносаралық шиеленістер бой көрсетті. Таулы Қарабақта, Тбилисиде, Приднестровьеде, Балтық бойында, Ферғана жазығында не болғаны естеріңізде шығар — онда адамдар өліп жатты. Сондай-ақ тәуелсіздіктің бастапқы кезінің өзінде-ақ Тәжікстанда азамат соғысының қантөгісі өріс алды.
Сол кезде, сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан ауқымды этносаралық жанжалдардың табалдырығында тұрды. Ал мәселелерді шешудің дайын жолдары ешкімде де болмады.
Үшінші. Қазақстан демографиялық драманың табалдырығында тұрғанын да естеріңізге салайын. 1989 жылғы халық санағының нәтижесі бойынша жергілікті халық  — қазақтар 39% немесе 6,5 млн сәл ғана астамды құрады. Бұл адамдарды елдің барлық түкпір-түкпірінен біздің жерімізге қоныс аудартуы мен депортациялауының нәтижесінде болды. Мектептердің тек 30% ғана сабақты қазақ тілінде жүргізді. Осында, Алматыда бір ғана қазақ мектебі болғаны естеріңізде шығар!
Сол кездегі аса ауыр экономикалық ахуал Қазақстан халқының ауқымды эмиграциясын туғызды. Өмір сүрудің орташа ұзақтығы сол жылдары 5 жылға азайды, бала туу күрт төмендеді. Осының бәрі халық санының елеулі — 10%-ға қысқаруына алып келді. 1990 жылғы халық санағына сәйкес Қазақстанда енді 14 млн жуық адам тұрып жатты.
Төртінші. Технологиялық артта қалушылық. Ашығын айту қажет, жолымыздың басында біз технологиялық ең артта қалған республикалардың бірі болдық.
Қомақты шикізат ресурстары мен өнеркәсіп секторының бар екеніне қарамастан, Қазақстан өз байлығының иесі емес еді. Қазақстан өнеркәсібінің 93% Мәскеудегі орталық ведомстволардың бағынысыда болғанын естеріңізге салайын.
1991-1992 жылдары біз еліміз аумағына орналасқан өнеркәсіп объектілерін меншігімізге қайтардық. Алайда, бізде оны басқару тәжірибесі жоқ екенін білдік. Оның үстіне, республикалар арасныдағы экономикалық байланытсардың күрт үзілуі шикізат жөнелту мен өнім өткізу жүйесінің бұзылуына алып келді.
Бесінші. Көлік маршруттарының теңгерімсіздігі. Қазақстан Еуразия құрлығында транзиттік тұрғыдан өте тиіміді орналасқан континентальды ел екені белгілі. Алайда кеңестік кезеңде біздің барлық көліктік маршруттарымыз жаппай бір мақсатқа — баламалы көлік жолдары толықтай жоқ жағдайда шикізатты шығаруға бағындырылған болатын. Біз біржақты бағытталған көлік жүйесінде болдық, бұл біздің республикамыздың экономикалық дамуын тежеді.
Алтыншы. Экологиялық проблемалар. Арал экологиялық апаты және Семей полигонының не екенін әрбір қазақстандық біледі. Бұл Кеңес Одағының жанды аурытатыны «мұрасы», оның зардаптарын біз қазіргіе дейін кезініп келеміз. Арал теңізі таңғажайып флорасы мен фаунасы бар, аумағы жағынан әлемдегі төртінші көл болғаны баршаның есінде. Суландыру жүйесіне арнап бөгеттер салу кезінде жіберілген кешірілмес қателіктер оның тайыздануына алып келді. Арал трагедиясы өңірдің экожүйесіне де, сондай-ақ оның әлеуметтік-экономикалық жағдайына да күйретерлік әсер етті. Климаты өзгерді.Балық аулау өндірісі жойылды, 60 мыңнан астам жұмыс орындары жоғалды. Жергілікті тұрғындар түрлі аурулардан зардап шегіп, жұмыс ісздеп өңірден кете бастады.
КСРО-ның ядролық қаруын сынау үшін басты алаң болған, белгілі Семей полигонының қайғылы әсері ерекше ауры болды. Өздеріңіз білетіндей, полигон бар болған жылдары 343 жер асты және 200-ден астам жер бетіндегі және әуедегі жарылыстар өткізілді. Сөз жоқ, ол жарылыстардың зардапты әсері адамдардың денсаулығы мен өңірдің экологиялық ахуалына өз ізін қалдырмай қоймады.
Мен бұл қайғылы тізімді жалғастыра бергім келмейді, бірақ өмірдің шындығы осындай. Біздің жағдайымыз осындай болды. Мен бұл процестердің бәрін толықтай сезіндім. Менің шаруашылық тәжірибем ахуалды айқын түсініп, олар жөнінде КСРО халық депутаттарының съездерінде ашық айтуыма көмектесті.
Горбачев, Ельцин — сол кездің ең беделді тұлғалары 1990 жылдардың басында маған КСРО-ның Премьер-министрі болуды ұсынды. Кеңес Одағы Үкіметі басшысының лауазымына мен келген жағдайда даму қалай бет алар еді деген әңгіме қазірге дейін сөз болып жатады.
Төрелік айту қиын әрі енді қазір пайдасы да жоқ. Мен сол кезде өмірдегі ең маңызды шешімді қабылдадым. Сол сәттен бастап менің басты міндетім өзімнің туған Қазақстаным болып келеді!
Сол жылдары саясаткер үшін стратегиялық ойлаудың маңызды екені туралы мен алғаш рет толғана бастадым. Осындай күрделі әрі болжап болмайтын жағдайларда өз кемеңді қай айлаққа алып баруың керек? Қане, сөзуарлыққа салынбай, жай ғана қарап көрелікші, мен жоғарыда айтқан сол ерекше күрделі міндеттерді біз қалай шештік, әрі біздің стратегиямыз дұрыс болды ма?
Бірінші. Нарықтық рельстерге көшу қажет болды және мұны шығыл жасау керек еді.Нарықтық экономиканың құпияларын меңгеру үшін көрнекті экономистермен ұзақ айлар бойы жұмыс істеуге тура келді. Біз мейлінше аз уақыт ішінде іс-әрекет жоспарын әзірлеп, нарықтық экономиканы қалыптастыруға кірістік. Бұл жөнінде көп айтылған. Біздің сол істегеніміз нағыз секіріс болды.
Ел ішінде қаншама сын болғанын, менің қаншама айыптауларды естігенімді еске түсіріңіздерші? Бірақ біздің күш салуымыздың нәтижесінде Қазақстан артта қалған шалғайдағыдан экономикалық тұрғыдан бүкіл ТМД кеңістігіндегі мейлінше табысты мемлекетке айналды.
Өздеріңіз білетіндей, тәуелсіздік жылдарында халқымыздың тұрмыстық деңгейі әлденеше есе артты. 30 жылда біз өз дамуымызда елеулі ілгерілеушілікке қол жеткіздік. Қазақстанның ІЖӨ тәуелсіздік жылдарында 1993 жылғы 11 млрд доллардан қазіргі кездегі 170, 5 млрд долларға дейін өсті. Осы уақытта бүкіл Орталық Азия елдерін қоса алғанда бұл көрсеткіш 109 млрд долларға жуықты құрайды. Қазақстан 86 млрд доллардан астам халықаралық резервтер мен активтер жинақтады, бұл қаражат тұрақты қаржылық-несиелік саясатты жүзеге асыру үшін жеткілікті. Біз 300 млрд доллардан астам тікелей шетел инвестицияларын тарттық.
Цифрландыру мен өнеркәсіпті технологиялық қайта жарақтандыруды белсенді жүргізіп жатырмыз. Бүгінде сатылған әрбір екінші жаңа автомобиль Қазақстанда жасалған.
Бүгінде Дүниежүзілік банктің «Бизнесті жүргізу» рейтингінде біздің еліміз 28-ші орынды иеленеді. ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі 27% құрайды.
Экономикалық табыстардың арқасында халықтың әл-ауқатынның нақты өсуін қамтамасыз етудің және елдегі кедейшілікті жеңудің сәті түсті. 90-шы жылдардың басында халықтың үштен бір бөлігінен астамы кедейшілік шегінде болса, кейіннен бұл көрсеткіш 4,6%-ға дейін төмендеді.
Қазақстанның 30 жылдағы эконоомикалық дамуын талдай келе, қандай ауқымды жұмыс атқарылғанын пайымдайсың. Біз алдымызға әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына ену биік міндетін қойып отырмыз. Біз бұл міндетті орындайтынымызға сенемін!
Екінші. Бізге еліміздегі татулық пен тұрақтылықты сақтап қалудың сәті түсті. Біз этносаралық татулықтың тамаша моделін жасай алдық, оған негіз етіп «әралуандықтың бірлігі» қағидаты алынды.
1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы 130 этностың өкілдерін біріктіре отырып, азаматтық қоғамның принципті түрдегі жаңа институты ретінде көрініп отыр. 2007 жылдан бастап ҚХА өзінің 9 өкілін ел Парламентінің Мәжілісіне делегат ету құқылы. Бүгінде біздің тәжірибеміз көп елдерде зерделеніп, қайсыбіреулерінде осындай құрылымдар құрылуда.
Біз конфессияаралық татулық пен келісімді қамтамасыз еттік. Қазақстанда 46 конфессияның өкілдері қатар тұрып, бірге оқиды, еңбек етіп, өз балаларын өсіруде.
Біздің жас елордамыз халықаралық рухани орталыққа айналды, мұнда әлемдік және дәстүрлі діндердің съездері жүйелі өтіп тұрады.
Үшінші. Біз демографиялық проблеманы шештік. Қазақстан халқының саны 3,5 млн адамға көбейді. Енді, біз 18 млн-нан астық, ал қазақтар соның 70%-ке жуығын құрайды. Кезінде шетелге кетуге мәжбүр болған 1 млн-нан астам қазақ Отанына оралды.
Еліміздегі орташа өмір сүру ұзақтығы 1991 жылғы 67 жастан 2018 жылы 73 жасқа дейін артты. Бір адамға арналған тұрғын үй алаңы 1,5 есе — 14 шаршы метрден 22 шаршы метрге дейін өсті. 219 жаңа аурухана, 1200-ге жуық емхана мен амбулатория салынды. 1849 жаңа мектеп, 900-ге жуық балабақша ашылды. «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде 10 мыңнан астам маман дайындадық.
Біз ана тілімізді сақтап қана қоймай, оны Қазақстанда ғылым мен білім саласының негізгі тіліне айналдыру үшін барлық жағдайды жасадық. Бүгінде мектептердің 70%-ті қазақ тілінде білім береді. Мемлекеттік тілде оқитын студенттердің үлесі — 64,5, орыс тілінде — 31, ағылшын тілінде — 4,5%-ті құрайды. Бұл мәселелердің бәрін ешқандай қысымсыз, нақты әрі дұрыс шаралар арқылы шештік.
Біз еліміздің тарихында тұңғыш рет маңызды ұлттық мәселе — «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруды бастадық. Әлемдегі үздік оқулықтар мен кітаптарды шетел тілдерінен тікелей қазақ тіліне аударудың маңызы зор. Қазіргі таңда 48 оқулық аударылды.
Төртінші. Біз қоршаған ортаны қорғау үшін теңдессіз шаралар қабылдадық. Менің ең алғашқы қабылдаған шешімдерімнің бірі — Семей ядролық полигонын жабу туралы. Біз орасан зор экологиялық апатқа ұшыратқан осы ядролық сынақ полигонын жабу үшін ауқымды жұмыстар атқардық. Мұны Кеңес Одағы әскериөнеркәсіптік кешенінің үзілді-кесілді қарсылығына қарамастан іске асырдық.
Біз Арал теңізінің солтүстік бөлігін құтқару үшін нақты шаралар қабылдадық. Аралды құтқару халықаралық қорының белсенді атсалысуымен Арал теңізінің бассейнін дамытуға бағытталған үш бағдарлама жүзеге асырылды. Соның арқасында Аралдың төңірегіндегі халықтың тұрмысы жақсарды. Жергілікті тұрғындар осы өңірден көшіп кетпей, тұрақтап қала бастады. Біз мұнда балық шаруашылығын қалпына келтіре алдық. Бүгінде Еуропалық одаққа жыл сайын экспортқа шығарылатын балық көлемі 8 мың тоннадан асты.
Бесінші. Қазіргі кезде біз барлық шешуші көліктік-логистикалық міндеттерді шештік. «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру аяқталуға жақындап келеді. Осы кезде біз 12,5 мың км автожолдарды салып, қайта жөндеуден өткіздік. Олар біз тіпті армандап та көрмеген автобандар.
Сондай-ақ 2,5 мың км темір жол салдық. Қазақстанның барлық әуежайларын жаңарттық, Каспий теңізінде екі қазіргі заманғы теңіз портын салдық.
Бағдарлама үлкен мультипликативті тиімділік береді. Құрылыс материалдарына сұраныс артуда. Автомагистралдарды бойлатып тиісті инфрақұрылымдар тұрғызылуда. Қосымша жұмыс орындары ашылуда. Биыл 54 мың жұмыс орнын құру жоспарланған.
«Нұрлы жол» бағдарламасын «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен ұштастыру экономиканың табысты саласы ретінде Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік берді. Енді жүкті Қытайдан Қазақстан арқылы жеткізіп беру және кері қарай теңіз жолымен жеткізуден төрт есе аз уақыт алады. 2018 жылы транзиттен түскен табыстар 1,5 млрд долларды құрады, бұл шегі емес. 5 млрд болады.
Айтыңыздаршы, 30 жыл бұрын біз Еуропа мен Азия-Тынық мұхит өңірінің нарықтарына тікелей шыға аламыз деп болжай алдық па? Ал біз бүгінде бір жағынан  — Еуропа елдері мен Атлант мұхитына тікелей шыға аламыз. Екінші жағынан — Тынық мұхиттағы қазақстандық Ляньюньган логистикалық терминалымен тікелей байланысқан Қазақстан — Қытай шекарасындағы Қорғас құрғақ порты.
Түрікменстан, Иран арқылы тартылған теміржолдар бізге Парсы шығанағы мен Үнді мұхитына шығуға мүмкіндік берді. Біздің стратегиямыздың арқасында Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі континенталдық саудада шешуші транзиттік буын болып алды.
Алтыншы. Біздің еліміз халықаралық аренада танымалдыққа қол жеткізді және үлкен беделге ие. Тарихымызда алғаш рет біз халықаралық мойындалған мемлекеттік шекараға ие болдық. Жаһандық геостратегиялық белгісіздік жағдайында мұның өзі Қазақстанның шешуші жетістіктерінің біріне айналды.
Біз АӨСШК, ШЫҰ және ЕАЭО құрылуына бастамашылық танытып, жүйелі тату көршілік пен ынтымақтастық белдеуін қалыптсатырдық. Біздің еліміз 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның ХХІ ғасырдағы жалғыз саммитін шақырды.
Біз ТМД елдерінен бірінші болып ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесін өткіздік.
Біз жаңа тамаша астанамызды өзіміз тұрғыздық, ол жөнінде 30 жыл бұрын армандай да алмайтынбыз.

Қымбатты достар!
Қазіргі кездегі оқиғалардан біз өзге болашақ бейнесінің сұлбасын барған сайын айқын көре бастағандаймыз. Тарихи тәжірибе қазіргі жүзжылдықтың болжап болмайтындай екендігін аңғартып отыр.
Бізді не күтіп тұр? Жаһандық өзгерістердің аясында мен стратегиялық тегеуріндердің бірнеше тобын бөліп атағым келеді. Менің көзқарасымша, олар қазірдің өзінде бізді қоршаған ортаны күрт өзгертуде.
Біріншіден, бұл динамикалы әрі үздіксіз технологиялық толқын. Біз оны өзіміз де байқамай, қазірдің өзінде цифрлық жағдайында өмір сүрудеміз. Өнертабушылар, программашы жасаушылар мен инженерлер біздің көз алдымызда басты әрі ең дәл футурологтарға айналды. Машиналардың екінші дәуірі басталуда. Біз машиналармен оқыту технологияларының, жасанды интеллекті мен трансгуманизмның жарылыса өсуін көріп отырмыз.
Екіншіден, кезекті индустриялық революция экономикалық парадигманың ауысуына алып келеді. Бұл секірісті іштен жану қозғалтқышын, электрді немесе компьютер технологияларын ойлап табумен салыстыруға болады.
Біздің көз алдымызда өркениеттің энергетикалық іргетасы да жылдам өзгеруде. 2050 жылға қарай энергияға әлемдік сұраныс қазіргі сұраныс көлемінен 3 есе өседі. Көп елде жел және күн энергиясы қазірдің өзінде әдеттегіден үш есе арзанға түсуде.
Материалдық тауарлар емес, ақпарат пен әлемдік цифрлы желілерге интеграция деңгейі құндылыққа айналуда. Жаңа мамандықтар пайда болады, ал бұрынғысының көбі жойылады. Қолданыстағы ақша жүйесінің құнсыздануы да ғажап емес.  Үшіншіден, осындай жағдайда әлемдегі орныққан геосаяси бөлініс те өзгереді. Әлемнің түрлі өңірлеріндегі әлемдік жүйе сыр беріп, сөгілуде. Планета әлемдік тәртіптің принципті түрдегі жаңа нұсқасына мұқтаж, ол жаңа күштердің, жаңа бағыттардың, жаңа тегеуріндер мен жаңа адамдардың пайда болуын ескермек.
Көп елдер жаңа жаппай қырып-жоятын шектен тыс қуатты қарумен оларды тасығыш құралдарды белсенділікпен жасауда, олар әзірге халықаралықпен құқықпен реттелмейді. Соңғы жүз жылда әлем бірнеше шектен тыс жойымпаз жаһандық соғысты бастн өткерді. Алайда аса жаңа әскери әзіремелер мен жинақталып қалған қару-жарақтарды ескерсек, үшінші әлемдік соғыс соңғысы болуы мүмкін.
Төртіншіден, әлемде шиеленістердің өсуінен басқа, түрлі жаһандық ахуалдардың қақтығысы болып жатыр. Жаһандық өсім орталығының Азияға елеулі ойысуы байқалады, ол Қытай, Үндістан, Индонезияның көтерілуінен болып отыр. «Үлкен жиырмалықтың» 7 мемлекеті қазірдің өзінде Шығыс елдерінен тұрады. Мүмкін, болашақта олар Батыстың ұзақ мерзімді тарихи басым болып келуіне баламаны жасай алатын шығар.
Осындай жағдайда біз де уақыт пен болып жатқан өзгерістердің жылдамдауын көріп отырмыз. Ал «шахмат тақталары», «өркениетті бөлінулер», «тарихтардың аяқталуы» деп аталатын және басқа да концептілер қазірдің өзінде архивке жөнелтілді. Қазіргі әлемнің жүйелі трансформациясы — біздің халқымыз үшін стратегиялық шақыру. Біз оларды қабылдауға әзір болуға тиіспіз.
Осы 30 жыл бойы Қазақстан қатаң экономикалық дағдарыстар тізбегінде шынықты. 1990 жылдардың басындағы КСРО тараған сәт пен 1998 жылғы «қаржы дауылынан» бастап, 2007 және 2014 жылдардағы кешенді дағдарыс толқындарына дейін.
Тез өзгеріп жатқан әлемдік ахуал бізден батылдықты, бейімделгіштікті және асқан белсенділікті талап етеді. Сол үшін 2050 жылға дейінгі дамудың стратегиялық жоспары әзірленді. «Сыртқы дауылдарға» қарамастан, біз бұрын қабылданған жоспарларға сәйкес өз дамуымызды жалғастырудамыз. Біз планетадағы ең дамыған 30 елдің қатарына кіруге ұмтыла отырып, жаңа әлемдегі өз орнымыз үшін жарысқа кірістік. Күш-жігерін жалғастыра берген жағдайда Қазақстанның жаңа әлемнің көшбасшыларының қатарына толықтай ене алатынына сенемін.
Осы орайда мен «Қазақстан-2050» стратегиясындағы сөзімді қайталап айтсам деймін.
Алдағы сынақтардан сүрінбей өту біздің өзімізге, бекем бірлігімізге байланысты. Ауызбіршілік пен тұрақтылық болғанда ғана еліміз өсіп-өркендей алады.
Біздің барлық жетістіктеріміз халқымыздың бірлігінің, оның ел тәуелсіздігін сақтау жолындағы жанқиярлық еңбегінің арқасында мүмкін болды. Мен тек өзімді сайлаған халқымның қалауын орындадым.
Қазақ халқы бірліктің арқасында жауларын жеңіп, елі мен жерін сақтап қалған.
Қазақты бағындырып, бодан ету үшін хандығын тартып алып, жүзге, руға бөлінуін айлакерлікпен пайдаланған.
Қазір де біздің еліміздің табыстарын көре алмайтын, байлығымызға қызығатындар аз емес. Оны ешқашан ұмытпауымыз қажет. Олар ішімізге іріткі салу үшін қолжаулық болатындарды, жетекке еретіндерді іздейді. Өкінішке орай, ондайларды табады. Бұл баяғы «бөліп ал да, билей бер» дейтін жымысқы саясат. Бізге төнетін ең үлкен қауіп осы.
Тәуелсіздіктің қандай қиыншылықпен келгенін зерттемейтін, білмейтін жастар бүгінгі еркін күнінен, азат Отанынан айырылып қалатынын түсіне бермейді. Мемлекет бұған жол бермеуі қажет. Бүкіл халық болып бірлікті, тыныштықты қолдау керек. Қазақ дәл бүгінгідей өмірді ешқашан көрген жоқ. Айырылып қалмайық. Менің еліме айтатын негізгі өсиетім осы. Ұлы Абайдың «біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең — істің бәрі бос» дегені де осы болар. Ұмытпайық.
Халық пен Президент әрдайым бірге. Біз барлық жетістікке ынтымақтың арқасында қол жеткіздік. Ішкі қарама-қайшылыққа тап болған елдер ілгері емес, кейін кетіп, әлемдік дамудың көшінен қалып қойды.
Ата-бабамыз: «Отан оттан да ыстық», «Отан үшін отқа түс, күймейсің», «Төртеу түгел болса — төбедегі келеді, алтау ала болса — ауыздағы кетеді» деп бекер айтпаған. Осылайша, олар Отанды сүюге, елді береке-бірлікте болуға шақырды.
Мен алдыңғы толқын — аға буынға сөзімді арнаймын! Сіздер пайым-парасаттарыңыз бен көрегендіктеріңізге сүйеніп, жастарға дұрыс бағыт-бағдар берулеріңіз керек. Олар Отанды сүюдің, мемлекетті нығайтудың, Тәуелсіздікті қорғаудың және жарқын болашақ үшін жұмыс істеудің маңыздылығын жете түсінуге тиіс.
Мен енді ортаңғы буын отандастарыма да сөз арнаймын! Сіздер бір елдің күйреп, тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасу кезеңін бастан өткердіңіздер. Бұл — күрделі де күрмеуі қиын шешімдер қабылданған уақыт болды. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз — кез келген қиындықты жеңуге көмектесетін баға жетпес байлық.
Ал, кейінгі толқын жастарға айтарым: жақсы өмір сүрудің бір ғана жолы бар, бұл — аянбай еңбек ету. Біздің болашаққа деген үкілі үмітіміз — өздерің. Біздің бүгінгі атқарып жатқан жұмыстарымыз тек сендер үшін жасалуда. Көпшілігіңіз тәуелсіз Қазақстанмен түйдей құрдассыздар. 2050 жылға қарай сіздер осы бағдарламаны жүзеге асыруға атсалысып, оң-солын таныған азамат боласыздар. Еліміздің одан әрі даму жолын сіздер айқындайсыздар.

