ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТ – ЖАҢА ЖЕТІСТІКТЕР

2022 жылғы 1 қыркүйекте өткен Парламенттің екі палатасының бірлескен отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты кезекті және ағымдағы жылда екінші Жолдауын жариялады.

Қ. К.Тоқаевтың алдыңғы Жолдауы негізінен саяси реформаға арналды, онда саяси реформа «Күшті Президент – ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет» қағидаты бойынша жүзеге асырылатыны атап өтілген болатын.

Ал екінші Жолдауда Президент еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму проблемаларына ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы Қазақстанның мемлекеттік секторларын дамытудың өзекті мәселелерін атап өтіп, ағымдағы және кейінгі жылдарға арналған даму векторларын белгіледі. Кезекті Жолдауында Қ. К. Тоқаев макроэкономиканың дамуына тұрақтылық беру, экономиканы цифрландыру, адами капиталды дамыту сынды әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды жолдарын атап өтті.

Көрсетілген жолдарда келесідей нақты міндеттерді шешу қажет: баға белгілеуге мемлекеттің араласуын барынша азайту; монополистер үшін «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифтік саясат; экономиканы монополиясыздандыру, елдің транзиттік әлеуетін нығайту, салалардың бір бөлігін бәсекелес ортаға беру; салықтық бақылауды толық цифрландыру; жаңа Салық кодексін қабылдау; «бір терезе» қағидаты арқылы кеден жүйесінің ашықтығын енгізу; бюджет қаражатын ұтымды пайдалану, жаңа Бюджет кодексін қабылдау; шағын және орта бизнесті қаржылай қолдаудың автоматты жүйесін енгізу және т.б.

Айта кететін жайт, әлеуметтік-экономикалық мәселелерге ерекше назар аударылды. Мысалы, ең төменгі жалақы деңгейін 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін көтеру, бұл 1,8 миллион азаматтың табысын қамтиды; Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін біртіндеп ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал жоғарғы шегін 120 пайызына жеткізу қажет, бұл қадам 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақы мөлшерін орташа алғанда 27 пайызға көбейтеді; 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап «Ұлттық қор – балаларға» мемлекеттік жобасын іске қосу, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50%-ын балалардың, олар 18 жасқа толғанға дейін, мерзімінен бұрын алу құқығынсыз арнайы жинақтаушы шоттарына аудару, бұл өскелең ұрпаққа болашақта тұрғын үй сатып алуға және білім алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы экономиканың негізгі саласы ретінде Ауыл шаруашылығын дамыту қажеттігін атап өтті. Ол жерді ұтымды пайдалану және инвестиция тартудың қатаң есепке және бақылауға алыну қажеттігін көрсетті. Президент Қазақстан Республикасының Үкіметіне агроқұрылымдарды субсидиялаудың жаңа тәртібін әзірлеу, топырақ құнарлылығы мен су ресурстары бойынша цифрлық платформа құру, сондай-ақ ауылдарды дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеу жөнінде тапсырма берді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Денсаулық сақтау секторын дамытуға қатысты 2023 жылдан бастап ауыл халқының қажеттіліктеріне бағытталған ұлттық жобаны іске асыруды бастауды ұсынды. Екі жыл ішінде еліміздің бүгінгі күні медициналық мекемелер жоқ 650 ауылда фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер салынып, толық жарақтандырылатын болады.

Сондай-ақ, ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана халыққа мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін инсульт орталықтарын, хирургия, реанимация және оңалту бөлімшелерін аша отырып, ауданаралық көп бейінді ауруханаларға жаңғыртылатын болады. Бұдан басқа, еліміздің шалғай аудандарында тұратын халыққа қашықтан көмек көрсетуге (аурулар мен жарақаттарды диагностикалау, емдеу және алдын алу мақсатында) мүмкіндік беретін денсаулық сақтаудың телемедициналық секторы дамиды.

