21 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында «Қазақстандықтар – Кеңес Одағының Батырлары» бейнеантологиясының төрт фильмінің көрсетілімі өтті.
Фильмдер циклын «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы шеңберінде «Нұр Отан» партиясы Еуразиялық Топпен (ERG) бірге, Қазақстан Республикасы кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары Орталық мемлекеттік мұрағатының қатысуымен жасап шығарды. Мақсаты – Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы қазақстандық қаһармандардың ерлігін мәңгі есте қалдыру, сондай-ақ, тарих беттерінде жазылып қалған бабаларымыздың батырлығы мен отандастарымыздың бүгінгі ұрпақтың бейбіт келешегі үшін қосқан өлшеусіз үлесін жас буынға үлгі етіп көрсету.
Шара барысында сөз алған «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы» ММ директорының орынбасары Жапсарбай Қуанышев ардагерлерге тағзым етті:
- «Нұр Отан» партиясы үлкен еңбек атқарды. Бұл біздің қоғамымыз үшін сыйлық. Құрметті ардагерлер, біз сіздерді мақтан тұтамыз. Сіздер біздер үшін, өскелең ұрпақ үшін ерлік пен қаһармандықтың үлгісі болып табыласыздар, - деді.
Бейнеантология ұзақтығы 8-10 минуттық қазақ және орыс тілдеріндегі қысқаметражды 70 деректі фильмнен тұрады. Дайындау барысында қазақ Кеңес Одағының Батырларының жеке істері сарапталып, тарихшылармен түпнұсқалығы тексерілді. Бүгінгі күнге дейін 611 Қазақстандық – Кеңес Одағының Батырлары жайлы ақпарат бекітілген.
Жобаны іске асыру үшін сценаристер, режиссерлар, тарихшы-кеңесшілер жұмысқа тартылды. Сондай-ақ, бейнеантологияда Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі қазақ орындаушыларының музыкалық шығармалары жұртшылыққа паш етілді. Сондай-ақ, бейнероликтер антологиясымен жұмыс істеу үшін «Нұр Отан» партиясы жинаған материалдар пайдаланылды: құжаттар, қаһармандардың хаттары, марапаттау қағаздары; кинохроникадан алынған кадрлар мен мұрағаттық суреттер; энциклопедиялар, тарихи әдебиет, мерзімді басылымдар және т.б.
Шараға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Екінші дүниежізілік соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің өкілдері, Елбасы кітапханасының қызметкерлері, ғылыми және шығармашыл зиялы қауым өкілдері, БПҰ өкілдері, «Жас Ұлан» Республикалық мектебінің курсанттары, Астана қаласы жастар ұйымдарының өкілдері мен студенттер қауысы қатысты.
Фильмнің көрсетілімінде әр ардагер ERG тарапынан дәрі-дәрмек сатып алатын сертификатқа ие болды.