Құрметті отандастар!
Жаңа заманның сынағы күшейіп келе жатқан алдағы 30 жыл адамзат тарихындағы күрделі кезең болуы мүмкін. Бірақ, кез келген ел экономика мен жер аумағынан ғана құралмайды. Мемлекеттілік — ең алдымен тәуелсіздік, патриотизм және халықтың рухы деген сөз.
Мен осы қастерлі құндылықтарды әрдайым ұлықтап, сақтауға тырыстым. Бар күш-қуатымды туған елімнің еңсесін биік ұстауға арнадым. Бұл құндылықтарды келер ұрпақ 30 жылдан кейін де, яғни 2049 жылдан соң да, көздің қарашығындай сақтап, абыройымыз асқақтай түседі деп сенемін!
Еліміздің мәртебесі әрдайым арта берсін!
Тыңдағандарыңызға рахмет! 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Қызмет хроникасы. 2019 жыл (21.03 – 31.12). — Нұр-Сұлтан: Деловой Мир Астана, 2020. — 169-177 б.

ЕЛБАСЫ Н.Ә.НАЗАРБАЕВТЫҢ «ШАБЫТТАНДЫРУШЫ ӨСІМ: АДАМДАР, ҚАЛАЛАР, ЭКОНОМИКАЛАР» АТТЫ ХІІ АСТАНА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ФОРУМЫНДА СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ. 2019 ЖЫЛҒЫ 16 МАМЫР

Құрметті форумға қатысушылар! 
Қадірлі қонақтар!

Астана экономикалық форумының 12-ші жиынына қош келдіңіздер!
Мемлекеттер көшбасшыларына, халықаралық ұйымдардың жетекшілеріне, трансұлттық ірі компаниялардың өкілдеріне, осы басқосудың жұмысына атсалысып жатқан белгілі ғалымдар мен сарапшыларға шынайы ризашылығымды білдіремін.
Біздің жүйелі кездесулеріміз игі дәстүрге айналды және мен осы алаңда қалыптасқан өзара сенімді көңіл ауанын ерекше қадірлеймін.
2008 жылы мен осындай іс-шараны өткізуге бастамашылық танытқан болатынмын. Біз енді бүгін 12-ші форумды өткізіп отырмыз. Әр жолы да біз жаһандық та, өңірлік те сипаттағы ең өзекті мәселелерді талқылап келеміз. Олар қоғамның таяу жылдардағы дамуына әсер ететін стратегиялық мәселелер.
Осы жылдарда біз «G-Global» жобасын, экологиялық, кедейшілікпен күрес, адам капиталының, жаңа энергияның дамуы проблемаларын қоса алғанда, мәселелердің аса кең ауқымын талқыладық. Форум алаңында БҰҰ бас хатшысының қолдауымен дағдарысқа қарсы екі конференция өтті.
Осында талқыланған ұсыныстар мен қорытындылар Қазақстанның жаһандық тегеуріндерге дер кезінде қам жасап, қиындықтарды табысты еңсеруіне көбіне-көп көмегін тигізді. Біздің ойларымыз өзге өңірлерде де пайдаланылды деп ойлаймын.
Өздеріңіз білесіздер, барлық ахуалдар мен болжамдарға қарамастан, дамудың қазақстандық моделі қазірдің өзінде өзінің орнықтылығы мен тиімділігін дәлелдеді. Соған қарамастан, біз биік мақсаттар белгілеп, оларға қол жеткіздік.
Әлемнің ең дамыған 50 елінің және бизнесті жүргізу деңгейі бойынша 30-дықтың қатарына ендік. Елімізге 320 млрд АҚШ долларынан астам тікелей шетел инвестициялары тартылды. Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша өңірдің талассыз көшбасшысы болып отыр.
Мұндай прагмативті оптимизмді Қазақстанның саяси және экономикалық жүйесі сенімділігінің маңызды көрсеткіші деп санаймын. Біздің еліміз әлемдік қауымдастықтың қадірлі мүшелерінің біріне айналды. Тәуелсіздік жылдарында экономиканы 21 есе ұлғайттық. Кедейшілікті азайттық. Біз бұл бағытты нығайта беретін боламыз.
Сыртқы істер министрлігі шетел инвестицияларын тарту мәселесінде шешуші орган ретінде белгіленіп отыр. Біздің шет елдердегі елшіліктеріміз Қазақстанда жұмыс істегісі келетін кез келген инвестор үшін бірыңғай терезеге айналады.
Біз әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына ену жөніндегі жұмысымызды жалғастыра береміз. Қабылданған 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы осыған бағытталған. Экономикалық және әлеуметтік даму ұйымына кіретін елдердің өмір сапасы стандарттарын енгізуді мақсат етіп отырмыз. Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі Ұлт жоспарын қабылдадық. Бұл құжат нақ осы Астана экономикалық форумында жоғары бағасын алды.
Үшінші жаңғырту басталды, ауқымды инфрақұрылымдық және индустриалды бағдарламалар жүзеге асырылуда. Жерасты қазба байлықтары мен энергия ресурстарына бай елде нақ осы индустриалды бағдарлама баламалы экономиканы туғызады. 6 жылда біз 130 аса жаңа кәсіпорын салдық әрі осы бағдарламаны жүзеге асырып жатқан инвесторларға ерекше преференциялар жасалуда. Біз сондай-ақ «Бір белбеу, бір жол» идеясын да белсенді қолдадық.

Құрметті достар!
Биыл форумның «Шабыттандырушы өсім: адамдар, қалалар, экономикалар» тақырыбы қазіргі таңдағы әлемдік трендтер ескеріле отырып айқындалды. Қазақстан да осы процестердің бір бөлігі болып табылады. Экономикалық өсімнің әлемдік қарқыны болжанған 3,9%-дан 3,6%-ға дейін төмендеді. Бұдан басқа, ХВҚ экономикалық өсімнің әлемдік қарқыны 2019 жылы 3,3%-ға дейін одан да әрі төмендеуіне болжам жасап отыр. Сондықтан елдер дамудың жаңа жолдарын іздестіруде көбіне-көп бәсекелестіктің нарықтық емес әдістерін қолдана отырып, жұмыс істеп тұрған нарық үшін күресті күшейтуге мәжбүр.
Біз сіздермен бірге АҚШ, Қытай және Еуропа арасындағы сауда шиеленісінің асқынуын, дамушы экономикалардың макроэкономикалық есеңгіреуін, саяси популизмнің өршуін, АҚШ пен Ресей арасындағы санкциялық текетіресті көріп отырмыз. Бұған ядролық қауіпсіздік пен кәдуілгі қару-жарақтар саласындағы халықаралық келісімдердің де бұзылуын қоссақ, онда айқын бола түседі — бұл алаңдатады. Бұл ешкімге де жақсылық әкелмейді. Әлемдік экономика әртүрлі бағалаулар бойынша кем дегенде 0,7-0,8% өсімін жоғалтады.
Осындай жағдайда әлем жаһандық әлеуметтік, экономикалық және технологиялық трансформация кезеңіне енеді. Ол барлық елдердің халықтарына сынақ та, мүмкіндік те әкеледі. Сондықтан мен бүгін әлемнің таяу кезеңде қалай қалыптасатыны туралы өз пайымдарыммен бөліскім келеді.
Бірінші. Халық санының артуы ұлттық экономикалар өсімінде шешуші рөл атқарудан қалады да, еңбек өнімділігі негізгі драйверге айналады. Соңғы 50 жыл бойы дамыған елдерде ІЖӨ-нің жылдық өсімінің тек үштен бір бөлігі халық санының табиғи өсімі мен еңбекке қабілетті жастағылар санының артуы есебінен алынған болатын. Қалғаны нақ осы еңбек өнімділігінің артуы есебінен алынып келді.
Әлемдік сарапшылар осы көрсеткішті күрт өзгерте алатын елдердің ағымдағы жүзжылдықта бәсекеге қабілетті болатынына сенімді. Сонымен бірге, бүгінгі таңда өнімділік өсімінің әлеуеті келесі онжылдықтың ауқымында жылына кем дегенде 2%-ын құрай алады. Соның ішінде өнімділікті арттыру мүмкіндігінің 60%-ға жуығы цифрлы технологиялар есебінен алынады.
Екінші. Цифрлы өзгерістер бізге үйреншікті экономиканың бейнесін өзгертеді. Бүгінгі таңда жаһандық экономикалық ландшафтты жоғары технологиялы компаниялар айқындайтын болады. Мәселен, технологиялық алыптар («Apple», «Google», «Microsoft», «Amazon» и «Tencent») ТОП-5 компания нарықтық құны бойынша дәстүрлі өнеркәсіптік және инвестициялық корпорацияларды ығыстырып шығарады. Олардың жиынтық құны 3,5 трлн долларды құрайды, бұл кейбір дамыған елдердің ІЖӨ-сімен сәйкес келеді. Айталық, мысалы, Германияның ІЖӨсі 3,6 трлн долларға жуықты құрайды.
 Жаңа технологиялардың дәстүрлі сауда саласына енуі оның тиімділігін едәуір арттырды. Сондай-ақ, болжамдар бойынша, теріс факторлар (сауда соғыстары)
болмаған жағдайда, цифрландырудың арқасында әлемдік сауданың әлеуеті 2030 жылға қарай жыл сайын 2%-ға жуық өсімді құрайды.
Үшінші. Адам капиталына деген талап артады және білім беру процесінде трансформация жүзеге асады. Мобильді әрі креативті адам капиталы кез келген экономика табыстылығының шешуші тірегіне айналады. Елдер арасындағы халықтың жан басына шаққандағы ІЖӨ деңгейінің 10-нан 30%-ға дейінгі айырмашылығы нақ соның сапасына байланысты.
Технологиялардың қолжетімділігін дамыту мен арттырудың арқасында қазірдің өзінде әлемдік экономикадағы жұмыс уақытының жартысын автоматтандыруға болады. Осыған байланысты, 2030 жылға қарай бүкіл әлем бойынша 375 млн-ға тарта адамның, ал бұл жаһандық жұмыс күшінің 14%-ға жуығы, қайта білім алып, мамандығын өзгертуіне тура келеді.
Бұдан басқа, жаңа технологиялардың енгізілуі кейбір мамандықтарды сұраныстан шығарып тастайды, сонымен бірге жаңа мамандықтардың да пайда болуына алып келеді.
Тіпті, кейбір табысы төмен және орташа елдердің өзінде көптеген адамдар осыдан отыз жыл бұрын олар жөнінде біз естімеген мамандықтар бойынша жұмыс істейді.
Төртінші. Қалалар экономикалық дамуда елеулі рөл атқарады және олардың ықпалы тек арта түсетін болады. Адамдар қай жерде және сапалырақ өмір сүру туралы шешім қабылдайды. Олардың тұрмыс жағдайы өсу нүктесінің төңірегіне шоғырланады, мегаполистер соған айналуда.
Бүгінде бүкіл әлем бойынша 4 млрд-тан астам адам немесе планета халқының 55% қалаларда тұрады. 2050 жылға қарай қала халқы екі еседен астам өседі деп күтілуде, онда әлемдегі 10 адамның 7 қалалықтар болады.
Енді инвестициялар елдерге емес, қалаларға келеді. Онда қазірдің өзінде әлемдік ІЖӨ-нің 80%-дан астамы шоғырланған, ал егер ол өнімділікті арттыру мен инновацияларды енгізудің есебінен жүзеге асып жатса, урбанизация тұрақты өсімге ықпал етеді.
Қазақстан да урбанизацияның әлемдік трендінің арнасымен дамуда. Біздің ірі қалаларымыз қанатын кеңге жая түсуде. Олар өсім нүктесіне айналып, адамдарды, білім мен технологияларды магнит сияқты тарта беретін болады. Біздің қалаларымыздың болашақ табысы — Қазақстанның әлемдік нарықтағы бәсекелестігінің шешуші факторы.

Құрметті форумға қатысушылар!
Біз сіздермен тағы да күрделі уақытта кездесіп отырмыз. Жекелеген ірі экономикалардағы саяси және экономикалық оқиғалардың айқын еместігі мен популизмнің күшеюі шешуші трендке айналуда. Көріп отырғандарыңыздай, экономикалық жоспарлаудың көкжиектері қатты тарылуда.
Күрделі ахуалдан шығудың жолдарын БҰҰ, G-20, Дүниежүзілік сауда ұйымы сияқты халықаралық ұйымдардың аясынан іздеуге және табуға болады.
Бірлесе талқылап, басқаруға көшетін уақыт келді. Мен жақында Пекинде «Бір белдеу, бір жол» екінші форумында ұсынғанымдай, жаһандық архитектураны «Үш Д» — «Үш диалог» базасында тұрғызуға болады.
Біріншісі — АҚШ, Ресей, Қытай мен Еуропалық Одақ арасында. Бұл оларға адамзаттың тағдыры тәуелді аса ірі экономикалар.
Екіншісі — Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес пен Еуропадағы қауіпсіздік мен ынтымақтастық ұйымының әлеуеттерін біріктіретін Еуразия деңгейінде.
Үшіншісі — ЕАЭО, Еуроодақ, ШОС және АСЕАН арасындағы инвестициялық диалог.
Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан түрлі проблемалар бойынша келіссөздер процесі үшін қаншама рет тиімді платформа бола білді. Астанада жүзжылдықта алғаш рет ЕҚЫҰ-ның, Ислам мемлекеттерінің саммиті, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің саммиті өтті. Астана экономикалық форумы мен менің G-Global бастамам осындай диалогтар үшін алаң бола алады.
АЭФ форумының аясында «G-Global диалогы.Үлкен Еуразия» жеке платформасын құруды ұйымдастырған қажет деп санаймын. Осы жерде бизнес пен ЕО, ЕАЭО, ШЫҰ мен АСЕАН-ды қоса алғанда, ұлттан жоғары тұратын органдардың өкілдері ынтымақтастықтың оған әзірге саясат серкелері бара алмай жүрген мәселелерін талқылай алар еді.
Тараптар арасындағы алауыздықтар прагмативті экономикалық өзара іс-қимыл үшін кедергі болады. Ең соңында, жеміс бермейтін санкциялар режимінен бүкіл әлемнің болашағын айқындайтын шешуші жаһандық лидерлер арасындағы тікелей диалогқа көшу маңызды.
Осыған байланысты АҚШ, Қытай, Ресей және Еуроодақ арасында қалыптасқан геосаяси дағдарыстан шығудың жолын іздеу қажет. Мен осы мемлекеттердің лидерлерімен келіссөздер жүргізудемін.
Бұл жұмысты одан әрі министрге және жоғары деңгейге көшіретіндей етіп, шешуші ми орталықтарымен диалог арқылы жолға қою қажет. Ондай алаңды біз өз елордамызда ұсына аламыз.