Қазақстан Президенті Қ. К. Тоқаев өз Жолдауында білім саласын да назардан тыс қалдырмады. Онда «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасының іске қосылғаны туралы жарияланды. 2025 жылға дейін заманауи талаптарға жауап беретін 800 мың оқушы орны құрылады. Бұл апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді. Бұл шара қалалар мен ауылдардағы білім беру инфрақұрылымының сапасы арасындағы айырмашылықты айтарлықтай жояды.

Жоғары білім саласында да маңызды өзгерістер орын алуда. Мөлшері 30-дан 100%-ға дейін сараланған білім беру гранттарын бөлу жоспарлануда, олар ҰБТ нәтижелері мен басқа да көрсеткіштерге байланысты болады. Сондай-ақ, жылдық 2–3%-бен оқуға жеңілдікпен кредит берілетін болады.

Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл проблеманы шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін белсенді енгізу ұсынылады. Сонымен қатар, жатақханалардың болуы жеке жоғары оқу орындарының мемлекеттік қаржыландыруға қол жеткізу критерийлерінің бірі болады. Студенттердің жекелеген әлеуметтік осал санаттары үшін тұру шығындарын субсидиялау мүмкіндігі пысықталуы тиіс.

Білім беру экожүйесін дамытудың негізгі буыны жоғары оқу орындары жанындағы эндаумент-қорлар болуға тиіс. Бұл термин коммерциялық емес мақсаттарда, негізінен білім беру, медицина, мәдениет және ғылым саласында жұмыс істейтін ұйымдарды қаржыландыруға арналған мақсатты капиталды білдіреді. Қорға берілген қаражат жұмсалмайды, бірақ кәсіби компанияның сенімгерлік басқаруына беріледі. Әлемнің жетекші университеттерінде мақсатты капиталдың мұндай қорлары ғылым мен инновацияны тұрақты қаржыландырудың негізі болып табылады.

Президент атап өткендей, білім беру саласындағы жоспарланған реформалар іс жүзінде еліміздің әрбір азаматы үшін тең мүмкіндіктер қағидатын іске асыруға мүмкіндік береді. Олар жоғары білімді қол жетімді етеді, сонымен қатар қоғамдағы серіктестік пен өзара жауапкершілік идеологиясын нығайтады. Бұдан басқа, сөзсіз басымдықтардың бірі – жастарды жан-жақты қолдау. Келесі жылы түрлі жұмыспен қамту шарасы аясында 100 мыңға жуық жасты жұмыспен қамту көзделіп отыр. Жастардың жеке кәсіппен айналысуын қолдау үшін жылдық 2,5%-бен жеңілдетілген шағын несие берудің жеке тетігі іске қосылады.

Президент жолдауы – бұл Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі векторын анықтайтын бағдарламалық құжат. Бүгінде еліміз ауқымды және кешенді реформалар жолына түсіп, жаңа Қазақстанды құрудың алғашқы қадамдарын жасауда.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арнаған өз сөзінде: «Біздің бүгінгі бастамаларымыз Қазақстанның болашағын айқындайды. Күн сайын біз ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасын таңдаймыз. Баршаңызды ұлт мүддесі үшін жиналуға шақырамын. Егер біз бәріміз бірлігімізді нығайта алсақ, егер біз ешқашан әділеттіліктен бас тартпасақ, біз өркендеген ел боламыз», – деп нақтылап берді.

Президент өз Жолдауында қазіргі әлемнің тез өзгеретін жағдайында жаңа Қазақстанның стратегиялық даму жолдарын белгілейді. Әділетті Қазақстанды құру енді ғана басталып жатыр. Алда түрлі сынақтар мен жеңісті күндер күтіп тұр. Бұл бағытымыз мызғымас бірлігіміздің ішкі және сыртқы сипатын айқындайтын нық қадамдар екенін көрсетеді.

Осы бастамаларды толық қолдай отырып, оларды іске асыру үшін бүкіл қоғамды біріктіру қажет екенін атап өткім келеді. Егер әрбір азамат күш-жігер жұмсаса, бізді гүлденген жарқын болашақ пен бақуаттылық күтіп тұрғанына сенімдімін.

 

Баспа және редакциялау

 қызметінің басшысы

Нұрасыл ТОҒЫЗБАЕВ