Құрметті ханымдар мен мырзалар!
Бүгінгі Астана экономикалық форумының ерекше маңызы бар және ол Қазақстан үшін тарихи сәтте өтуде. Өздеріңіз білетіндей, мен сіздердің алдарыңызда президент емес қалпымда сөйлеп тұрмын. Еліміз бен халқымыздың мүдделері үшін президенттік өкілеттігімді тоқтату туралы оңай емес шешімді қабылдадым. Тәуелсіздік жылдарында біз танымал мемлекетке айналдық. Бізден ядроға қарсы бастамалар шығып жатыр. Бұл бізге деген сенімді оятуда.
Біз еліміздің тарихында алғаш рет Конституцияға толық сәйкес, бейбіт әрі тыныштық жағдайында, демократиялық жолмен билік транзитін жүзеге асырудамыз. Осы жаңа кезеңге Қазақстан өзінің миссиясын, стратегиялық міндеттері мен ұстанған бағытының жалғастылығын терең түсіне отырып қадам басуда. Бір айға жуық мерзімде өтетін кезектен тыс сайлау елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Мен Елбасы және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде, қауіпсіздік мәселелерін, ішкі және сыртқы саясатты қоса алғанда, мемлекетті дамытудың стратегиялық бағыттары бойынша жұмысты жалғастыра беремін. Бұл жаһандық экономикалық дамудың барлық процестерінің қауырт трансформациясы байқалып отырған кезде ерекше маңызды. Менің барлық жұмысым жаңа президенттің қызметіне қолдау танытып, транзиттің тыныштық жағдайында өтуін қамтамасыз етуге бағытталады.

Қымбатты достар!
Әлеуметтік игілік, тыныштық, әрбір азаматтың ертеңгі күнге деген сенімі біздің басымдықтарымыз болып келген және солай болып қала береді. Осында айтылған идеялар әлемдік саясат пен экономиканың ең күрделі әрі өзекті мәселелерінің шешімін іздестіруге ықпал ететініне күмәнім жоқ. Барлық спикерлер мен қатысушыларға тағы да үлкен алғысымды білдіріп, сіздерге жаңа табыстар тілеуге рұқсат етіңіздер!

www.elbasy.kz

 

ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ – ЕЛБАСЫ Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ XXVII СЕССИЯСЫНДА СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ. 2019 ЖЫЛҒЫ 29 СӘУІР

Қымбатты отандастар!

Баршаңызды Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясының ашылуымен құттықтаймын!
Ассамблея құрылған күннен бастап еліміздегі мызғымас бірліктің ұйытқысы, сарқылмас берекенің бастауы болып келеді. Бүгінде бұл құрылым — еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі саналады.

Құрметті сессияға қатысушылар!
Бүкіл әлем аса үлкен өзгерістерді бастан кешуде. Бәріміз де қазірдің өзінде мүлде жаңа тарихи кезеңде өмір сүріп жатқанымызды түсінеміз. Біз бұған байқалмай келіп отырмыз.
Экономика, қоғам өмірі, технологиялар түбегейлі өзгерді. Біз бұл жаңалықтарды қабылдаймыз, көп нәрсені үйреніп жатырмыз, қазірдің өзінде көбін білеміз. Бірақ бұл құбылмалы әлемде тұрақты, мызғымайтын бір құндылық бар, ол — қоғамның бірлігі мен ұлтаралық татулық. Ол бізге өзіміз тыныс алатын ауа сияқты үйреншікті құндылық. Бәлкім, біз оны тіпті байқамаспыз. Нақ осы аса маңызды фактор біздің болашақ әлемдегі бәсекеге қабілеттілігімізді айқындайды. Оның себебі мынада.
Біріншіден, өзгерістер мен жетістіктер дәуірі әлемді бұрынғыдан қауіпсіз ете алмағанын өкінішпен мойындауға тиіспіз. Бүгінгі таңда әлемде қырыққа тарта «ыстық нүктелер» мен бықсып жатқан шиеленіс ошақтары бар, оларға отызға жуық мемлекет тартылған. Соның көпшілігінің басты себебі ішкі этносаралық және дінаралық қайшылықтарда жатыр. Біз одан ешкімнің де сақтана алмайтынын көріп отырмыз. Бұл елемеуге болмайтын қайғылы сабақтар. Сондай-ақ ұлттық радикализммен де ойнауға болмайды. Біздің егеменді мемлекет, біртұтас азаматтық қауымдастық ретінде өмір сүруіміз шын мәнінде тікелей осыған байланысты.
Екіншіден, этносаралық кикілжіңдер көбіне-көп тіпті қуатты деген елдер туының да жығылуына алып келетінін талдау көрсетіп отыр. Бір кезде ұлтаралық немесе дінаралық саясатта жіберілген қателіктердің өзі ауыр тарихи драмаларға душар етеді. Біз бәрін түсінеміз — мемлекет болып қалыптаса алмаған мемлекеттердің ащы тарихы ондағы адамдардың бір кезде бірлігін, татулығы мен өзара түсіністігін сақтай алмағандығы туралы хабар береді.
Үшіншіден, әлем өте құбылмалы әрі осал болып тұр. Күн сайын әлденеше ондаған мың адам жайлы жер іздеп, өз үйлерін тастап кетуде. Бүгінгі таңда дүние жүзіндегі мигранттардың саны 258 млн адамнан асты, соның 70 миллиондайы — босқындар. Жойқын миграциялық толқындар көптеген елдердегі әлеуметтік және саяси теңгерімді, тұрмыс салтының өзін күрт өзгертеді. Қалыптасқан ахуалға қайтарылатын жауап — тіпті Батыстың толерантты қоғамдарының өзінде төзімділік дағдарысы мен ксенофобия рецидивінің асқынуы болып отыр.
Төртіншіден, қазіргі заманның елеп-ескермеуге болмайтын тағы бір жаһандық тегеуріні — цифрлы коммуникациялардың дамуы. Cөзсіз игіліктерімен қатар, олар өзімен бірге деструктивті әлеуетті де ала келді. Цифрлы коммуникациялардың мүмкіндіктері этносаралық және дінаралық өшпенділік өртін тұтату үшін де пайдаланылуда. Тұтастай бір желілік қауымдастықтар шек-шекараны білмейтін жауығу мен ксенофобияның ошағына айналуда. Желілерде өздерінің бет-жүздері мен тұлғаларын жасыратын кейбір адамдар қылмыс жасап, жазасыз кетеміз деп ойлайды. Мемлекет ондайларға қарсы батыл шаралар қолдануы тиіс. Мен мұны неге айтып тұрмын? Бұл мысалдар бізге бейбітшілікті, татулық пен бірлікті неге бар күшімізді салып қорғауымыз қажет екенін көрсетеді.
Біздің еліміз бен өңіріміз үшін бұл құндылықтардың мәні ерекше. Осыдан 30 жыл бұрын белгілі халықаралық сарапшылардың Орталық Азия «жаңа еуразиялық Балкандарға» айналуы мүмкін деп айтқанын еске түсіріп көрейікші. Олар біздің қоғамдарымыздың этнодінилік құрамының ерекшеліктерін көрсете отырып, өңір мемлекеттерінің болашағы жоқ, шиеленістердің шырмауында жойылып кетеді деп сеніммен болжам жасаған болатын.         
Алайда біз, Қазақстан халқы, тәуелсіздік жылдарында бұл деструктивті болжамдардың бәрін сенімді түрде теріске шығардық. Біз экономикасы серпінді дамып отырған мығым мемлекет құрдық. Бірлесе отырып, тарихтың барлық бұралаңын орағытып өтіп, прагмативті және байсалды сыртқы саясатымыздың арқасында жоғары халықаралық беделге ие болдық. Біз елімізде құрған ұлтаралық қатынастар моделі теңгерімді, ұтымды, уақыт сынынан өткен және баршаға үлгі бола алады.
Осы процестерге талдау жасай келе, мен біз Қазақстан халқының бірлігі мен татулығын нығайтудың дұрыс жолына таңдау жасағанымызға әрдайым сенімді бола түсемін. Осы жолмен табысты жүру үшін қажетті құралдарды да таба білдік.
Бірінші. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы аса маңызды шешім болды. Халық еркімен құрылған ол беделді конституциялық органға айналды. Ассамблея алғашқы күндерден бастап мемлекет пен бүкіл халқымыздың алдындағы өз жауапкершілігін танытты және танытып та келеді. ҚХА барлық қазақстандық этностар мен діни конфессияларды мемлекеттік құрылысқа үйлесімді жұмылдырды. Ассамблеямызды мемлекеттің саяси жүйесіне кіріктіру арқылы біз ұлт бірлігінің таңғажайып өз бағытымызды қалыптастырдық. Міне, 12 жылдан бері ол Парламент Мәжілісінде ресми өкілдік етіп келеді. Ассамблеядан еліміздің басты заң шығарушы органына сайланған 9 депутат татулық пен келісімнің елшісіне айналды.
Екінші. Этносаралық және конфессияларалық теңдіктің берік құқықтық базасы жасалды. Оған сенім бостандығы туралы, тілдер туралы, қоғамдық бірлестіктер туралы, Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы тұтас заңдар жүйесі кіреді. Бізде этностардың құқығын шектейтін бірде-бір заң жоқ. Барлық азаматтардың теңдігі еліміздің Ата заңында ашық мәтінмен жазылған.
Үшінші. Біздің мемлекетіміздің этносаралық саладағы саясаты «алуантүрліліктің бірлігі» қағидатына негізделген. Бұл тіл саясатында мейлінше айқын көрінді.
Ең алдымен, мемлекеттік тілде оқытатын мектептер желісі ұлғаюда. Қазір олар 4 мыңға жақындап қалды. Бұл 90-шы жылдардың бас кезіндегіден екі есе көп. Ал қазақ тіліне үйрететін орталықтар барлық талапкерлер үшін де қолжетімді. Осыған байланысты «Ситуативный казахский — «Мәміле» жобасын атап өтуді маңызды деп санаймын. Ол жағдайға байланысты қолданылатын қазақ тілін ілгерілетуге бағытталған, мұның өзі оны тез үйренуге және күнделікті қолдануға ықпал ететін болады.
Осымен бір мезгілде мемлекет этникалық тілдер мен мәдениеттердің дамуына қолдау көрсетіп келеді. 88 мектепте оқыту өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде жүргізіледі. Ал 108 мектепте 22 қазақстандық этностардың тілдері жеке пән ретінде оқытылады. Елімізде 15 тілде басылымдар жарық көреді, телеарналар эфиріне 11 тілде хабарлар шығарылады. Елде 14 орыс, өзбек, сондай-ақ ТМД-да жалғыз ұйғыр, корей және неміс театрлары жұмыс істейді. Мұндай еш жерде жоқ.
Демек, «алуантүрліліктің бірлігі» қағидаты қазіргі тәуелсіз Қазақстанның бейнесін барлық 130 этностың бәрі қалыптастырады дегенді білдіреді, олардың өкілдері өздерін қазақстандықпыз деп атайды. Біздің мен қайталап айтудан жалықпайтындай байлығымыз — осында. Әртүрлі мәдениет пен тілдердің иелері, біздің бәріміз де — Қазақстан жерінің перзенттеріміз, соған деген махаббат бізді біріктіреді.
Осыған орай «Туған жер» бағдарламасы жоғары жауапкершілік пен жалпыұлттық патриотизмнің нақты көрінісіне айналды. Кәсіпкерлер — түрлі ұлттар өкілдері өңірлерде жүздеген миллион теңгенің әлеуметтік объектілерін салып берді. Олардың қатарында Гарик Бернецян, Владимир Лыткин, Никон Ким, Шамсадин Гусеинов, Виктор Хильниченко, Виктор Сычев, Абуев Хасан, Сергей Блок, Рубик Аветисян және көптеген басқалар да бар.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» бағдарламасына 20 астам этникалық топтың өкілдері қатысты. Биыл біз Жастар жылының аясындағы іс-шараларды жүзеге асырып жатырмыз. Бұл ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған үлкен жобаның бір бөлігі.
Төртінші. Қазақстанда татулық пен келісімді қамтамасыз етудің кең жайылған әлеуметтік инфрақұрылымы құрылған. Ол жұмысты жүйелі жүргізуге ықпал етеді. Әр облыста әкімдер жетекшілік ететін өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеялары жұмыс істейді. Ғылыми-сараптамалық кеңестер, қоғамдық келісім кеңестері, журналистер клубы, аналар кеңесі мен көптеген басқа да құрылымдар ҚХА-ның «бұталарына» айналып отыр. Елімізде 820 тарта этномәдени бірлестік бар, бұл осыдан ширек ғасыр бұрынғыдан 20 еседен астам көп.
Табысты жұмыс істеу үшін бәрінің де тамаша мүмкіндіктері бар. Мемлекет астанасындағы Бейбітшілік пен келісім сарайы, облыс орталықтарындағы Достық үйлері солардың құзырында. Осы құрылымдарды ұдайы дамытып отыру мемлекеттің этносаралық қатынастарға деген ерекше көзқарасын жақсы аңғартатынына назар аударғым келеді.
Бесінші. Ең ақырында, біз халықаралық қауымдастықта бейбітшілік пен келісімінің құндылықтарын ілгерілетуге ұмтыламыз. Қазақстан жері өркениеттер диалогының мекеніне айналды. 2003 жылдан бастап елордамызда барлық әлемдік және дәстүрлі діндердің жүздеген өкілдері қатысатын съезі жүйелі түрде өткізіліп келеді.
Біздің ұлтаралық татулық пен келісімдегі тәжірибеміз БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ және АӨСШК сияқты көптеген халықаралық алаңдарда көптен мойындалған. Еліміз Таулы Қарабақ, Пәкстан мен Үндістан, Иран және Сирия, Ресей мен Түркия төңірегіндегі шиеленістерді бәсеңдетуге үлесін қосты. Жанжалдарды бейбіт жолмен шешу, өз қалауың бойынша үйлесімді өмір сүру — осының бәрі де Қазақстандық модельде бекімін тапқан ұлттық құндылықтардың бір бөлігі.
Алтыншы. 2017 жылдан бастап біз мемлекеттік саясаттың әлеуметтік бағытын күшейту бойынша жүйелі шараларға бастамашылық таныттық.
Бұл — табысты арттыру және халықтың тұрмысы төмен бөлігіне қолдау көрсету. «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде мен жалақысы төмен бюджеттік қызметкерлер категорияларының еңбекақысын 30%-ға дейін, ал атқарушы органдар төменгі буын қызметкерлерінің еңбекақысын 25%-ға дейін көбейтуді тапсырдым. Бұған дейін 2017 және 2018 жылдары біз зейнетақылар мен жәрдемақылардың мөлшерін арттырған болатынбыз. Ал еңбекақысы төмен 2 млн қызметкер үшін салық төмендетілді. Тұрмысы төмен көп балалы отбасыларға айрықша назар аударылды.
Біз сондай-ақ жұмыспен кеңінен қамту мен бұқаралық кәсіпкерлікті дамытуды жалғастыра береміз. Мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті — жұмыс беру және өмір сүру үшін қалыпты жағдайлар жасау.
5 жылдың ауқымында білім беруге, ғылым мен денсаулық сақтауға барлық көздерден жұмсалатын шығын ІЖӨ-нің 10% дейін жеткізілетін болады. Біз медициналық туризмде қазірдің өзінде белгілі бір нәтижелерге қол жеткіздік. Мәселен, 2018 жылы Қазақстанға емделу үшін 2 мыңнан астам шетел азаматы келіп кетті.
Тұрғын үй саласында «7-20-25» және «Нұрлы жер» бағдарламалары жүзеге асырылуда.
Қазіргі заманғы жергілікті жолдар, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым желілерінің ұлғайтылуы жаңа мүмкіндіктер ашады. Біз бүкіл ел бойынша жоғары класты жолдар желісін қалай салғанымызды байқаған жоқпыз.

Құрметті сессияға қатысушылар!
Біз 30 жылға жуық тәуелсіз мемлекет және тәуелсіз қоғам ретінде өмір сүрудеміз.
Мен қазақстандықтар өзіне ең жоғары деңгейдегі әлеуметтік жауапкершілікті алуға дайын деп есептеймін.
Бұл елдің және халықтың тағдыры үшін жауапкершілік. Қоғамдық бақылау, еріктілікпен айналысу, қайырымдылық, меценаттық, шиеленістерді шешудің азаматтық тетіктері — елдің барлық жауапты азаматтарының қатысуын талап ететін істер, міне, осылар. Өткен жылғы Азаматтық форумда және қазіргі Жастар жылының аясында мен берген тапсырмалар бұл үшін барлық қажетті жағдайларды жасады. Енді осы барлық тетіктердің үйлесімді әрі тиімді жұмысын қамтамасыз ету қажет.
Біріншіден, әлеуметтік бірлікті нығайту үшін медиация институтын толыққанды пайдалану қажет. Ассамблеяның аясында 800 астам қоғамдық медиатор әрекет етеді. Олардың белсенді қатысуының арқасында тек өткен жылдың өзінде 20 мыңға тарта медиациялық келісімдер жасалды. Сот жүйесінде, білім беру мен денсаулық сақтауда елеулі тәжірибе қалыптасты.
Қазір медиация институтын пайда болып жататын даулы мәселелердің алдын алу мен уақтылы шешілуіне бағыттау қажет. Кез келген түсініспеушілікті ол душар ететін жанжалдың зардаптарын жойып жатқаннан ең дұрысы — келісім іздеу арқылы оның алдын алу.
Екіншіден, орталықтағы және жергілікті жерлердегі билік органдарының жанынан құрылған барлық қоғамдық ұйымдардың қызметі айқын регламенттелуі тиіс. Олардың сапалық құрамын күшейтіп, функциионалы мен жауапкершілік аясын айқындау қажет. Сонымен бірге мемлекеттік органдар қоғамдық ұйымдардың бағаларына, ұсыныстары мен пікірлеріне құлақ асып, оларды өз қызметінде ескеруі тиіс. Қазақстан халқы Ассамблеясына «Nur Otan» партиясымен бірлесе отырып, осы жұмысқа белсене кірісуді тапсырамын.
Үшіншіден, Ассамблея Кәсіпкерлер қауымдастығы желісі бойынша шетелдік инвесторлармен экономикалық ынтымақтастықты ұлғайтуы қажет. Мемлекеттік деңгейде шетел инвестицияларын тартумен Сыртқы істер министрлігі белсенді айналысады. Көптеген елшіліктердің жанынан қазақстандық жобалар мен тауарларды ілгерілету жөніндегі алаңдар құрылған. Алайда ҚХА-ның да өзінің қызықты мүмкіндіктері бар Ассамблеяның кәсіпкер өкілдерін шет мемлекеттермен екіжақты Іскерлік кеңестерінің бәріне қосу қажет. Ассамблея кәсіпкерлері қауымдастығының қызметін жаңа сапалық деңгейге көтеріп, оның құрамын бизнес-қауымдастықтың жетекші өкілдерімен күшейту қажет. Іс жүзінде ҚХА-ның өзіндік шетелдік достары клубын құруға болады, ол іскерлік байланыстардың дамуына және елімізге инвестициялар тартуға ықпал етер еді.
Төртіншіден, ҚХА-ның депутаттық корпусының әлеуетін белсендірек пайдалану қажет. Ең алдымен, өзге елдермен парламентаралық байланыстарды жолға қою үшін пайдалану керек. Осы деңгейдегі берік байланыстар біздің шетелдік серіктестерімізбен басқа да бағыттар бойынша ынтымақтастығымызды нығайтуға көмектесетін болады. Мұның өзі сондай-ақ тәжірибе алмасып, озық тәжірибені зерттеудің де тиімді жолы.

Құрметті сессия делегаттары!
Қазақстан халқы Ассамблеясы — қоғамдық сананы жаңғыртуға белсене қатысушы. Білімді пір тұтыну, жаңа идеяларға ашықтық, ұлттық кодты сақтау және Қазақстан дамуының эволюциялық жолы — жалпыұлттық тарихи сана мен ортақ құндылықтардың берік негізін қалыптастыратын көздер, міне, осылар. Әрі мұның өзі Ассамблеяның жауапкершілігіне тікелей қатысты аймақ.
Мен осыдан екі жыл бұрын ашып берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы оған әрбір қазақстандық қатыса алатындай етіп құрылған. Қоғамдық сананы жаңғырту деп біз бүкіл қоғамның рухани және зияткерлік тұрғыдан жаңаруын айтамыз. Біз күшті әрі жауапты адамдардың біртұтас халқымыз, сондықтанда ойларымыз бен ісәрекеттеріміздің бейнесін нақ осылайша қайта құруымыз қажет. Біздің Отанымыз ортақ және біз осында өмір сүріп, балаларымызды өсіретін боламыз.
Осы сәтті пайдалана отырып, православие христиандары мен барлық қазақстандықтарды Ұлы оразаның аяқталуымен және Пасха мейрамының келуімен құттықтаймын. Ал барлық мұсылмандарды келесі айдың басында басталатын жарылқаушы Рамазан айымен құттықтаймын.

Қымбатты достар!
Келесі жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толады.
2020 жылы біз сондай-ақ Конституциямыздың қабылдануының 25 жылдығын атап өтеміз. Бұл біз үшін маңызды әрі айтулы даталар. Біз бұл жаңа шепке немен келгенімізді түсініп, баршаға көрсетуге тиіспіз.
Тәуелсіздігіміздің 27 жылдан астам кезінде мен елдің нағыз бірлігі патриотизммен, өзінің жері мен халқына, оның мәдениетіне деген махаббатымен, ортақ құндылықтарымен, мақсаттарымен және міндеттерімен беки түсетініне барынша көз жеткіздім. Қазақстан экономикалық және саяси табысты, бейбіт әрі мығым мемлекет, мұнда адамдар жақсы өмір сүреді және болашағына сеніммен қарайды.
Иә, уақыт орнында тұрмайды, алайда мен біздің халқымыз бірлігі мен татулығын сақтай отырып, уақыт тегеурініне абыроймен жауап беріп, жаңа биіктерге қол жеткізетініне сенімдімін.

Құрметті Ассамблея мүшелері!
Бүгінгі сессия біздің еліімздің өміріндегі маңызды кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр.
Наурызда мен Президенттік өкілеттігімді тоқтатқаным туралы маңызды шешім қабылдағаным белгілі. Бұл қадам Қазақстанның бұдан былай да тұрақты әрі сенімді дамуын қамтамасыз етуі үшін жасалған болатын. Мен мұндай күрделі шешімді ұзақ әрі мұқият ойланып-толғанып барып қабылдадым. Қолдау көрсетіп, түсіністік танытқандары үшін халқымызға, соның ішінде ҚХА-ның барлық мүшелеріне алғысымды білдіргім келеді.
Президент сайлауы 9 маусымға тағайындалған. «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ съезінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасы ұсынылды. Ол тәжірибелі мемлекет қайраткері, Қазақстанның нағыз патриоты, елді басқаруға лайықты. Барлық қазақстандықтарды, Ассамблея мүшелерін алда тұрған сайлауға белсене қатысып, біздің бірлігімізді тағы да көрсетуге шақырамын.
Барлық қазақстандықтарға ашық аспан, бейбіт өмір, әрбір отбасына құт-береке тілеймін.

Ардақты ағайын!
Халықтың береке-бірлігі патриотизмді және ортақ құндылықтарды дәріптеу арқылы нығая түседі. Біз әл-ауқатымызды арттырып, жұртымызды биік мақсаттарға жұмылдыру үшін берік негіз қалыптастырдық.
Ассамблея әрдайым татулық пен тұрақтылықтың кепілі болып қала береді деп сенемін!
Баршаңызды келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен  құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!
Жақын қалған Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын!
Тыңдағандарыңызға рахмет.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Қызмет хроникасы. 2019 жыл (21.03 – 31.12). — Нұр-Сұлтан: Деловой Мир Астана, 2020. — 148-154 б.

«NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС ХІХ СЪЕЗІНДЕ СӨЙЛЕЙГЕН СӨЗІ. 2019 ЖЫЛҒЫ 23 СӘУІР

Құрметті партияластар!
Қадірлі қауым!

Баршаңызбен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ съезінде жүздескеніме қуаныштымын!
Біз партиямыздың жақында өткен ХVIII съезінде мемлекетке, елге қажет барлық мәселені кеңінен талқылап, шешім қабылдадық. Сондай-ақ партияның стратегиялық бағдарламасын бекіттік. Атқарған жұмыстарымыз бен жетістіктерімізге баға бердік.
Ал бүгін Қазақстан Президентінің алдағы сайлауына өз кандидатымызды ұсыну үшін бас қосып отырмыз. Бұл — өте маңызды мәселе. Қазақстан жаңа тарихи кезеңге қадам басты.
Биылғы 19 наурызда мен президенттік өкілеттігімді тоқтаттым. Еліміздің жарқын болашағы үшін осындай шешім қабылдадым. Мемлекетті басқаруға басшылардың жаңа буыны келеді. Олар тәуелсіз Қазақстанның абыройын арттырып, беделін биіктете түседі деп сенемін!

Қымбатты партияластар!
Тәуелсіздік жылдары ауқымды белес артта қалды. Мемлекетімізді қалыптастыру жолын біз ауыр дағдарыс жағдайында бастадық. Экономиканың жаппай күйреуі халықтың басым көпшілігін күйзеліске ұшыратты.
Көптеген сарапшылар этносаралық шиеленістер мен қақтығыстар болады деп болжам жасаған еді. Бірақ біз өзіміздің егемен елімізде бейбітшілік пен келісім жағдайында өмір сүруге лайықты екенімізді бүкіл әлемге дәлелдедік.
Менің «алдымен — экономика, сосын саясат» деген негізгі қағидатым дәлелденді. Ең әуелі халықтың тұрмысын, әл-ауқатын жақсарту қажет болды. Дұрыс жүргізілген саясаттың арқасында еліміз посткеңестік кеңістіктегі қарқынды дамып келе жатқан мемлекетке айналды. Бүгінде Қазақстан бәсекеге мейлінше қабілетті 50 ел қатарына қосылды. Біз нағыз индустриялық державаға айналдық.
Ең бастысы, біз елдегі кедейшілік деңгейін 10 есе дерлік төмендеттік. Әр жылы елде мыңдаған жұмыс орны пайда болуда. Мемлекет бизнеске қолдау көрсетіп, теңдессіз шаралар қабылдап келеді.
Біз білімді, саламатты ұлт қалыптастырдық. Ең қиын жылдарда мен мыңдаған жас қазақстандықты әлемнің үздік университеттеріне жібердім. Бүгінде озық білім беру жүйесін Қазақстанда қалыптастырудамыз. Оның өзегі Назарбаев зияткерлік мектептері мен Назарбаев Университет болмақ.
Біз барша қазақстандықтардың жетістігінің айқын көрінісіне айналған әсем астанамызды салдық.
Халқымыздың рухани байлығын, мәдениеті мен тілін сақтап қалдық және еселей түстік. Отандық әртістердің, суретшілердің, спортшылардың есімі бүкіл әлемге танылды.
Біздің ел — халықаралық саясаттың беделді және белсенді қатысушысы.
Бүгінде біз тағдырымызға өзіміз иелік етіп, өз болашағымызға жол салып жатырмыз. Ел-жұрт 30 жыл дерлік маған өзінің жоғары басшысы болуыма сенім білдірді. Маған өз халқыммен бірге тәуелсіз Қазақстанды құру мәртебесі бұйырғанын мақтан тұтамын. Қиын заманға қарамастан, халқым менің бастамаларыма әрдайым қолдау көрсетті. Соның арқасында біз барлық нәтижеге қол жеткіздік. Сол үшін еліме ризамын, алғысым шексіз!

Құрметті қазақстандықтар!
Тарихи өлшем тұрғысынан біз өз жолымыздың ең басында тұрмыз. Қазақстанды алда жарқын болашақ күтіп тұрғанына мен сенімдімін.
Біздің басты мақсатымыз — әлемдегі мейлінше дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Оған қол жеткізу үшін біздің Ел дамуының 2050 жылға дейінгі стратегиясында мен көрсетіп берген айқын жоспарымыз бар. Халықтың бірлігі, пәрменді билік вертикалы, қуатты экономика, азаматтардың бақуаттылығы мен бейбіт сыртқы саясат біздің басты құндылықтарымыз бен басымдықтарымызға айналды.
Осынау аса маңызды қағидалардан алыстау зор тарихи қателікке ұрындыруы мүмкін екеніне сенімдімін. Біздің бағдарымыздың сабақтастығы ғана Қазақстанның одан әрі табысты дамуын қамтамасыз ете алады.
Біз қоғамның барлық саласын жаппай жаңартуды қолға алдық. Төртінші өнеркәсіптік революция талаптарына сәйкес, елімізді технологиялық және инфрақұрылымдық тұрғыдан дамытудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Цифрландыру және инновацияны енгізу есебінен еңбек өнімділігі мен экономиканың бәсекеге қабілеттілігі артты. Сонымен бірге біз қоғамдық сананы жаңғырту үдерісін бастадық.
Осы ауқымды жұмыстың бәрі бүкіл қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Партияның 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтыған «Бақуатты қоғам: он жылдағы 10 мақсат» бағдарламасы қазақстандықтардың тұрмыс сапасының жаңа стандартына қол жеткізуге арналған.
Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру міндеттерін орындауды жалғастыра беру қажет. Жұмыс істеуге және өз еңбегі үшін лайықты сыйақы алуға әркімнің мүмкіндігі болуы керек.
Жалпы, бізде ел дамуының алдағы ондаған жылдардағы көрінісінің айқын жобасы бар. Менің саясатымды қазақстандықтардың абсолютті басым көпшілігінің қолдайтынын білемін. Жұртқа бағыттың тұрақтылығы мен ертеңгі күнге деген сенімділік қажет.
Мен қазіргі жаңа Қазақстанға елдің қалыптасуы сатысында басшылық еткен ел басшысы ретінде, әлбетте, бастамаларымыздың табысты болуын қалаймын. Күшім жеткенінше және Конституция бойынша өзіме бекітілген өкілеттіліктерге сәйкес Отанымызды өркендету үшін жұмыс істей беремін.
Мен Төраға болып қала беретін Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында атқаратын жұмыс көп. Қоғамдық келісім мен ұлтымыздың бірлігін нығайту үшін ісімізді жалғастыра береміз.
Қауіпсіздік кеңесін басқара отырып, сондай-ақ ішкі және сыртқы саясатты анықтай отырып, мен өзімнің көпжылдық тәжірибемді елімізді дамытудың бірқатар негізгі мәселелерін шешуге бағыттаймын.
Мен бұрынғысынша ең ірі «Nur Otan» саяси партиясының төрағасы болып қала беремін.
«Nur Otan» менің стратегиямның төңірегіне қоғамның барлық тобын біріктіруі қажет. Ол стратегия халықтың игілігіне арналған. Жаңғырудың тиімділігіне, соның ішінде партияның «Бақытты отбасы», «Құтты мекен», «Ауыл — ел бесігі» және «Халыққа көмек» жобаларын жүзеге асыру аясында әрбір қазақстандықтың қамқорлықты сезінуіне қол жеткізуіміз керек. Ол жобалар туралы мен партиямыздың өткен XVIII съезінде егжей-тегжейлі айттым.

Құрметті отандастар!
Еліміздегі билік сабақтастығын жалғастыру Ата заңымызға толық сай келеді.
Екі апта бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кезектен тыс сайлау өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл — жан-жақты ойластырылып жасалған қадам.
Қасым-Жомарт Кемелұлы — әрбір іске зор жауапкершілікпен қарайтын мемлекет қайраткері. Ол айқын саясат жүргізудің қаншалықты маңызды екенін жақсы біледі. Халықаралық аренадағы серіктестеріміз үшін де мұның мәні зор.
Біз бүкіл әлемге демократиялық даму жолын таңдағанымызды көрсеттік. Президенттік өкілеттігімді тоқтатқан соң бірқатар елдердің басшыларымен сөйлестім, көпшілігінен хаттар келіп түсті. Солардың бәрі билікті берудің өзіндік үлгісін жүзеге асырып жатқанымызға құрметпен қарайтынын жеткізді.
Ең алдымен, алдағы Президент сайлауы халқымызды биік мақсаттарға жұмылдыруға тиіс. Еліміз үшін тұрақтылық пен татулықтан артық ешнәрсе жоқ. Тыныштықта өмір сүріп, алаңсыз еңбек еткенге, бақытты ұрпақ тәрбиелегенге не жетсін?!
Міне, ең бастысы — осы. Қазақстандықтар бүгінгі тарихи кезеңде берекебірлік танытады деп сенемін. Жаңа басшылық халық сеніміне ие болып, елімізді белгіленген стратегиялық жоспарға сәйкес алға жетелейді.
Егер сайлаушылар «Nur Otan» партиясының кандидатына қолдау білдірсе, бағыт-бағдарымыздың дұрыстығын тағы бір мәрте дәлелдейміз. Азаматтарымыз дұрыс таңдау жасайды деп сенемін. Алдағы науқанға қатысушылардың бәрін сайлау заңнамасын және саяси бәсекенің негізгі қағидаттары мен ережелерін сақтауға шақырамын.

Құрметті делегаттар!
«Nur Otan» партиясының төрағасы ретінде мен Қазақстан Республикасы Президенті лауазымына Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын ұсыну мәселесін съездің қарауына енгізіп отырмын. Оны елдегі ең жоғары лауазымға қазіргі таңда ең лайықты кандидат деп санаймын.
Қасым-Жомарт Кемелұлы тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бері түрлі жауапты орындарда менімен бірге жұмыс істеді. Ол Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын қалыптастыруды менімен бірге бастаған жандардың бірі, көп жыл Сыртқы істер министрлігін басқарды.
Тоқаевтың дипломатиялық тәжірибесі Біріккен Ұлттар Ұйымы деңгейінде жоғары бағаланды. Осы жаһандық құрылымда ол Бас хатшының орынбасары қызметін
атқарғанын білесіздер.
Дипломатиядағы жетістіктерімен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік басқару саласында мол тәжірибе жинады. Ол ел дамуының өте күрделі кезеңінде Қазақстан Үкіметін басқарды.
1998 жылғы Азиядағы қаржы дағдарысынан кейін экономикамызды қалпына келтіруге атсалысты. Тоқаевтың тікелей қатысуымен 90-шы жылдардың аяғы мен 2000-шы жылдардың басында бірқатар маңызды реформа жүргізіліп, ел экономикасын өркендетуге жол ашылды.
Сол жылдары ол менің Ұлттық қор құру туралы идеямды толық қолдады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі және даму институттары пайда болды.
Әлеуметтік жаңғыру жолында алғашқы қадамдар жасалды. Жаңа зейнетақы жүйесі қалыптасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат төрағасы ретінде Қазақстандағы парламентаризмнің және заң шығару қызметінің дамуына мол үлес қосты. Осы жылдар ішінде ол маған сенімді серік болып, елімізді одан әрі өркендетуге қатысты ұстанымымды қолдап келеді.
Мен оған толық сенемін және оны Қазақстанды басқаруға лайық азамат деп есептеймін. Баршаңызды партиямыздың атынан түсетін ортақ кандидат — Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа бірауыздан қолдау көрсетуге шақырамын.

Құрметті партияластар!
Осы күндері біздің азаматтарымыздан менің өз лауазымымнан кету жөніндегі шешіміме өкініш білдірген, тағы сайлауға түсуді ұсынған көптеген хаттар алып келіп түсуде.
Менің оның астарындағы себебін түсінемін. Жұрт өз болашағына алаңдайды, тұрақтылықты және барлық этнос пен діннің теңдігі сақталғанын қалайды. Өзіме  деген игі ниет үшін ризамын. Әлгіндей алаңдаушылықты да түсінемін. Мен әбден ойластырылған шешім қабылдадым деп білемін.
Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың достыққа, барлық қазақстандықтардың құқығының теңдігіне негізделген саясатты толық сақтап қалатынына сенімді екенімді мәлімдеймін. Баршаңызды осы кандидатураны қолдауға шақырамын. Бұл дұрыс шешім болады.
Алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Партияның беделі мен халық сенімі сайлауда көрінеді. Серіктестері мен отандастары алдындағы өз жауапкершілігін партияның әрбір мүшесі сезінуге тиіс.
«Nur Otan» партиясы сайлау науқанын қарқынды әрі шынайы өткізуі керек. Ең алдымен республикалық Қоғамдық сайлау штабы жұмысын ұйымдастыру қажет.
Оған сенімді тұлғалар ретінде халық арасында беделді белгілі қоғам қайраткерлері кіруге тиіс. Мұндай штабтар елдің барлық өңірінде жұмыс істейтін болады.
Қысқа мерзім ішінде біздің кандидатты қолдайтындардың қолының қажетті санын жинауымыз керек. Одан соң сайлау науқанын өткізуге партияның барлық ресурсын жұмылдыру қажет. Бұл жұмысқа партияның барлық филиалы мен бастауыш ұйымдары белсене атсалысуға тиіс.
Саяси кеңес мүшелері де сырт қалмауы керек. Нақ осы жауапты кезеңде біз Саяси кеңес мүшелерінің әлеуетін барынша пайдаланғанымыз жөн. Жұртпен кездесулер өткізіп, бағдарламамыздың мән-жайын түсіндіруіміз, оларды дұрыс таңдау жасауға үгіттеуіміз керек.
Бұдан бөлек, сайлау науқаны аясында біз XXI ғасырдағы заманауи, жоғары технологияны меңгерген партия екенімізді көрсете білуіміз керек. Үгіт-насихат жұмысы барысында коммуникацияның жаңашыл тәсілдерін, өзекті саяси технологияларды қолданудың маңызы зор. Азаматтарымыздың барлық санатының жүрегіне жол табу үшін шетелдік кампаниялар тәжірибесін зерттеп-зерделеп, ең озығын алу керек.
Сайлау қорытындысы бойынша «Nur Otan» партиясы елдің жетекші саяси күші ретіндегі өз мәртебесін нығайтуға тиіс. Бағытымыз дұрыс болғандықтан, жұрт бізге сенетіндіктен жеңіске жететінімізге мен нық сенімдімін.
Баршаңызға табыс тілеймін!
Қазақстан — тек қана алға!
Алға, Nur Otan!
Алға, Қазақстан!

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Қызмет хроникасы. 2019 жыл (21.03 – 31.12). — Нұр-Сұлтан: Деловой Мир Астана, 2020. — 138-142 б.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ҮНДЕУІ. 2019 ЖЫЛҒЫ 19 НАУРЫЗ

Құрметті қазақстандықтар, отандастар!
Ардақты ағайын!
Қадірлі әріптестерім,«Нұр Отан» партиясының мүшелері!

Мемлекетіміздің аса маңызды тарихи сәттерінде халқыма үндеу жолдайтынымды білесіздер.
Бүгін де баршаңызға үндеу жариялағалы отырмын.
Бірақ, бүгінгі үндеудің маңызы зор.
Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл ­– оңай шешім емес.
Биыл еліміздің ең жоғары лауазымындағы қызметімді атқарып келе жатқаныма 30 жыл толады. Халқым маған тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті болу мүмкіндігін берді.   
Кеңес империясы құлаған сәтте біздің саясатымыз бен экономикамыз құлдырап қалды. Ел ішінде қобалжу мен түсініксіз жағдай орын алды. Ішкі жалпы өнім екі есе қысқарды, азық-түлік пен халық тұтынатын тауарлардың тапшылығы айқын сезілді. Бір мезетте ірі зауыттардың бәрі тоқтап қалды. Дүние төңкеріліп кеткендей көрінді.
Бұл сынақ болатын. Біз одан сүрінбей өтіп, дамудың қазақстандық жолын салуға белсене кірісіп кеттік.
Біздің үштұғырлы міндетіміз – нарықтық экономика құру, тоталитарлық идеологиялық жүйені бұзу және қоғамның барлық институттарын жаңғырту болды. Біз мұны заманауи демократиялық мемлекет – Қазақстан Республикасын құру үшін жасадық.
Біз әлсіз экономикамен және жағдайы жоқ азаматтармен демократиялық институттар қалыптастыру мүмкін болмайтынын түсініп, экономиканы дамыту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру ісіне баса мән бердік. Соның нәтижесінде экономикамызды 15 есе, ал халықтың табысын 9 есе (доллармен есептегенде) арттырып, кедейшілік деңгейін 10 есеге жуық қысқарта алдық.
Біз 2007-2012 жылдардағы ауқымды әлемдік қаржы дағдарысын қоса алғанда, кездескен қиындықтардың бәрін ешкімнің көмегінсіз және табысты еңсере білдік.
Қазақстан аграрлы экономикадан өнеркәсіптік-сервистік экономикаға өтті. Елді индустрияландыру және урбанизациялау процесі жүріп жатыр. Шикізат секторына әлемнің ірі инвесторлары келді. Соның арқасында мұнай-газ секторындағы күрделі жобаларды жүзеге асыра алдық.
Шикізат ресурстары есебінен қазақстандықтардың болашақ ұрпағы үшін қор құрылды. Қазақстан жаһандық экономиканың ажырамас бөлігіне айналды. Инвестиция тартып, әлемнің барлық дерлік елдерімен сауда-саттық жүргізіп келеміз.
Еліміздің жаңа инфрақұрылымдық діңгегі бой көтерді. Елдің барлық өңірін автомобиль жолдары мен темір жол желісі байланыстырады. Ал, авиация маршруттары әлемнің түкпір-түкпіріне баруға мүмкіндік беріп отыр.  
Қазақстан тек аумағы жағынан ғана ірі мемлекетке айналған жоқ. Бүгінде азаматтарымыздың саны 18 миллионнан асты. 20 миллионға жететін күн де алыс емес.
Біз әлемдегі озық дамыған 50 елдің қатарына қосылдық. 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасы әзірленді. Мақсатымыз – озық дамыған 30 елдің қатарына ену.
Біз қираған КСРО-ның орнында заманауи нарықтық экономикасы бар, табысты Қазақстан мемлекетін құрып, көпұлтты және көпконфессиялы елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықты қалыптастырдық. Көпғасырлық тарихымызда алғаш рет Қазақстан Республикасының халықаралық-құқықтық тұрғыдан мойындалуын қамтамасыз еттік. Мемлекет ретінде бедерленбеген Қазақстанды әлем картасына енгіздік. Біздің өз Туымыз, Әнұранымыз, Елтаңбамыз бар.  
Біз 90-жылдардағы ең күрделі кезеңде «Болашақ» бағдарламасы бойынша мамандар даярлау ісін қолға алдық. Жастардың лайықты білім алып, әлемдік тәжірибені зерттеуіне мүмкіндік туғыздық, сондай-ақ олардың елімізге өз пайдасын тигізуіне жол аштық.
Жаһанды дағдарыс жайлағанына қарамастан, біз Астанада әлемдік деңгейдегі университет ашып, зияткерлік мектептер салдық. Егемендікке ие болған  жылдарда дүниеге келген жастарымыз мемлекет қамқорлығын бағалай біледі деп сенемін. Олар – тәуелсіз Қазақстанның түлеп ұшқан жас қырандары.
Жастардың елімізді қорғап, оны нығайта түсетініне, өздерінің бар білімі мен күш-қуатын Отанымызды өркендетуге жұмсайтынына сенімдімін.
Еліміздің тарихында алғаш рет өз елордамызды тұрғыздық. Астана – барлық жетістіктеріміз бен жеңістеріміздің жарқын көрінісі.
Осының бәрін сіздермен бірге жасадық, құрметті қазақстандықтар.
Осы жылдарда өткен барлық сайлауларда сіздер маған сенім артып, бастамаларыма қолдау білдірдіңіздер. Маған ұлы халқыма, туған жеріме қызмет ету бақыты бұйырды. Баршаңызға – халқыма зор ризашылығымды білдіріп, басымды иемін.
Осындай қолдаудың арқасында сіздердің сенімдеріңізді ақтау үшін мен бар күш-жігерімді, денсаулығымды, уақытымды аямай адал қызмет еттім.   
Өздеріңіз білесіздер, заңдарымызға сәйкес мен Тұңғыш Президент – Елбасы (Ұлт көшбасшысы) мәртебесіне ие болдым. Елеулі өкілеттігі бар Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде қызмет ете беремін. «Нұр Отан» партиясының Төрағасы, Конституциялық Кеңестің мүшесімін.
Яғни өздеріңізбен бірге боламын. Еліміздің, халқымыздың қамы – менің мүддем болып қала береді.
Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы ретіндегі алдағы міндетім – басшылардың жаңа буынының билікке келуін қамтамасыз ету. Олар елімізді жаңғырту процестерін жалғастыратын болады.
Қазақстандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғыдан реттелген. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына беріледі. Содан кейін жаңа Президент сайлауы болады.
Қазір Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Оны сіздер жақсы білесіздер. Ол Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының түлегі, ғылым докторы. Ағылшын және қытай тілдерін еркін меңгерген. Басшылық лауазымдарда қызмет етіп, мол тәжірибе жинады. Еліміздің сыртқы саясатының қалыптасу жылдарында Сыртқы істер министрі, Премьер-Министрдің орынбасары және Премьер-Министр, Сенат Төрағасы болды. Елімізді, оның экономикасы мен саясатын жетік біледі.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары болып жұмыс істеді. Бұл – оның дипломат ретінде сіңірген еңбегінің және Қазақстанға деген зор сенімнің жемісі.   
Ол Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеп келеді. Мен оны жақсы білемін. Ол – адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын жан-жақты сезінеді. Ол барлық бағдарламаларды әзірлеуге және қабылдауға атсалысты.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат деп сенемін.
  
Құрметті отандастар!
Біз әлемнің бір орында тұрмай, үнемі өзгеріп жатқанын көріп отырмыз.
Жаңа мүмкіндіктермен қатар жаһандық жаңа технологиялық және демографиялық сын-қатерлер туындап, әлемдік тәртіп тұрақсыздана түсуде.
Әрбір ұрпақтың атқаратын өз міндеттері бар. Мен және менің замандастарым еліміз үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық.
Оның нәтижелері өздеріңізге белгілі. Әлем өзгеріп, жаңа буын келеді. Бұл – табиғи процесс. Олар өз заманының проблемаларын шешетін болады. Сондай-ақ, елімізді одан әрі өркендету үшін бар күш-жігерін жұмылдыруға тиіс.
Әлеммен бірге біз де өзгеруге тиіспіз. Жас қазақстандықтарға айтарым: тәуелсіз Қазақстанымызды, ортақ Отанымызды, Мәңгілік елімізді сақтай біліңіздер. Бұл – біздің халқымыз, біздің ұлы бабаларымыздың жері. Отанымыз да, жеріміз де бір.
Халқымыздың достығы мен бірлігін, бір-бірімізге деген сенімді сақтап, еліміздегі әрбір азаматтың төл мәдениеті мен дәстүрін құрметтей біліңіздер.
Сонда ғана біз мықты болып, сын-қатердің бәріне төтеп береміз.
Сонда ғана біз өркендейтін боламыз.

Құрметті қазақстандықтар!
Менің отандастарым!

Мен бүгінгі сөзімді сіздердің әрқайсыңызға арнаймын.
Еліміздің алдында ауқымды міндеттер тұр. Жетістікке жететінімізге сенемін.
Мен Қазақстанның болашағын қалай елестетемін?
Болашақ қазақстандықтар білімді, үш тілде сөйлейтін, еркін адамдардың қоғамын қалыптастыратынына нық сенімдімін.
Олар – әлемнің азаматтары. Олар дүниені шарлайды. Олар жаңа білім алуға құштар. Олар – еңбексүйгіш. Олар – өз елінің патриоттары.
Қазақстан 2050 жылы жалпыға ортақ еңбек қоғамына айналады деп сенемін.
Бұл – бәрі де адам игілігі үшін жасалатын, экономикасы мықты мемлекет. Оның білім саласы да, денсаулық сақтау саласы да үздік болады. Онда бейбітшілік пен тыныштық салтанат құрады. Азаматтары еркін әрі тең құқылы, ал билігі әділетті болмақ. Мұндай елде заң үстемдік етеді.
Мен дұрыс жолмен келе жатқанымызға сенімдімін. Бізді тура жолдан ештеңе де тайдыра алмайды.
Егер біз күшті болсақ, бәрі де бізбен санасады.
Егер біз әлдеқандай күшке немесе басқа біреуге үміт артсақ, қол жеткізген жетістіктің бәрінен айрыламыз.

www.akorda.kz

 

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ КЕЗЕКТІ XVIII СЪЕЗІНДЕ СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ. 2019 ЖЫЛҒЫ 27 АҚПАН

Құрметті делегаттар және съезд қонақтары!
Қадірлі партияластар!

Баршаңызды «Нұр Отан» партиясының 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
1999 жылғы 1 наурыз егемен еліміздің жылнамасына партиямыздың негізі қаланған күн ретінде енді. Тарих өлшемімен қарағанда бұл — көп уақыт емес, бірақ біз үшін тұтас дәуірге бара-бар.
Ғасырлар тоғысындағы күрделі экономикалық жағдай тез арада дұрыс таңдау жасауымызды талап етті. Тәуелсіздігімізді нығайтып, мықты мемлекет құру үшін бізге батыл әрі маңызды реформалар жасау керек болды. Әйтпесе, өркениет жолына бастайтын әлемдік даму көшінен қалып қоятын едік.
Осындай ұлы мақсатты көздеген «Нұр Отан» партиясы халықтың сенімін ақтап, орнықты ілгерілеуімізді қамтамасыз ететін бірден-бір саяси күшке айналды. Сындарлы жылдарда жанымнан табылып, биік белестерді бағындыруға атсалысқан партияластарыма алғысымды білдіремін.
Мен бүгін өздеріңізбен бірге атқарған жұмысымызды қорытындылап, болашақ бағдарымыз туралы ой бөліссем деймін. Ең алдымен, қол жеткізген жетістіктерімізді айшықтайтын нақты фактілерге тоқталайын.
Еліміздің экономикасы айтарлықтай өсті. Сыртқы сауда айналымының көлемі 9 еседен астам артты. Қазақстанға шетелден 320 млрд долларға жуық тікелей инвестиция тартылды. Азаматтарымыздың кірісін 16 есе көбейттік.
141 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Бүкіл елімізде әлеуметтік маңызы зор жаңа инфрақұрылым нысандары бой көтерді. 1400 заманауи аурухана, емханалар мен амбулаториялар, 2865 жаңа мектеп, колледждер мен балабақшалар ашылды.
Мұның бәрі — бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің нәтижесі. «Нұр Отан» мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдауға ықпал етіп, сайлаушылардың сенімін ақтап келеді.

Құрметті партияластар!
Жаңа уақыт алдымыздан жаңа сын-қатерлерді тартып отыр. Әлем перманентті турбуленттілік жағдайына дендей еніп бара жатыр. Бірақ бұл жағдай рухымызды түсіріп, болашақ алдында жүрексінуге себеп болмауы тиіс.
Кез келген дағдарыс түрлі сілкіністермен қатар жүреді, сонымен бір мезгілде өсуге қажетті кеңістік қалыптастырып, мүмкіндіктер терезесін ашады. Бастысы — дамудың дұрыс бағытын таңдап, қоғамды алға қойған мақсаттарға жұмылдыра білу.
Біз алға басқан кезімізде қазіргі әлемдегі негізгі трендтерді ескеруіміз керек. Бүгінде мемлекеттердің бәсекелестігі нақты адамдардың бәсекелестігіне алып келуде. Кез келген экономикалық жетістіктер мен геосаяси жеңістер, әрбір адамның әл-ауқатының артуына әкелмесе, оның үлкен мәні де, құны да болмайды. XXI ғасырдағы мемлекеттердің орнықты даму формуласы мен өркендеуінің басты құпиясы осында жатыр.
Бүгін съезд менің тапсырмам бойынша әзірленген партияның 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» бағдарламасын қарастырады. Бұл бағдарлама стратегиялық көзқарастың ауқымды көкжиегін ашады және қоғам мен мемлекеттің алдағы онжылдықтағы дамуының негізгі қырларын айқындайды. Сіздер бағдарламаны жан-жақты талқылайсыздар және партияның күн тәртібін айқындап аласыздар деп сенемін.
Бүгінгі съезд Қазақстан дамуының жаңа кезеңін бастап береді. Өйткені алдағы 10 жыл біздің озық отыз мемлекеттің қатарына ұмтылуымыздағы шешуші кезең болмақ. Осы орайда, партия өзінің алдына нақты мақсаттарды қоя білуі тиіс. Мен оларға жеке-жеке тоқталмаймын, оның бәрі бағдарламада көрініс тапқан. Біздің әрқайсымыз бұдан да қуатты әрі өркендеген Қазақстанның қалыптасуына өзіміздің елеулі үлесімізді қосатынымызға сенімдімін.
Біз өз қызметімізде ұлттық идеямызды басшылыққа алуға тиіспіз. Ал оның базалық құрамдауыштары:
1. ұлттық бірлік;
2. бәсекеге қабілетті қуатты экономика;
3. өркендеуші зияткер қоғам;
4. әлемде лайықты құрметке ие ел.
Осының бәрі — Қазақстанның табысты дамуының негізі. Өз кезегінде, Ұлттық бірлік доктринасы 4 тірекке сүйенеді:
1. ортақ тарих;
2. ортақ құндылықтар;
3. ортақ Отан;
4. ортақ болашақ.

Құрметті серіктестер!
Біз болашақ перспективамызды ойлағанда, ағымдағы міндеттерді де ұмытпауымыз керек. Біздің басты басымдығымыз — азаматтардың лайықты тұрмыс деңгейін және Қазақстанның дамуын әлеуметке бағдарланған мемлекет ретінде қамтамасыз ету.
Тіпті ең күрделі кезеңдерде де біздер әлеуметтік міндеттемелерді орындадық. Елімізде әлеуметтік сала шығыстарының деңгейі әрқашан жоғары болды және алдағы уақытта да ол бірте-бірте өсе беретін болады.
Біздер түрлі бағдарламалар, жобалар мен бастамалар аясында ауқымды әлеуметтік инвестицияларды жүзеге асырдық. Біз даму шығындарын төмендетпей, мұқтаждарға көмектесуге тиіспіз. Биыл әлеуметтік салаға республикалық бюджеттің барлық шығыстарының 45%-тен астамы бағытталды.
Сонымен бір мезгілде бізде белгілі бір теңсіздіктер мен әлеуметтік бөлікте бірқатар проблемалы нүктелер пайда болды. Осыған байланысты мен Ұлттық қордан азаматтарымыздың өмір сапасы мен әл-ауқатын арттыруға қаражат бөлу жөнінде шешім қабылдадым. Үкімет осы мақсатқа бөлінетін шығыстарды дұрыс әкімшілендіруі тиіс.
Сонымен бірге біз қазір үлкен сын-қатерлер мен жаһандық белгісіздік жағдайында өмір сүріп жатқанымызды ұмытпауымыз қажет. Жинақтаған қорымыз бұдан да күрделі уақыттарда керек болуы мүмкін. 
Әлеуметтік саясат теңгерімді болуы қажет әрі масылдық көңіл күйдің өсуіне жол бермеуі тиіс. Мемлекеттің басты міндеті — адамдардың өмір сүруіне қажетті табыс табуы үшін жұмыс беру. Көмек аса мұқтаж жандарға беріліп, атаулы сипатта болуы керек. Бөлінген қаражаттың барлығы әрбір отбасына және нақты адамға жетуін
мен өзім қадағалайтын боламын!
Менің тапсырмам бойынша, партия бүгінде азаматтарды қатты толғандыратын проблемаларға талдау жасады. Олардың қатарында балалар жәрдемақысын көтеру, көп балалы отбасылардың жағдайын жақсарту, баспанамен қамту, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту сынды басқа да мәселелер бар.
Осыларды шешудегі партияның елеулі үлесі үш бағыттағы әлеуметтік саясатты іске асыру арқылы көрінбек. Бұлар:
1. табысты арттыру және халықтың аз қамтылған бөліктерін қолдау;
2. табысы төмен азаматтардың баспана мәселесін шешу және білім беру,
денсаулық сақтау салаларын жақсарту;
3. өңірлерді кешенді дамыту.
Бірінші. Бүгінде қазақстандық отбасылардың әл-ауқат деңгейін көтеру шараларын күшейту маңызды. Бұл денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы және басқа салаларда жұмыс істейтін 1 млн-нан астам азаматтық қызметшілерді тікелей қамтиды.
2019 жылғы 1 шілдеден бастап:
– бюджеттік саланың төмен жалақылы жұмыскерлерінің еңбекақысын 30%-ке дейін арттыру;
– аудандық, облыстық деңгейлерде тікелей азаматтармен жұмыс істейтін атқарушы органдардың төменгі қызметкерлерінің еңбекақысын орташа 25%-ке көтеру жөнінде тапсырма беремін.
Бұл мақсаттарға 2019–2021 жылдары қосымша 980 млрд теңге бөлінеді.
Аз қамтылған санаттағы азаматтар мен көп балалы отбасыларға баса назар аударылуы қажет. Жүргізіліп жатқан реформаның нәтижесін әрбір қазақстандық
отбасы алыс болашақта емес, дәл бүгіннен бастап сезінуі тиіс. Әсіресе, көп балалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту қажет деп санаймын. Бүгінде елімізде шамамен 340 мыңдай отбасының төрт және одан көп баласы бар.
Балалы отбасыларды қолдауға жыл сайын 500 млрд-тан астам теңге бөлінеді. Ол отбасылардың табыс деңгейі әртүрлі. Сондықтан мемлекет, бірінші кезекте, табысы
төмен көпбалалы отбасыларға айрықша қамқорлық танытып, назар аударуы қажет.
Қазіргі уақытта мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмекті 111 мыңнан астам отбасы (571,6 мың адам) алады. Аз қамтылған, әсіресе, көп балалы отбасыларды қамту аясын кеңейту үшін Үкіметке атаулы көмек көрсету өлшемдерін ең төменгі күнкөріс шегінен (14849 теңгеден 20789 теңгеге дейін, ЕТКД — 29698 теңге) 70%-ке дейін арттыруды тапсырамын.
Атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар балалы отбасыларды адрестік қолдау үшін көп балалы отбасындағы әрбір балаға төленетін ең төменгі төлемді 20789 теңге көлемінде белгілеу керек.
Әлеуметтік көмек тағайындаудың барлық үдерістері барынша жеңілдетілуі және проактивті форматқа көшірілуі тиіс. Осындай отбасылардың жиынтық табысын есептегенде көпбалалы отбасылар мен көп балалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар, мүгедектігі үшін балаларға берілетін жәрдемақы, стипендия сияқты жекелеген жәрдемақыларды есепке алмау керек.
Нәтижесінде, 2019 жылы 830 мыңнан астам адам, соның ішінде 550 мың бала атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылады. Сондай-ақ мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршылар мен отбасыларға (тұлғаларға) жәрдемақыны 30%-ке көтеру жөнінде тапсырма беремін. Бұл шара 100 мыңнан астам адамды қамтиды. Оны іске асыруға 2019–2021 жылдары қосымша 300 млрд теңгеден астам қаражат бөлуді тапсырамын.
Әлеуметтік көмек көрсетудің негізгі қағидаты әлеуметтік келісімшарт және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысуы болып қала береді.
Сондай-ақ әкімдерге әрбір отбасына баруды және көмекке мұқтаждарды қолдау шараларын өңірлік мүмкіндіктерді ескере отырып, жергілікті бюджет есебінен күшейтуді тапсырамын. Өткен жылдың өзінде-ақ жергілікті жерде осындай көмек 135 млрд теңгеден астам сомада көрсетілді. Мұндай қолдауды алдағы кезеңде де жасай беру қажет. Маңызды емес шараларға шығынданудың керегі жоқ.
Толық емес көпбалалы отбасыларға үйде отырып жұмыс істеуге жағдай жасау, ал ауылдағы көпбалалы отбасыларға гранттар мен шағын несиелердің жекелеген квотасын бөлу қисынды емес пе? Бұл жұмыстарды Үкімет пен әкімдер «Нұр Отан» партиясымен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп жүзеге асыруы тиіс.
Әкімдер мұқтаж отбасыларға көмектің өңірлік бағдарламаларын «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында қайта қарауы керек. Ол Қазақстанда отбасы институтын жүйелі қолдауға бағытталған.
Екінші. Баспанамен қамтамасыз ету және білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жақсарту жөніндегі жұмыстарды да белсендіру керек. Үкіметке негізінен көп балалылар қатарындағы аз қамтылған отбасылар үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салуды тапсырамын. Бұл мақсатқа таяу 7 жылда қосымша жыл сайын 50 млрд теңгеден бөлу қажет.
Сондай-ақ табысы төмен көпбалалы және толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар үшін баспана алудың қолжетімділігін арттырған жөн. Азаматтардың осы санаттары үшін тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы жылдық 2–3%-пен тұрғын үй қарыздарын ұсынудың жеңілдікті тетіктерін әзірлеуді тапсырамын. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне осы мақсатқа жыл сайын 50 млрд теңге бөлінетін болады.
Білім беру саласындағы реформаны қисынды нәтижеге жеткізу керек. Қазіргі заман балаларымыздың бойында жаңа машықтар мен дағдыларды дамытуды талап етеді. Бұл тұстағы табыстылықтың жиынтығы — педагогтардың біліктілігін ұдайы арттыру, озық материалдық база мен өзекті оқыту бағдарламасы.
Бұрын берген тапсырмамдағыдай, әрбір өңірде кемінде бір озық ЖОО және 10 заманауи колледж болуы тиіс. Оқу орындары тиімділігінің басты көрсеткіші — түлектердің жұмысқа орналасуы.
Еліміздің әрбір тұрғыны білімді ғана емес, сонымен бірге оның денсаулығы да мықты болуы тиіс. Сондықтан тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы денсаулық сақтау қызметіне қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет. Отандық медицина, ең алдымен, профилактика мен саламатты өмір салтын ынталандыруды бағдар еткені жөн.
Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі мен бастапқы медициналық-санитарлық көмек шығыстары денсаулық сақтауды қаржыландырудың жалпы көлемінде 40-тан 60%-ке дейін ұлғайтылуы тиіс. Бұл — әлемдегі барлық дамыған елдердің тәжірибесі. Денсаулық сақтау саласын дамытуға қосымша 120 млрд теңге бөлуді тапсырамын.
Соның нәтижесінде 7 өңірде жылына 100 мың пациентті қамтитын стационарлық-медициналық көмек көрсетудің сапасы мен қолжетімділігі арта түсетін болады.
Үшінші. Бүкіл еліміз бойынша өмір сапасын жақсартуға бағытталған өңірлік саясатты жүзеге асыра бастау қажет. Бізде өңірлердің дамуында айтарлықтай айырмашылықтар байқалады.
Неліктен бір облыстарда жолдар жақсы, ал басқаларында жаман? Неліктен бір жерлерде ТКШ тұрақты жұмыс істейді, екіншілерінде дәл ондай емес?
Шын мәнінде жұмыс істейтін, адамдардың проблемаларын білетін және шешетін әкімдер бар. Халықпен кездесулерден ат-тонын ала қашатын және өңір халқының қажеттіліктері мен мұқтаждықтарына жүрдім-бардым қарайтындары да кездеседі. Әкімдерге халыққа жақын болып, оның игілігі үшін бәрін істеуге ұмтылу керек.
Бізде түрлі бағдарламалар бар, оған жеткілікті ресурстар бөлініп отыр, алайда, адамдар нақты нәтижені көрмей келе жатыр. Мұндайға жол беруге болмайды.
Үкімет пен барлық деңгейдегі әкімдер бүкіл әлеуметтік проблемаларды табандылықпен шешулері тиіс және ұрандатып, жалған көрсеткіштерді қумаулары керек. Өйткені әр өңір стратегиялық тұрғыдан маңызды. Біз еліміздің өңірлік өмір сапасының жаңартылған стандарттарына негізделген Жаңа карта қалыптастыруымыз қажет.
Соңғы жылдары республикалық автокөлік желілері құрылысы бойынша аса зор, тарихи маңызды жұмыстар жүргізілді. Тұтастай алғанда, біз 12,5 мың км автомобиль жолы мен 2,5 мың км темір жол, теңіз порттарын салдық және жөндеуден
өткіздік.
Әрине, автобандар салған маңызды, бірақ үйге дейін жол салған одан да маңыздырақ. Заманауи жергілікті жолдар желісін кеңейту — Үкіметтің шешуші міндеті, ал оның орындалуын партия бақылауына алуы тиіс. Аталған мақсаттарға қосымша 350 млрд теңге бөлуді тапсырамын.
Бұл шаралар 2025 жылға қарай облыстық және аудандық маңыздағы автожолдардың 95%-ін жақсартуға жәрдемдеседі.
Өңірлік көлік инфрақұрылымдарының барлық нысаны, оның ішінде аэропорттар, авто және темір жол вокзалдары жаңғыртылуы тиіс.
Астана, Алматы және Шымкент сияқты ірі қалалардың шет аумақтарында қалыптасқан проблемаларды шешу үшін 2019–2021 жылдарға қосымша 90 млрд теңге бөлінетін болады.
Сондай-ақ шағын және моноқалаларды дамытуға да таяудағы 3 жыл бойы жыл сайын қосымша 10 млрд теңге қарастырылады.
Еліміздің барлық тұрғынының таза ауыз суға қол жеткізуі, кең ауқымды газдандыру жұмыстарын жүргізу аса маңызды басымдық болып табылады. Сумен және кәріз жүйелерімен қамтамасыз ету үшін қосымша 140 млрд теңге бөлуді тапсырамын. Бұл аталған салада 2,2 млн-нан астам адамның проблемасын шешуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ газдандыру және электрмен қамтамасыз ету жұмыстарына шамамен қосымша 190 млрд теңге бөлуді тапсырамын. Бұл шаралар газбен 1,1 млн адамды қамтуға мүмкіндік беріп, өңірлік электрмен қамтамасыз ету сенімділігін айтарлықтай арттырады.
Үкіметке аталған мақсаттарға 2019–2021 жылдарға шамамен 920 млрд теңге қарастыруды тапсырамын.
Жоғарыда айтылғандарды қаперге ала келе, «Нұр Отан» еліміздің инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдарын дамытуға екпін түсіре отырып, «Құтты мекен» партиялық жобасын іске қосуы тиіс.
Сондай-ақ 7,5 млн ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндігіміз бар. Бірінші кезекте Үкіметке әкімдермен және мәслихаттармен бірлесіп, болашағы бар ауылдарды анықтау, сол жерлерде әлеуметтік саланы дамыту, интернаттар құру қажеттігін тапсырамын. Біз ауылдарымызды өсім мен орнықты дамудың ошағына айналдыруымыз қажет.
Ауылда халық тұтынатын тауарлар өндірісі бойынша бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және тағы басқалар бойынша ҚХР-дың тәжірибесін пайдалану қажет.
Сол жерлерде тұрғын үйлер, жолдар салып, коммуникациялар жүргізу, әлеуметтік нысандар тұрғызу, шағын және орта бизнесті дамыту керек. Сондай ауылдарға болашағы жоқ елді мекендерден адамдар көшіп баратын болады. Жұмыс істеп, лайықты өмір сүруге ауылдың әлеуеті жеткілікті.
Осыған орай, Үкіметке «Ауыл — ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыру бойынша ұсыныс әзірлеп, оны 2019–2021 жылдары 90 млрд теңге көлемінде қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл жастардың ауылда орнығып қалуына көмектеседі.
Жоғарыда көрсетілген барлық бағыт пен жобаның кешенді сипаты бар, олар партияның ұзақ мерзімді мақсаттарымен үйлеседі және көп кешікпей-ақ адамдарға айтарлықтай пайдасын тигізеді. Оларды таяудағы 3 жылда жүзеге асыру үшін бюджеттен қосымша 2 трлн теңге бөлінетін болады. Осы қаржы кедендік әкімшілендіру мен бюджет шығыстарын түбегейлі оңтайландыру есебінен қарастырылуы қажет.
Бұл ретте жергілікті жерлердегі басым бағытқа ие емес әрі қымбат іс-шараларды алып тастау керек. Аталған қадамдар таяудағы 3 жылда бюджетке 1 трлн теңге түсіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Ұлттық қордан 2019–2021 жылдар ішінде қосымша 1 трлн 350 млрд теңге бөлу қажет.
Менің тапсырмам бойынша партияның жаңа бағдарламасы әлемдік шешуші трендтерді зерттеу және Қазақстанның барлық өңіріндегі жағдайды талдау негізінде жасалды. Онда таяудағы 3 жылда мемлекеттің әлеуметтік саясатының іргетасына айналатын және бүкіл он жылдықтағы перспективаны көздейтін нақты мақсаттар мен жобалар көрініс тапқан.
Өздеріңіз білетіндей, бізде Үкімет ауысып, оның құрамы 70%-ке жаңарды. Жаңа Министрлер кабинетіне, барлық әкімге дереу мен жариялаған тапсырмаларды іске асыруға кірісу керек. Үкіметтің әр мүшесі мен әкімдер жеке жауапкершілік алады және жұмыс нәтижелеріне жеке жауап беретін болады.

Құрметті съезд делегаттары!
Партия халықтың күнделікті мәселелерін шешуге белсенді араласуы тиіс. Бұл жұмысты «Халыққа көмек» жобасы күшейтеді деп сенемін.
Бүгінде қоғамның көкейкесті мәселелеріне жедел үн қатып, оларға мемлекеттік органдардың назарын аударту маңызды. Бұл ең тиімді стратегия болмақ. Ол үшін халықпен кері байланыстың қуатты жүйесін қалыптастыру керек.
Партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысын күшейту маңызды. Нақты айтқанда, олар азаматтарымызға «осында және қазір» қағидаты бойынша көмек көрсетудің «біртұтас терезесі» болуы тиіс. Осы мәселеде бюрократиялық сөзбұйдалыққа жол беруге болмайды. Мұның тек мемлекеттік жеңілдіктерге ғана емес, сондай-ақ волонтерлер мен кәсіпкер-меценаттар көрсететін атаулы әлеуметтік көмекке де қатысы бар.
«Нұр Отанның» барлық филиалы бәрінен бұрын осы жұмысқа бағдарлануы тиіс. Партия халықтың барлық жігінің мүддесін қорғап, азаматтар мен мемлекет арасын байланыстыратын шешуші буын бола білуі тиіс.
Бүгінде қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалардың, оның ішінде әлеуметтік саладағы бағдарламалардың тиімділігі мәселесі алдыңғы орынға шығып отыр. Осыған орай, мен «Нұр Отанға» Президент Әкімшілігімен бірлесіп, Мемлекеттік бағдарламалар мен реформаларды жүзеге асырудың тиімділігін бағалау және мониторингі орталығын құруды тапсырамын. Партия алаңында әр тоқсан сайын жауапты мемлекеттік органдардың мемлекеттік бағдарламаларды қалай іске асырып жатқаны туралы тыңдаулар өткізіп тұру қажет. Есептер маған баяндалып тұратын болады. Солардың негізінде тиісті қорытындылар жасаймыз.
Тұтастай алғанда, мына мәселені тағы бір рет ерекше атап көрсетемін: экономикалық даму халықтың әл-ауқатының нақты өсуіне бағытталатын болуы тиіс.
«Нұр Отан» «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мемлекеттің бизнесті қолдау қағидаттарын жақсарту бойынша жұмыс істеуі керек.
Жемқорлықты түбірімен жою бағытындағы мақсатты жұмыстар жалғастырылғаны жөн.
Жастарға ерекше назар аударылуы қажет, өйткені жастар — болашағымыз! Осы жылды мен Жастар жылы деп жарияладым. Партия мемлекеттік жастар саясатының тиімділігін арттыруға қол жеткізуі тиіс.
Партия белсенді азаматтар үшін басты «әлеуметтік лифтілердің» бірі болуы тиіс әрі барлық деңгейдегі мемлекеттік басқару жүйесі үшін кадрлардың қайнар көзі болуы керек. Заманауи басқарушылардың жаңа генерациясы «Партияның жастар резервінен» пайда болуы қажет. Барлық нұротандық нағыз патриоттар болулары және абырой-беделі кіршіксіз болулары тиіс.
Партияның халық алдындағы беделі тек орталықтағы кең ауқымды акциялармен немесе іс-шаралармен ғана өлшенбейді. Партияның образы қарапайым қазақстандықтардың көз алдында жергілікті жерлердегі күнделікті жұмыстармен қалыптасады. Бастауыш партия ұйымдары жергілікті жерлердегі және өңірлердегі мәселелерді оң шешуде басты буын бола білуі тиіс. Партиялық, әсіресе, оның өңірлердегі іс-шараларының мазмұндылығы үшін жұмыс істеу керек.
Біз халықпен шынайы әрі ашық диалог жүргізуге тиістіміз және оның әл-ауқатын арттырып, өмір сапасын жақсарту үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Осыншама ауқымды міндеттердің шешімін табу партиядан барынша жинақылықты және бұл іске жауапкершілікпен қарауды талап етеді.
«Нұр Отан» қоғамдық бақылаудың басты институты болуы тиіс. Бүгін мен айтқан барлық ұсыныстар партияның бағдарламасында ескерілуі қажет.

Құрметті әріптестер!
Нұр Отан» — толағай табыстың және болашаққа жол ашатын жарқын жетістіктердің партиясы. Біздің ұзақ мерзімді стратегиямыз, мол табиғи ресурсымыз, саяси ерік-жігеріміз бар.
Мемлекеттің қуаттылығы экономиканың даму қарқынымен және тұрғындардың тұрмыс сапасымен өлшенеді. Сондықтан мен өзіме сенім артқан халқымның болашақта емес, қазір бақытты болғанын көргім келеді.
Біздің ұстанымымыз — татулық пен тыныштық, ұранымыз — береке мен бірлік. Тәуелсіз Қазақстанның арқа сүйейтін тірегі — баянды бейбітшілік пен келелі келісім!
Бас партия болу дегеніміз — басқару емес, елге адал қызмет ету! Біз — халық бірлігінің партиясымыз.
Бүгінгі съезд Қазақстанды дамытудың жаңа кезеңіне жол ашады.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына бауырымыз бүтін, аман-есен, мол табыспен
жете берейік!  

www.akorda.kz

 

 

ЕЛБАСЫ Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ ЖАСТАР ЖЫЛЫНЫҢ САЛТАНАТТЫ АШЫЛУ РӘСІМІНДЕ СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ. 2019 ЖЫЛҒЫ 23 ҚАҢТАР

Қымбатты достар!

Бүгінде біздің өміріміздің барлық саласы — білім беру, жұмыс, отбасы, тіпті  бір-бірбімізбен қалай сөйлесетінімізге дейін елеулі өзгеріске ұшырап отыр. Осының бәрі әрбір адамның даму траекториясына және тұтастай алғанда, бүкіл әлемге түбегейлі ықпал етеді. Көз алдымызда цифрлы қоғамы мен білім экономикасы бар жаңа жаһандық өркениет туып келеді.
Біздің ел уақыттың осы талаптарына сай болуы тиіс. Сондықтан қабылданып жатқан барлық күш-жігер елді болашақ серпіліске әзірлеуді діттейді және қуатты Қазақстанды құруға бағытталған.
Жастар — еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы сіздерге — сіздердің білімдеріңізге, энергияларыңыз бен патриотизмдеріңізге байланысты. Біз қазір жасап жатқанның бәрі сіздердің бақытты өмірлеріңіз үшін, сіздер өз әлеуеттеріңіз бен мүмкіндіктеріңізді толық мәнде жүзеге асыра алуларыңыз үшін жасалып жатыр.
Сіздермен кездесудің алдында ғана маған бірқатар жастар жобасы таныстырылды. Бұлар — киім, спорттық тағамдар өндірісі, интерактивті сервистік платформалар.
Біздің жастарымыздың нарық ахуалын шынайы бағалайтыны, бос кеңістіктерді іздейтіні және мейлінше бәсекеге қабілетті өнім ұсынуға тырысатыны мақтанарлық жайт. Мұндай қадамның ең басты артықшылығы сол, сіздер өз сұраныстарыңызды өздеріңіз анықтайсыздар.
Әрбір жоба қызықты әрі назар аударуға тұрады. Үкімет осы идеяларды жүзеге асыруды айрықша бақылауға алуы және оларды ілгерілетуге жәрдемдесуі тиіс деп пайымдаймын.
Бүгінде Қазақстанда жастарды әлеуметтік-мәдени бейімдеу мәселелерін шешу, жас адамдардың бәсекелік қабілетін дамыту өзекті болып отыр. Жастар жылында біз жас қазақстандықтардың маңызды қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған қарапайым және түсінікті қолдау құралдарын әзірлеуге тиіспіз. Бұл — ең алдымен, қолжетімді және сапалы білім, жұмыстың болуы, баспана және отбасын құру мүмкіндігі.
Осыған байланысты Үкіметке келесі шараларды пысықтауды тапсырамын.
Бірінші. Жас отбасыларға арналған баспана мәселесі ірі қалаларда өткір екенін ескере отырып, Үкіметке алдымен Астанада, Алматы және Шымкентте жұмыс істейтін жастар үшін жылына 1 мың пәтерден кем емес құрылысты қамтамасыз ету қажет.
Бұл пәтерлер жалдамалы баспана санатына жатқызылуы тиіс. Осы мәселені шешуге сондай-ақ бүгінде жүзеге асырылып жатқан «7–20–25» бағдарламасы да бағытталған.
Мұндай баспанаға жұмыс істейтін және табысы барлар ғана үміт арта алатынын есте ұстаған жөн. Жұмыс, бұл — адам әл-ауқатының негізгі көзі.
Сонымен қатар барлық меншік формасындағы кәсіпорындар жас қызметкерлер үшін баспана жағдайын жасауға белсене қатысуы тиіс.
Екінші. Жастар саясатының негізгі мәселесі жұмыспен қамту болып қала береді. Бүгінгі әлемде 18 бен 30 жас аралығындағы 300 млн-ға жуық жас адамның тұрақты жұмыс орны жоқ немесе жұмыссыздар болып табылады.
Сонымен бірге, ғалымдардың болжауынша, 2050 жылға қарай қазіргі кәсіптердің шамамен жартысын жасанды интеллект ауыстыратын болады. Соның ішінде, оңай регламенттелетін мамандықтар бар. Бұлар — сатушылар, жүргізушілер, операционистер, колл-орталық қызметкерлері, заңгерлер мен экономистер.
Жасанды интеллект әзірге адамдарды алмастыра алмайтын «күрделі» кәсіптер ғана сұраныста қалады. Олардың қатарында — ғалымдар, топ-менеджерлер, мәдениет қайраткерлері, ақпараттық технологиялар саласындағы топ-мамандар, жоғары санатты дәрігерлер. Сонымен қатар медбикелер, бала күтушілер, әлеуметтік жұмысшылар және т.б. сияқты «қарапайым» кәсіптер сақталады.
Бүгінде XX ғасырға тән «отбасы әлде жұмыс» деген ұлы дилемманың заманы өтіп барады. Біз «ер» жұмысшы мен «әйелдің» үй кеңістігі арасындағы шекараның түпкілікті жойылып, араласып бара жатқанын бақылап отырмыз. Алыстан жұмыс істеу және жеткізу сервистерінің дамуы адамдардың үйден шықпай-ақ жұмыс істеуіне, өмір сүруіне мүмкіндік береді.
Мысалы, экономистердің бағалауынша, Сауд Арабиясында басталған әйелдердің құқықтарын ырықтандыру ұлттық ЖІӨ өсімін он жыл бойында бірнеше процентке қамтамасыз етеді. Мұндай жұмыс күші, ерлер мен әйелдер болсын, өнімді жұмыспен қамтылуға аса зәру болады.
Бұл фактор болашақта жас тұрғындары басым көптеген мемлекеттер үшін іргелі сын-қатерлердің біріне айналады. Жастардың бүгінгідей мейлінше созылмалы әлеуметтенуі жағдайында БҰҰ классификациясы бойынша, жастықтың жоғарғы шегі ретінде 44 жас белгіленіп отыр.
2018 жылы Қазақстанда орта мектепті 125 мыңнан астам жас бітірді. Орта мерзімді келешекте еңбек нарығына шығатын жастардың саны тек өсіп отырады. Қазіргі уақытта елде шамамен 300 мыңға тарта адам немесе жастардың 9%-і білім беру және еңбек қызметіне тартылмаған. Жастардың осы санатының жыл сайын қысқаруына ықпал ететін тиімді шараларды қабылдау қажет.
Бүгінде әлемге әйгілі ірі компаниялардың негізін жас кәсіпкерлер қалағанын білесіздер. Мысалы, «Фейсбукті» Марк Цукерберг 19 жасында, «Майкрософты» Билл Гейтс 20 жасында, «Apple» компаниясын Стив Джобс 21 жасында құрған. Бұл компаниялар жүздеген мың адамды жұмыспен қамтып қана қоймай, бюджетке қыруар қаржы түсіріп отыр. Олар өз бизнесін бастағанда ауқымды қаржы ресурстарына немесе үкімет қолдауына сүйенген жоқ.
Мемлекет қоғамда жасампаздық, бастамашылық, шығармашылық, еңбекқорлық рухын қалыптастыруға баса мән берді. Халқымыздың «Ақыл — жастан, асыл — тастан» деген нақыл сөзі бекер айтылмаған. Біздің жастарымыздың бойында мұндай қасиеттер бар.
Бизнеспен айналысамын деушілерге жол ашу аса маңызды. Шағын несие берудің және оқыту ісінің оң тәжірибесі негізінде барлық өңірде «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеу қажет. Бұл жоба аясында жыл сайын білім алатын жұмыссыз жастар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың санын 100 мыңға дейін жеткізген жөн.
Соңғы 2 жылда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бастау» жобасы бойынша ауылдар мен шағын қалалардың 43 мың тұрғынын оқытып шығарды. Нәтижесінде 11 мыңнан астам бизнесжобалар іске қосылып, 16 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Осыған байланысты жоба аясында жұмыс істеп жатқан адамдардың 95%-ті бюджетке салық төлеуде.
Сондай-ақ Үкіметке «Бизнес–2020» жол картасы аясында жас кәсіпкерлер үшін грант бойынша бөлінетін қаржы көлемін 2 есе арттыруды тапсырамын. Жалпы, 3 жыл ішінде 300 мыңға жуық жастарымыз бизнестің қыр-сырын меңгеріп шығады. Кем дегенде 80 мың адам немесе олардың төрттен бірі өз кәсібін бастап, ел экономикасына елеулі үлес қосатын болады. Осындай арнайы білім алған мамандар нарыққа дайын стартаптар мен өнімдер ұсынуға тиіс.
Бітіруші курстардағы 60 мыңға жуық студентті бизнеске баулу қажет. Үкіметке бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2019–2021 жылдары 32,1 млрд теңге бөлуді тапсырамын.
Дамыған елдерде жастардың өз идеяларын жүзеге асыруға көмектесетін қорлар жұмыс істейді. Олар орталық және жергілікті органдар, университеттер, сондай-ақ жеке құрылымдар тарапынан қаржыландырылады.
Үкіметке Жастар стартаптарын қолдау қорын құруды тапсырамын.
Урбанизация процесінің қарқындылығына қарамастан, ауыл жастарының үлесі әлі де жоғары — 43%. 2018 жылдың 11 айы ішінде ауылдан қалаға көшкен жастардың саны 222 мыңнан асты. Сондықтан Үкімет пен әкімдіктер олардың білім алу, жұмысқа орналасу, демалыс және басқа мәселелерін жүйелі шешуге күш жұмылдыруға тиіс.
«Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында инфрақұрылымды дамытып, жергілікті жерлердің кадрлық әлеуетін күшейту керек. Осыған орай «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасына енгізілетін мамандықтардың тізімін кеңейтуді ұсынамын.
Көшіп барғаны үшін төленетін жәрдемақы мөлшерін 70-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырған жөн. Сондай-ақ жастарды ауыл шаруашылығымен
айналысуға қызықтыра білу қажет.
Дамыған елдерде бұл бағыт жоғары өнімді әрі инновациялық салалардың бірі саналады. Онда цифрлы технологиялар мен роботтандырылған кешендер белсенді қолданылады.
БҰҰ болжамы бойынша, 2050 жылға қарай әлемнің 70% дерлік халқы қалаларда тұратын болады. Жаһандық экономика қалалықтарға иек артады: 600 мегаполис әлемдік ЖІӨ-нің 60%-ін береді.
Қарқынды урбанизация және халық санының өсуі жағдайында адамзат азықтүлік мәселесінің оңтайлы шешімін іздейді. Егер АҚШ тұрғынының қазіргі тамақтану деңгейін негізге алатын болсақ, онда 2030 жылға қарай азық-түлік ресурсы тек 2,5 млрд адамға ғана жетеді.
Осыған байланысты әлемде аграрлық сектордағы ғылыми-техникалық прогреске ресурс көптеп жұмсалуда. Ауыл шаруашылығы роботтандыру, ақпараттандыру және селекция бағытында дамитын болады. Қазақстанда бұл сала стратегиялық болып саналады, өсім әлеуеті зор және келешекте отандық экономиканың басты драйверлерінің бірі бола алады.
Осы орайда Қазақстанда әдебиет, танымал өнер арқылы жастардың қоғамдық санасында жаңа позитивті образдар қалыптастыру маңызды.
Бүгінде студент жастарға айрықша назар аударған жөн. Тәуелсіздік жылдары
ішінде 2,8 млн жоғары білімді маман даярланды. Егер 1991 жылы жоғары білімі бар жастардың саны 42 мың адам болса, 2018 жылы 150 мыңнан астам адамды құрады. Халықтың білім деңгейінің жоғары болуы елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторы болып саналады.
Осыған байланысты біздің тарапымыздан жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру және студент жастардың өмір сүру жағдайын жақсарту жөнінде шаралар қабылданып жатыр. Мәселен, Бес әлеуметтік бастама аясында 2018–2019 оқу жылында қосымша 20 мың грант бөлінді. Бұдан бөлек, 2022 жылдың аяғына дейін 70 мың орыннан кем емес студенттік жатақхана құрылысын қамтамасыз ету қарастырылған.
Студенттер қауымы еріктілік пен қайырымдылықтың қуатты ресурсы болып саналады. Бұл жас адамдардың еңбек нарығында жедел бейімделуіне және олардың әрі қарай өз жолын табуына септігін тигізеді. Мысалы, халықаралық бағалау бойынша, әлемнің ең ірі үш жүз компаниясы қызметкерлерінің үштен бірі апта сайын жұмыс уақытының 1 сағатына жуығын волонтерлік қызметке жұмсайды.
Үкіметке волонтерлік қызметпен белсенді айналысатын ЖОО студенттерінің стипендиясын 30%-ке дейін көтеруді тапсырамын. Бұл біздің студенттеріміз үшін елеулі қолдау болады.
Үшінші. Қазіргі таңда өнерлі жастарды қолдау үшін белсенді жұмыс жүргізілуде. Қоғамда түрлі бағыттар бойынша креативті азаматтардың тұтас шоғыры қалыптасты.
Бүгінде талантты жастарымызға селективті көмек көрсету үшін деректер қорын, жастардың зияткерлік банкін құру қажет. Мұндай қадам бізге болашақтың нағыз
кристалдарын өсіруге мүмкіндік береді. Жас ғалымдарға белсенді қолдау көрсету де маңызды.
Уақыт біздің «Болашақ» бағдарламасын құрған кезде дұрыс шешім қабылдағанымызды көрсетті. Содан соң Назарбаев Университет пен Назарбаев зияткерлік мектептерін құрдық. Бүгінде 12 мың «Болашақ» түлегі ел игілігі үшін еңбек етуде. Жаңа кезеңде бұл бағдарлама ғылыми әлеуетті нығайтуға бағытталуы тиіс.
Жас ғалымдарымызға өз идеяларын нақты жобаларға айналдыруына көмектесуіміз керек. Бұл процеске Назарбаев Университетті де тарту керек. Осы мақсатта Үкіметке жас ғалымдардың фундаменталды және қолданбалы зерттеулерін гранттық қаржыландыруды 3 млрд теңгеге ұлғайтуды тапсырамын.
Қазіргі жағдайда ғылым мен білімді барлық тілек білдірушілерге қолжетімді ету маңызды. Ғалым-педагогтар оқушылар «4К-ны»: сындарлы ойлауды, коммуникацияны, коллаборацияны және креативтілікті дамытулары тиіс деп санайды.
Адами капиталға инвестиция салу мемлекеттің аса табысты бағыттарының бірі болып табылады. Жас тұрғындарының Сауаттылық индексінде Қазақстан 155 елдің ішінде 15-ші орын алады. Жастардың білім деңгейі бойынша еліміз Швейцария, АҚШ, Норвегия және Финляндияны басып озып, 9-шы орында тұр. Қазақстан «жаңа интеллектуалды держава» бола алады.
Еліміздің аса ілгерінді технологиялық және цифрлы болашаққа дайындалуда екенін ескере келгенде, бізге білім саласындағы жетекші үрдістерден қалып қоймау ерекше маңызды. Қазақстан баршаға табыс пен өсіп-өркендеуді қамтамасыз ететін өзінің жастарына қажетті білім мен машықтар беруі тиіс.
Бұған қашықтықтан оқыту кең жол ашады. Мәселен, АҚШ-та 20 млн ЖОО студенттерінің үштен бірі онлайн форматында оқытылады. Сондықтан елімізде қашықтықтан оқытуды қолдану ауқымын кеңейту қажет. Бүгін тұсауы кесілген Open University жобасы біздің жастарымызға осындай мүмкіндіктер береді. Үкіметке аталған жобаны еліміздің барлық ЖОО-лары мен колледждерінде, сондай-ақ жұмыс берушілер деңгейінде ілгерілетуге қолдау көрсетуді тапсырамын.
Бұған дейін айтқанымдай, алғашқы жұмысшы мамандығын алу да маңызды саналады. Сондықтан сапалы техникалық және кәсіби білім беру жүйесін дамыту шешуші басымдықтардың бірі болып қалуы тиіс. Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының желісі 128 бірлікке көбейіп, 821 колледжді құрап отыр. 2017 жылдан бері тегін кәсіби-техникалық білім беру бағдарламасы бойынша  155 мыңнан астам жас білім алуда. Аталған жұмысты жалғастыра беру қажет. Бұл — жаппай жұмыспен қамтуға апаратын төте жол.
Үкіметке «100/200» (екі жүзге жүз) қағидаты бойынша «Жас маман» бағдарламасын жасау қажет. 3 жыл ішінде жоба еліміздің барлық өңірінен шамамен 200 мың жас азаматты қамтитын болады. Оның аясында 200 жаңғыртылған оқу орындарының базасында аса сұранысқа ие 100 индустриялық және сервистік кәсіптер бойынша мамандар дайындау жүзеге асырылады.
Әр өңірде кем дегенде 1 жетекші ЖОО мен 10 колледж жаңартылған оқыту бағдарламасымен және ішінде шетелдік мамандар да бар оқытушылар құрамымен жаңаша жұмыс істейтін болады. Олардың қатарына конкурстық негізде еліміздің 20 ЖОО-сы мен 180 колледжі кіріп, олар үшін шамамен заманауи 400 құрал-жабдық жиынтығы сатып алынады.
Осы маңызды жұмысқа өңірдің барлық жүйе құраушы кәсіпорындары мен ірі бизнесінің қатысуларын ұсынамын. Осы білім беру мекемелерінің жанында сондай-ақ инновациялық жобаларға қолдау көрсететін стартап-орталықтар жұмыс істейтін болады. Нәтижесінде 3 жыл ішінде жаңа стандарттар бойынша 200 мыңнан астам маман дайындалып, 15 мыңнан астам оқытушы біліктілігін арттыратын болады.
Тұтастай алғанда, 3 жылда аталған бағдарламаларды жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 60 млрд теңге бөлінетін болады.
Бұл бастамалардың бәрі «Жастар — ел тірегі» атты біртұтас жалпымемлекеттік жоба ретінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жастарды жұмысқа орналастыруға бағытталған қазіргі бағдарламаларымен біріктіріледі.
Алдағы үш жыл ішінде осы жобаға бір миллионнан астам адамды тарту жоспарланып отыр.
Төртінші. Жастардың күш-жігерін жасампаздық пен өз мүмкіндігін жүзеге асыру арнасына бағыттаған маңызды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына қарай «Жасыл Ел» қозғалысының базасында «Жасыл қала — жасыл ауыл» жалпыұлттық жобасын іске қосу қажет.
20 жылда Астананың айналасында қолмен отырғызылған орман пайда болды. Бұл — 80 мың гектар жасыл екпелер, соның нәтижесінде қаланың іші барынша жайлы әрі экологиялық жағынан тазара түсті. Астананың үлгісі бойынша бүкіл өңірдегі елді мекендердің жасыл экожүйесін дамыту қажет.
Бүгінде бүкіл еліміз бойынша жүргізіліп жатқан ауқымды құрылыс жұмыстарына жастарымыз белсенді атсалысуы керек. Осы саладағы компаниялардың бәрі студенттік құрылыс отрядтары үшін арнайы квота бөлгені жөн.
Осыған байланысты рухани орталығымыз — Түркістан қаласын көркейту үшін зор мүмкіндіктер ашылып отыр. Үкімет облыс әкімімен бірлесіп, бұл мәселені өз бақылауына алуы тиіс.
Сондай-ақ былтыр өзім бастап берген «Жас сарбаз» қозғалысы негізінде әскери-патриоттық тәрбие беру ісін дамыту қажет. Үкіметке 2025 жылға дейінгі әскери-патриоттық тәрбие беру бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын. «Жас сарбаз» бастамасының үлгісімен еліміздегі волонтерларды, әсіресе, әлеуметтік жобалар саласындағы еріктілерді біріктіру қажет.
Қазір дүние жүзінде жастар туризмін дамытудың өзектілігі артып келеді. Бұл сала олардың өз еліне деген патриоттық сезімдерін қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады.
Әлемдік ішкі жалпы өнімдегі туризмнің үлесі — 10%. Жастар туризмі халқымыздың бірлігін сақтап, төл мәдениетімізді дамыту мәселелерін қамтиды. Сондай-ақ ішкі өңірлік байланыстарды нығайтуға, халықаралық серіктестікті кеңейтуге септігін тигізеді.
Қазақстанда экологиялық, спорттық-сауықтыру және экстремалды туризм орталықтары болуға лайықты жерлер көп.
Жастардың бойында әлеуметтік жауапкершілік пен қоршаған ортаны аялау сезімін қалыптастыру негізгі міндет саналады. Әсіресе, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдірудің, мейірімділік пен адамгершілік қасиеттерін дарытудың маңызы зор.
Кез келген адам жасы ұлғайған шағында жастар тарапынан жанашырлық пен қамқорлық күтетінін ұмытпаған жөн.
Еліміздегі жарты млн-ға жуық студент жастар үкіметтік емес ұйымдармен бірге мұқтаж жандарға елеулі көмек көрсете алады.
Алға қойылған міндеттерді ауқымдандыруда «Нұр Отан» партиясына ерекше міндет жүктеледі. Қолданыстағы жобаларды жүзеге асыруға бақылау орната отырып, партия жастар саясатының драйверіне айналуы тиіс.
Қазақстан халқы Ассамблеясынан да жұмысын жастар саясатына екпін түсіре отырып, қайта құру талап етіледі. Біздің басты формуламыз — халық бірлігі мен этносаралық келісім. Ассамблея егемен Қазақстанның құндылықтарын, ұрпақтар сабақтастығын, бірлік пен патриотизмді нығайту ісін ілгерілету бойынша нақты бағдарлама түзуі тиіс.
Біздің Отанымыз біреу, Тәуелсіздігіміз — біздің басты байлығымыз, оны әрбір азамат көзінің қарашығындай сақтауы тиіс.
Бесінші. Біздің жас отбасыларына, олардың денсаулығы мен әлеуметтік инклюзивтілігіне қолдау көрсету саласындағы көзқарасымызды айтарлықтай өзгерту маңызды. Жастарды жаңа әлеуметтік рөлдер мен отбасылық өмірдің ыстық-суығына дайындау қажет. Мұны орта мектептердің жоғары сыныптарынан бастаған жөн.
Ана институтының қолдауымен бірге әке институтын дамыту, жасөспірімдердің бойында өз отбасына деген жауапкершілік сезімін қалыптастыру маңызды. Отбасылық қарым-қатынастағы барлық мәлелелер бойынша қолжетімді психологиялық және консультативтік көмекпен қамтамасыз ету қажет.
Отбасылардың ажырасу мәселесі бізді ерекше алаңдатады. Ғалымдар, қоғам белсенділері, бұқаралық ақпарат құралдары бұған ерекше назар аударулары тиіс.
ҮЕҰ-ның қатысуымен ерекше сұранысы бар адамдарға бағдарланған қызметтер көрсету саласын кеңейту қажет.
Біздің әрқайсымыз өз тағдырымызды өзіміз жасаймыз. Өмірлік табысқа жету үшін, бірінші кезекте, отбасылық игіліктер мен кәсіби жетістіктердің кепілі болып табылатын зор денсаулыққа ие болу қажет.
Мемлекет азаматтардың денсаулығына тұрақты түрде қамқорлық көрсетіп келеді. Тәуелсіздік жылдарында заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған 219 жаңа аурухана, 1200 жаңа емхана салынды. Алайда, халықаралық зерттеулер көрсеткендей, денсаулықтың тек 10–15%-і ғана медицинаға байланысты. Сондықтан бойыңда ерік-жігерді ерте қалыптастырып, тән саулығын нығайту маңызды.
Тәні саудың — жаны сау екені баршаға аян. Республикалық жастар чемпионаттары мен студенттік универсиадалар өткізу дәстүрін қайта жаңғырту маңызды.
Барша жастарды өздерінің әлеуетін белсенді жүзеге асыруға, мүмкіндіктерін барынша пайдалануға, заманауи білім алып, күннен-күнге шыңдала түсуге шақырамын.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала дәл осы мақсатқа бағытталған.
Мен сендердің өз елдеріңмен мақтанғандарыңды, оның тарихын жақсы білгендеріңді және алға сеніммен қарағандарыңды қалаймын. Қазақстанның болашағы берік қолда екеніне және сендер оны әлемнің аса дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосатындарыңа сенімдімін.

www. akorda.kz

Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ «ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ» АТТЫ МАҚАЛАСЫ. 2018 ЖЫЛҒЫ 21 ҚАРАША

Ұлы даланың жеті қыры

Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады. Бұл – жай ғана әдемі афоризм емес.
Шын мәнінде, немістердің, италиялықтардың немесе үнді халықтарының жылнамасына көз жүгіртсек, олардың мыңдаған жылды қамтитын төл тарихындағы ұлы жетістіктерінің дені осы елдер қазір мекен етіп жатқан аумақтарға қатыстылығы жөнінде сұрақ туындайтыны орынды.  Әрине, ежелгі Рим деген қазіргі Италия емес, бірақ италиялықтар өздерінің тарихи тамырымен мақтана алады. Бұл – орынды мақтаныш. Сол сияқты, ежелгі готтар мен бүгінгі немістер де бір халық емес, бірақ олар да Германияның мол тарихи мұрасының бір бөлшегі. Полиэтникалық бай мәдениеті бар ежелгі Үндістан мен бүгінгі үнді халқын тарих толқынында үздіксіз дамып  келе жатқан бірегей өркениет ретінде қарастыруға болады.
Бұл – тарихқа деген дұрыс ұстаным. Сол арқылы түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туады.
Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз де жеткілікті.
Біріншіден, қосқан үлестері кейінірек сөз болатын протомемлекеттік бірлестіктердің дені қазіргі Қазақстан аумағында құрылып, қазақ ұлты этногенезінің негізгі элементтерін құрап отыр.
Екіншіден, біз айтқалы отырған зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше, көпшілігі осы кең-байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралды.
Үшіншіден, кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.
Тіпті, қазақтың кейбір ру-тайпаларының атаулары «қазақ» этнонимінен талай ғасыр бұрын белгілі болған. Осының өзі біздің ұлттық тарихымыздың көкжиегі бұған дейін айтылып жүрген кезеңнен тым әріде жатқанын айғақтайды. Еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ.
Сонымен бірге ұзақ уақыттан бері біздің жерімізде өмір сүріп келе жатқан көптеген этностарға ортақ Қазақстан тарихы туралы сөз болып отырғанын атап өткеніміз жөн. Бұл – түрлі этностардың көптеген көрнекті тұлғалары өз үлестерін қосқан бүкіл халқымызға ортақ тарих.
Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бірақ қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы және конъюнктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге болмайды. Ақ пен қара – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Бұлар өзара бірлескенде жеке адамдардың да, тұтас халықтардың да өміріне қайталанбас реңк береді. Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек.
Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз.
Сонымен, Ұлы даланың жеті қырына тоқталайық.

І. ҰЛТ ТАРИХЫНДАҒЫ КЕҢІСТІК ПЕН УАҚЫТ

Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес. Қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйымдар кезінде біздің өлкемізде ойлап табылған. Ұлы даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай техникалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған. Бұларды адамзат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұлан-ғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді.
1. Атқа міну мәдениеті
Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі.
Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының  тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді.
Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты.
Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды.
Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар, атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі.
Автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді. Бұл дәстүр – жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дәуірге деген құрметтің белгісі.
Біз әлемнің барлық түкпіріне ежелгі қазақ жерінен тараған осынау ұлы технологиялық революцияның жемісін адамзат баласы ХІХ ғасырға дейін пайдаланып келгенін ұмытпауға тиіспіз.
Қазіргі киім үлгісінің базалық компоненттері Дала өркениетінің ерте кезеңінен тамыр тартады. Атқа міну мәдениеті салт атты жауынгердің ықшам киім үлгісін дүниеге әкелді. Ат үстінде жүргенде ыңғайлы болуы үшін бабаларымыз алғаш рет киімді үстіңгі және астыңғы деп екіге бөлді. Осылайша кәдімгі шалбардың алғашқы нұсқасы пайда болды.
Бұл салт атты адамдардың ат құлағында ойнауына, ұрыс кезінде еркін қимылдауына мүмкіндік берді. Дала тұрғындары теріден, киізден, кендір мен жүннен, кенептен шалбар тікті. Содан бері мыңдаған жыл өтсе де, киімнің осы түрі өзгере қоймады. Қазба жұмыстары кезінде табылған көне шалбарлардың қазіргі шалбардан еш айырмасы жоқ.
Сонымен қатар бүгінгі етіктердің барлық түрі көшпенділер атқа мінгенде киген жұмсақ өкшелі саптама етіктің «мұрагерлері» екені белгілі.
Ат үстінде жүрген көшпенділер тақымына басқан сәйгүлігіне неғұрлым еркін мініп жүруі үшін биік ер-тұрман мен үзеңгіні ойлап тапты. Бұл жаңалық салт атты адамның ат үстінде қаққан қазықтай мығым отыруына, сонымен бірге шауып бара жатып, қолындағы қаруын еш қиындықсыз және неғұрлым тиімді қолдануына мүмкіндік берді.
Бабаларымыз шапқан аттың үстінен садақ тартуды барынша жетілдірді. Соған байланысты қарудың құрылымы да өзгеріп, күрделі, ыңғайлы әрі қуатты бола түсті. Масағына қауырсын тағылып, металмен ұшталған жебе берен сауытты тесіп өтетін көбебұзарға айналды.
Қазақстан аумағында өмір сүрген түркі тайпалары ойлап тапқан тағы бір технологиялық жаңалық – қылыш. Оның оқтай түзу немесе иілген жүзі – ерекше белгісі. Бұл қару ең маңызды әрі кең таралған соғыс құралына айналды.
Сарбаз бен оның мінген атын қорғауға арналған сауытты да алғаш рет біздің бабаларымыз жасаған. Еуразия көшпенділерінің айрықша маңызды әскери жаңалығына баланған мұздай темір құрсанған атты әскер осылайша пайда болды. Отты қару пайда болып, жаппай қолданысқа енгенге дейін атты әскердің дамуы біздің дәуірімізге дейінгі І мыңжылдық пен біздің дәуіріміздің І ғасыры арасында көшпенділердің ұзақ уақыт бойы бұрын-соңды болмаған жауынгерлік үстемдік орнатуын қамтамасыз еткен жасақтың ерекше түрі – айбарлы атты әскердің қалыптасуына ықпал етті.  

2. Ұлы даладағы ежелгі металлургия
Металл өндірудің амал-тәсілдерін табу тарихтың жаңа кезеңіне жол ашып, адамзат дамуының барысын түбегейлі өзгертті. Сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері – металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі. Ежелгі заманда-ақ Қазақстанның Орталық, Солтүстік және Шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастады.
Ата-бабаларымыз жаңа, неғұрлым берік металдар өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашты. Қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары бұл туралы тереңнен сыр шертеді. Осының бәрі ежелгі замандарда біздің жеріміздегі дала өркениеті технологиялық тұрғыдан қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетеді.
3. Аң стилі
Біздің ата-бабаларымыз қоршаған ортамен етене өмір сүріп, өздерін табиғаттың ажырамас бөлшегі санаған. Бұл басты тұрмыс қағидаты Ұлы даланы мекендеген халықтардың дүниетанымы мен құндылықтарын қалыптастырды. Өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті болды.
Олардың мұрасының жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі – «аң стилі» өнері. Жануарлар бейнесін тұрмыста пайдалану адам мен табиғаттың өзара байланысының символына баланып, көшпенділердің рухани бағдарын айқындап отырған.
Олар жыртқыштардың, негізінен мысық тұқымдас аңдардың суретін көбірек қолданған. Егемен Қазақстанның символдарының бірі – жергілікті жануарлар әлемінде сирек кездесетін тұрпаты текті қар барысы екені кездейсоқ емес.
Бұл ретте, аң стилі бабаларымыздың айрықша жоғары өндірістік тәжірибесі болғанын көрсетеді. Олар оюлап кескіндеуді, металмен жұмыс істеудің техникасын, соның ішінде, мыс пен қоладан балқымалар жасаудың және құймалар құюдың, жайма алтын дайындаудың күрделі әдістерін жақсы меңгерген.
Жалпы, «аң стилі» феномені әлемдік өнердегі биік белестердің бірі саналады.

4. Алтын адам
Біздің түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашып, әлемдік ғылым үшін сенсация саналған жаңалық – 1969 жылы Қазақстанның Есік қорғанынан табылған, өнертанушы ғалымдар арасында «қазақстандық Тутанхамон» деген атқа ие болған «Алтын адам».
Бұл жауынгер талай тылсым құпияның бетін ашты. Біздің бабаларымыз әлі күнге дейін өзінің асқан көркемдігімен тамсандыратын аса жоғары деңгейдегі көркем дүниелер жасаған. Жауынгердің алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. Сонымен бірге бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті.
Дала халқы өз көсемдерін осылайша ұлықтап, оның мәртебесін күн секілді құдірет деңгейіне көтеріп асқақтатқан. Қорымдағы сән-салтанатты жасау-жабдықтар ежелгі бабаларымыздың зияткерлік дәстүрлерінен де мол хабар береді. Жауынгердің жанынан табылған күміс кеселердің бірінде ойып жазылған таңбалар бар. Бұл – Орталық Азия аумағынан бұрын-соңды табылған жазу атаулының ішіндегі ең көнесі.

5. Түркі әлемінің бесігі
Қазақтардың және Еуразияның басқа да халықтарының тарихында Алтайдың алар орны ерекше. Осынау асқар таулар ғасырлар бойы Қазақстан жерінің тәжі ғана емес, күллі түркі әлемінің бесігі саналды. Дәл осы өңірде біздің дәуіріміздің І мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды.
Тарих пен география түркі мемлекеттері мен ұлы көшпенділер империялары сабақтастығының айрықша моделін қалыптастырды. Бұл мемлекеттер ұзақ уақыт бойы бірін-бірі алмастырып, орта ғасырдағы Қазақстанның экономикалық, саяси және мәдени өмірінде өзінің өшпес ізін қалдырды.
Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұлан-ғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты. Мәселен, орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр Әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқан.

6. Ұлы Жібек жолы
Еліміздің географиялық тұрғыдан ұтымды, яғни Еуразия құрлығының кіндігінде орналасуы ежелден әртүрлі мемлекеттер мен өркениеттер арасында транзиттік «дәліздердің» пайда болуына септігін тигізді. Біздің дәуірімізден бастап бұл құрлық жолдары Үлкен Еуразияның Шығысы мен Батысы, Солтүстігі мен Оңтүстігі арасындағы сауда және мәдениет саласындағы байланыстардың трансконтинентальды желісіне – Ұлы Жібек жолы жүйесіне айналды.
Бұл жол халықтар арасындағы жаһандық өзара тауар айналымы мен зияткерлік ынтымақтастықтың қалыптасып, дамуы үшін орнықты платформа болды.
Керуен жолдарын мінсіз ұйымдастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен Ұлы дала халқы ежелгі және орта ғасырлардағы аса маңызды сауда қатынасының басты дәнекері саналды. Дала белдеуі Қытай, Үнді, Парсы, Жерорта теңізі, Таяу Шығыс және славян өркениеттерін байланыстырды.
Алғаш пайда болған сәттен бастап, Ұлы Жібек жолы картасы, негізінен, Түрік империяларының аумағын қамтыды. Орталық Еуразияда түркілер үстемдік құрған кезеңде Ұлы Жібек жолы гүлдену шегіне жетіп, халықаралық ауқымда экономиканы өркендетуге және мәдениетті дамытуға септігін тигізді.

7. Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны
Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған. Қазақстан қазір де әлемдегі алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының отаны саналады. Дәл осы тұқым ең көп таралған жемісті әлемге тарту етті. Бәріміз білетін алма – біздегі алманың генетикалық бір түрі. Ол Қазақстан аумағындағы Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолының көне бағыты арқылы алғашқыда Жерорта  теңізіне, кейіннен бүкіл әлемге таралған. Осы танымал жемістің терең тарихының символы ретінде еліміздің оңтүстігіндегі ең әсем қалалардың бірі Алматы деп аталды.
Қазақстан аумағындағы Шу, Іле тауларының етегінен әлі күнге дейін жергілікті өсімдіктер әлемінің жауһары саналатын Регель қызғалдақтарын бастапқы күйінде кездестіруге болады. Бұл әсем өсімдіктер біздің жерімізде Тянь-Шань тауларының етегі мен шөлейт даланың түйісер тұсында пайда болған. Қазақ топырағындағы осынау қарапайым, сондай-ақ ерекше гүлдер өз әдемілігімен көптеген халықтың жүрегін жаулап, біртіндеп бүкіл әлемге тарады.
Бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар, олардың басым көпшілігі – біздің дала қызғалдағының «ұрпағы». Қазір Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі өседі.

ІІ. ТАРИХИ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУ
Көтерілген мәселелер жан-жақты  ой елегінен өткізіп, терең зерделеуді талап етеді. Сондай-ақ біздің дүниетанымымыздың, халқымыздың өткені мен бүгінінің және болашағының іргелі негіздеріне тікелей қатысты.
Бұл жұмысты бірнеше ірі жобалар арқылы бастауға болады деп ойлаймын.  
1. Архив – 2025
Тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өткенін зерттеуге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылды. Еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан «Мәдени мұра» бағдарламасы табысты іске асырылды. Бірақ, бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр.
Сондықтан ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауымыз қажет деп санаймын. 
Бұл жобаны жүзеге асыру барысында тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне баса мән беру керек.
Қай жағынан болсын, бұл маңызды жұмыс мемлекет есебінен атқарылатын «академиялық туризмге» айналмауға тиіс. Архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажет.
Өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуға тиіс. Сондықтан мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру маңызды. Ұлт тарихын санаға сіңіру барша қазақстандықтардың бойында өз бастауларына деген ортақтық сезімін қалыптастырады.

2. Ұлы даланың ұлы есімдері
Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады.
Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр.  
Ұлы дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді.
Сондықтан біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек.
Екіншіден, мақсатты мемлекеттік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет.
Сондай-ақ бұл жерде классикалық қалыптан тыс, баламалы жастар өнерінің креативті әлеуетін де пайдаланудың мәні зор. Осыған орай, бұл іске тек отандық қана емес, сонымен бірге, шетелдік шеберлер мен шығармашылық ұжымдарды да тартқан жөн.
Үшіншіден, еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып, «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет.
Бұл бағытта қазақстандық ғалымдармен қатар шетелдік мамандар да тартылатын халықаралық көпбейінді ұжым құруға болады. Нәтижесінде, біздің қаһармандарымыздың өмірі мен қызметі жөнінде тек еліміздегілер ғана емес, сондай-ақ шет елдегілер де білетін болады.

3. Түркі әлемінің генезисі
Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы». Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты.
Осыған байланысты, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу қажет. Бұл жоба аясында 2019 жылы Астанада Түркологтардың дүниежүзілік конгресін және әртүрлі елдер музейлерінің экспозицияларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатын Түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыру керек. Сондай-ақ, Википедияның үлгісінде Қазақстанның модераторлығымен Түркі халықтарына ортақ туындылардың бірыңғай онлайн кітапханасын ашу да маңызды. 
Сонымен қатар жаңа облыс орталығы ретінде Түркістанды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажет.
Қазақстанның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ, бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады.

4. Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі
«Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашуға толық мүмкіндігіміз бар. Оған озық өнер мен технология үлгілерін – аң стилінде жасалған бұйымдарды, «Алтын адамның» жарақтарын, жылқыны қолға үйрету, металлургияны дамыту, қару-жарақ, сауыт-сайман дайындау үдерісін көрсететін заттарды және басқа да жәдігерлерді жинақтауға болады. Онда Қазақстан жерінен табылған құнды археологиялық ескерткіштер мен археологиялық кешендердің экспозициялары қойылады. Бұл заттар тарихи дәуірлердің қандай да бір кезеңіндегі әртүрлі шаруашылық салаларының даму үдерісін көрсетеді.
Сонымен қатар «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құрып, соның негізінде Астанада және Қазақстанның өзге де өңірлерінде ежелгі сақтар, ғұндар, ұлы түркі қағандарының дәуірі және басқа да тақырыптар бойынша фестивальдар өткізуге болады. Бұған қызығушылық білдірген адамдарды тарта отырып, осы тақырыптар аясындағы жұмыстарды бір мезгілде жүргізуге болады.
Ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын – үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғалары мен тағы да басқа жерлерін ішінара қалпына келтіретін туристік жоба да қызықты болмақ.
Осының негізінде білімді дәріптеуге және туризмді дамытуға баса мән берілуі қажет.

5. Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы
Бұл жоба  аясында бізге «Дала фольклорының антологиясын» жасау керек. Мұнда Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – ертегілері, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостары жинақталады.
Сонымен қатар қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын – «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажет.
Ұлы Даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлық форматта «жаңа тыныс» алуға тиіс. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін көшпенділердің бай мұрасын жүйелеуге қабілетті ғана емес, сондай-ақ оның өзектілігін арттыра алатын отандық және шетелдік кәсіби мамандарды тарту маңызды.
Біздің мәдениетіміздің негізгі сюжеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіспіз.
Ауызша және музыкалық дәстүрді жаңғырту қазіргі заманғы аудиторияға жақын әрі түсінікті форматта болуы керек.
Атап айтқанда, көнерген сөздер мен мәтіндерді суреттерімен қоса беруге, айқын видеоматериалдар формасында ұсынуға болады. Музыкалық дыбыстар мен әуендер табиғи аспаптармен ғана емес, олардың заманауи электронды нұсқалары арқылы да шығарылады. 
Сонымен қатар фольклорлық дәстүрдің ортақ тарихи негіздерін іздеу үшін Қазақстанның түрлі өңірлері мен өзге елдерге бірнеше іздеу-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру қажет. 

6. Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі
Қазіргі замандағы халықтардың тарихи таным-түйсігінде кино өнері ерекше орын алады. Жалпы халықтың санасында фильмдердегі жарқын кинообраздар іргелі ғылыми монографиялардағы деректі портреттерден гөрі маңыздырақ рөл атқарады. 
Сондықтан тез арада Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керек.
Атанған жобалар кең халықаралық ынтымақтастық аясында отандық және шетелдік үздік сценаристерді, режиссерлерді, актерлерді, продюсерлерді және заманауи кино өндірісінің басқа да мамандарын тарту арқылы жүзеге асырылуға тиіс.  
Қызықты әрі мелодрамалық сарындармен қатар, көрермендер үшін танымал фэнтези және шытырман оқиғалы блокбастерлердің элементтерін қоса отырып, жаңа тарихи теле-кино туындылардың жанрларын барынша кеңейту қажет.
Осы мақсатпен Ұлы даланың бай мифологиялық және фольклорлық материалдарын пайдалануға болады. 
Ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарды аса қажет ететін өскелең ұрпақтың да талғамына ерекше назар аудару керек.
Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз – тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар.

ҚОРЫТЫНДЫ
Осыдан бір жарым жыл бұрын менің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалам жарыққа шықты.
Жоғарыда аталған жобаларды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қарастырамын.
«Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы.

www.akorda.kz